Basty bet
Отбасына қызмет – ел болашағына қызмет!
Жуалы ауданы әкімдігіне қарасты Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» аясында «Отбасына қызмет – ел болашағына қызмет» тақырыбында қоғамдық қабылдау өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – аудан тұрғындарының өтініші мен ұсыныстарын тыңдап, оларды толғандырған әлеуметтік және тұрмыстық мәселелердің шешу жолдарын қарастыру, сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер мен халық арасындағы байланысты нығайту болып табылады.
Қоғамдық қабылдауға аудандық прокуратура, полиция бөлімі, білім және денсаулық сақтау саласының өкілдері, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, «Мансап» орталығының мамандары, аудандық электр желілері, газ шаруашылығы және «Жуалы-Су» мекемесінің басшылары қатысып, азаматтарды жеке қабылдады.
Қабылдау барысында тұрғындар электр энергиясымен қамту, ауыз-су мәселесі, табиғи газ тарту, әлеуметтік көмек алу, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер, жұмыспен қамту және өзге де маңызды мәселелерге байланысты сауалдарын қойып, жауапты мамандардан жан-жақты түсіндірме алды. Сонымен қатар, кейбір мәселелер бойынша нақты ұсыныстар айтылып, тұрғындардың өтініші арнайы бақылауға алынды.
Кездесу барысында көтерілген әрбір мәселе мұқият назарға алынып, жауапты мекемелер тарапынан оларды шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетіні жеткізілді. Тұрғындар толғандырған сұрақтарына жауап алып қана қоймай, мемлекеттік орган өкілдерімен ашық пікір алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Ашық әрі еркін форматта өткен қоғамдық қабылдау халық пен мемлекеттік мекемелер арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты арттыруға, азаматтардың талап-тілегіне жедел ден қоюға және әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына ықпал еткені анық.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Отбасын қолдау орталығы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, отбасы институтын нығайтуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Орталық мамандары азаматтарға қажетті кеңес беріп, түрлі өмірлік жағдайларда қолдау көрсетуге әрдайым дайын екенін жеткізді.
Бүгінде отбасы құндылықтарын дәріптеу, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қолдау шараларының қолжетімділігін қамтамасыз ету мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Осыған орай тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдауға арналған мұндай кездесулердің маңызы зор.
Отбасы институтын қолдау мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған осындай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, халық пен билік арасындағы тиімді диалог алаңына айнала беретіні даусыз.
Жәмила Қалымбетова,
аудан әкімдігінің «Отбасын
қолдау орталығы»
мекемесінің директоры