Basty bet

Оқ пен оттың ортасынан аман оралған ардагер

Кеңес дәуірінің кереғар саясатының салдарынан тарихта қалған Ауған соғысының аяқталғанына биыл 15 ақпанда 35 жыл толады. 1979 жылы Кеңес әскерінің қатарындағы сарбаздар интернационалдық борышын өтеу үшін Ауғанстан жеріне аттанған болатын. Сол сәтте қазақ даласынан 22 мыңға жуық азамат Ауғанстанға барып, 900 сарбаз майдан даласында қаза тапса, 20-сы хабар ошарсыз кеткен. «Интернационалдық борышын өтеу керек» деген үкіметтің өкінішті ұранының арқасында енді ғана 18-ге толған бозбалалар Ауған жерінің топырағын басып, дәмін татты.

Қазіргі таңда Жуалы ауданында орта есеппен Ауған соғысының 50-ге жуық ардагері тұрады. Олар бүгінде өмірден өз орындарын тауып, өз алдарына отбасы құрып, жас ұрпақтың тәрбиесіне де белсене атсалысып жүр. Солардың бірі Нұрлыкент ауылының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Қанатбай Мұхамбетов. Ол 1964 жылы Қарақалпақстан Автономды Республикасының Бируни қаласында туған. Сол жерде орта мектепті аяқтап, 1982 жылдың қараша айында әскер қатарына шақырылады. Әскери борышын өтеу үшін Түркіменстанның Кушка қаласында екі ай дайындықтан өткен. Әрі қарай Ташкенттен Кабулға бірақ барады. Ол жерден «Баграмский дорого» батальонына түседі. Бұл батальон жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді екен. Ол жақта үш ай болып, қайтадан Кабулдағы 51884 әскери бөлімінің ішіндегі 180-ші мотоатқыштар полкінде әскери борышын өтеп келді .
– Шынымды айтсам, біз ол кезде ерлік жасадық деп ойлаған жоқпыз. 18 жастағы бозбалалар қырғын соғыстың ортасына түскенде не болғанын ұқпай да қалдық. Алғаш ауған жеріне табанымыз тигенде басқа әлемге түскендей күй кешкеніміз рас. Жат жердің табиғатына үйрену, соғыс жағдайына машықтану бізге оңай болған жоқ. Соғыста жүріп талай қиын кезеңдерді басымыздан өткіздік. Біз Баграм, Баглан, ескі Джелалабад жолдарын, Джелалабад, Пальмер қалалары мен ауылдық жерлерде тоғыз ай бойы операцияға қатыстық. Бұл операцияға бір ауғандық, бір советтік армияны қосып ауылдарды тексеруге жібереді. Ол жерде біз ауылдардың тұрғындары жасырған қару-жарақтарды жинап шығамыз. Өздеріңіз ойлаңыздар, осы операция кезінде иығымда 18 келі пулемет тағылған, оның оқтарының өзі 14 келі шығады. Оған қоса, ол пулеметтың үш аяғы бар. Операция кезінде мен ыңғайлы жерге пулеметымды қойып, жауды аңдып, өз армиямды қарауылдап тұрамын. Өйткені мұндай кезде жау қай тұсынан келіп атып кететінін білмейсің,- деп ауыр күрсінді ардагер Қанатбай Раханұлы.
Ардагер соғыстан аман-есен туған жерге оралып, еңбекке араласты. Ол 17 жыл өзінің туған жерінде кран жүргізушісі болып жұмыс істеді. Бақыт деген – осы емес пе?! Бірақ ардагер сол кездің жаңғырығы әлі де естіліп тұрады дейді. Өліммен қауышқан майдандас достарымыздың бейнесі әлі де көз алдымыздан кетпейді деп еске алды ол әңгіме арасында.
2005 жылы отбасымен Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылына қоныс аударады. Өмірлік жары Ұлан Көжекова ауылдық дәрігерлік амбулаторияда медбике болып жұмыс істейді. Екеуі екі ұл тәрбиелеп, оларды үйлендіріп, немерелерінің қызығын көруде. Ауған соғысының ардагері 2007 жылдан бері ІІ топ мүгедегі.
Ауған соғысы – жүректе жазылмайтын, тарихта орын алатын ерекше беттер, оқ пен оттың ортасынан оралған ардагерлер үшін Ауғанстан жазылмас жан жарасына айналды. Ауған соғысы он екіде бір гүлі ашылмаған боздақтардың қанымен жазылған тарих деп біледі кейінгі жас буын өкілдері. Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлердің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады. Сондықтан да жас буынға ауған ардагерлерінің өжеттігін үлгі ету, ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close