Basty bet

Әскери қызмет – ер-азамат үшін үлкен өмір мектебі

Әскер – өмір мектебі. Яғни, азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, Отанына, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебі. Осы мектеп майданында шыңдалып, жауапкершілікті сезініп жүрген азаматтар бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, отбасы мен мемлекеттің жанашырларына айналуда. Тіпті бүкіл өмірін осы әскери саламен байланыстырған ер-азаматтар қаншама?!

Әскери қызметшілер кез келген сәтте еліміздің ең шалғай деген нүктесіне жіберіліп, өз антына адал қызмет етуі керек. Аудандағы 91678 әскери бөлімі 51 жеке таулы-егерлі полкі жүк-арту көлік рота командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, аға сержант Талғат Батырбеков те Шымкент қаласынан Жуалы жеріне келіп қызметін жалғастырып жатқан маманның бірі.
Талғат Бауыржанұлы өзін сауатты, қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен және толық көлемде орындайтын еңбекқор қызметкер ретінде жақсы жағынан көрсетуде. Аға сержант ұжымның қоғамдық және спорттық өміріне белсене қатысады. Әріптестер оның еңбегі мен білімін жақсы бағалайды. Ол өзінің тәжірибесі мен алған білімімен жас сарбаздарға үлгі болуда.
Аға сержанттың қызметтегі еңбегі бағаланып, ол «Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылығының құрылғанына 20 жыл толуына орай мерекелік естелік төсбелгімен, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, ҚР Қорғаныс Министрлігі Қарулы Күштері кәсіпқой сержанттардың құрылғанына 25 жыл толуына орай мерекелік естелік белгісімен, «ҚР Қарулы Күштеріне-30 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
Бір айта кетерлігі, Талғаттың әкесі Бауыржан Айтымбетов еңбек жолын ішкі істер саласына арнаған ардагер. Отбасында әскери-патриоттық тәрбиеге баулыған ол әкесінің өмір жолын үлгі-өнеге санайды. Әке өсиетімен қанаттанған оның санасында «Алтындай басыңды қор қылма, ешкімнің ала жібін аттаушы болма, өліп бара жатсаң да шындықты айт, адамдармен амандасқанда, бетпе-бет сөйлескенде, көзіне тік қараушы бол, қолын алғанда, сенімді бол» деген сөздері жаңғырып тұрады. Сонымен қатар, ол қызметіңе жауапкершілікпен қарап, әлемдегі барлық жұмыстың маңызды екенін, біреудің лауазымы төмен болса да сөзбен тілдемеу қажеттігін естіп өскен.
-Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір азаматтың парызы. Шымыр да сымбатты болуға, әрі төзімділікке тек қана әскер шынықтырады. Әскери тәртіп пен жауынгерлік дайындық та күннен-күнге шыңдай түседі.
Жалпы сарбаздардың әскери өмірге бір күнде бейімделіп кетуі оңай емес екені белгілі. Жаңа аттанғалы тұрған жас сарбаздарды алда қандай тосынсый күтіп тұрғаны қызықтырады. Олар психологиялық тұрғыдан іштей дайындалатыны да анық. Бейімделу кезеңінде сарбаздармен психодиагностикалық, психологиялық ағарту жұмыстары және психологиялық коррекциялық жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметшілермен өздеріне деген сенімділіктерін арттыруға, ұжымды біріктіруге, жалғыздықтан шығу жолдарын көрсету мақсатында психологиялық тренингтер де өткізіліп тұрады.
Жаңа ортаға үйрену үшін біраз уақыт керек. Бұл уақыт адамның өзіне байланысты. Мамандар кейде мұны күйзеліс кезеңі деп те атайды. Тез тіл табыса білетін, бейімделуге қабілеті жоғары жандар ары кетсе 10-20 күннің ішінде жаңа ортаға сіңісіп үлгереді. Ал томаға-тұйық жандар үшін жаңа ортаға бейімделу бірнеше айға созылуы мүмкін. Егер адам жаңа ортаға сіңісе алмай жүрсе, психологтың кеңесіне жүгінген абзал. Осы секілді жас сарбаздар үшін де алғашында әскери ортаға бейімделу кезеңі жүреді, – дейді аға сержант Талғат Бауыржанұлы.
