Basty bet

Атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек

Жұртшылыққа белгілі болғандай, қазіргі таңда ең өзекті мәселенің бірі АЭС-тің құрылысы болып тұр. Қыркүйек айының 2 жұлдызында жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 9 бағдар белгіленді. Соның төртінші бағдарында Президент: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет» деп айтты. Сондықтан біз қазіргі таңда атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек!

Себебі ел экономикасы күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы ғана қамтамасыз ете алады. Сол үшін қазіргі таңда біздің елімізге АЭС-ты салу қажеттігі туындауда. Бұл ел болашағының жарқын кепілі.

Кәсіби мамандар атом энергетикасы болашақта энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа талаптарына жауап беретінін айтуда. Өйткені ел экономикасының жоғары өсуі жаңа энергия көздерін қажет етіп отыр. Осыған байланысты жаңартылатын энергия көздері мен атом энергетикасы экологиялық таза және тиімді көздер ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, атом энергетикасы әсіресе әлемнің дамыған елдерінде танымал.

Көптеген жылдар бойы бұл мәселе тексерілген және мақұлданған қауіпсіздік шаралары бар. Олар ядролық реакторларда туындауы мүмкін кез келген мәселені шеше алады. Бұл шаралар халыққа немесе қоршаған ортаға зиянды әсер етпейді. Адамдарды радиация мен радиоактивті заттардың ауаға таралуы алаңдатады. Бірақ бұл заттар атом электр станциясының сыртында емес, ішінде ғана болады.

Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан алда өтетін жалпыұлттық референдумға барлығымыз қатысып, дұрыс таңдау жасауға тиіспіз!

Мұратқали Рахметов,

аудандық алқа билер кеңесінің төрағасы.

Ауданның Құрметті ардагері

Таңдаулы материалдар

Close