Аға сержанттың сөзінше, әскери өмір жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке, ата- ананың қадірін білуге, достыққа адалдықты, сабырлық пен шыдамдылыққа үйретеді. Сондықтан, ол жастардың әскери борыштан жалтармай, ер азамат ретінде үлкен өмір мектебінен өтуі керек деп есептейді. Десек те, қазіргі заманда көпшілік бұл пікірді қолдай бермейтінін де тілге тиек етті. Сондықтан, қоғамда тепсе темір үзетін жігіттердің дені Отанға адал қызмет етудің орнына әскерге бармаудың түрлі жолын қарастыратыны өкінішті. Олардың бұл қадамын көбіне ата-аналары құптап, балаларын әскерге жібермеуге барын салатыны да бар. Осы тұста, ойымызға бірден «Отанды қорғау отбасынан басталады» деген сөз оралады. Сол себепті де әр ата-ана ұлына Отан алдындағы қастерлі борышы екенін ұғындыра алса, онда әскерге барудан жастар жалтармас еді.
Сұхбат барысында аға сержант әскери өмір сарбазға біріншіден, Отанды қорғауға қажетті дағдыларды, ер мінезділікті, қарым-қатынас жасау және ұжымда жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыратынын жеткізді. «Әскердегі қызмет белгілі бір дәрежеде ересек өмірге жолдама береді» дейді ол. Екіншіден, жас азаматтың әскерге барғаны өзіне пайдалы. Себебі, олар болашақ өміріне қажетті шыдамдылыққа ие болады.
Әскери бөлімде мерзімді әскери қызметшілерді тек әскери іске ғана үйретіп қоймайды. Сонымен қоса, олар өздерінің ой-өрісін кеңейту және логикалық ойлауды үйрену үшін, жауынгерлік дайындық, дене дайындығы, мемлекеттік құқықтық дайындық және түрлі сабақтар бойынша білім алады. Яғни, олардың интеллектуалдық мүмкіндігін көтеруге жағдай жасалған. Бұл тұрғысынан аға сержант Талғат Бауыржанұлы жүк-арту көлік ротасының сарбаздарымен күнделікті сабақ кестесіне сай, мемлекеттік құқықтық, жауынгерлік, медициналық, техникалық, арнайы дайындық және оттық дайындығы, дене дайындығы өткізіліп, апталық сабақ кестесіне байланысты түрлі сабақтар жүргізілетінін атап өтті. Сонымен қатар, сарбаздар өздеріне бекітілген әскери техникалар мен қару-жарақтарына және жылқыларына күнделікті күтім жасайды.
– Он екі айда сарбазға жауынгердің бар айласын үйрету мүмкін емес. Жалпы түк үйренбейді дегенмен келіспеймін. Ол біріншіден, офицерлер мен сержанттарға және сарбаздардың өзіне байланысты. Егер де оның үйренуге ынтасы болса, ол бір аптаның ішінде де үйреніп алады. Мерзімді әскери қызметтің негізгі миссиясы бұл соғыс жағдайы болатын болса, елімізде арнайы оқытылған резервтің қоры болуы керек. Бір жылдық қызметтің ішінде мерзімді әскери қызметтің сарбазы білімін, жан-жақты білім көкжиегін кеңейтіп, сонымен бірге көптеген дағдыларға үйренетін болады. Бастысы, Отанға деген адал қызмет ету қажет екенін ұғынып, әскерде шыңдалады, – дейді әскери қызметкер.
Тәуелсіздіктің мықты тірегі, еліміздің ертеңі болған жас буынға патриоттық тәрбие беру – ең маңызды міндеттердің бірі саналады. Осы бағытта аудандағы 91678 әскери бөлімде сарбаздармен де тисті деңгейде жұмыстардың үйлестірілуі ертеңгі болашақ ұрпақтың өз еліне адал қызмет етуіне септігін тигізетіні белгілі. Әскери қызметкерлер де өздеріне жүктелген жауапкершілікті түсініп, сарбаздардың әскери мерзімдік қызметін абыроймен атқаруға күш салуда. Әрине, мұның барлығы Отанды қорғау, оған адал қызмет ету деген ұғымды жақсы түсінетін патриот жастарды тәрбиелеу үшін жасалуда.
Ал, аға сержант Талғат Бауыржанұлы сарбаздардың әскери мерзімді қызметтік борышын өтеуші сарбаздарға өзінің тәжірибесі мен білімін қолданып, олармен жүйелі жұмыс істеуде. Сондықтан да мұндағы сарбаздар әскери борышты өтеу, барлық азаматтар үшін міндетті екенін жақсы түсінеді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close