Basty bet
Басты мақсат – экологиялық тәрбиені насихаттау
«Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру – мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі.
«Жасыл ел» еңбек жасағы жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына атсалысып, студент жастарды еңбекпен қамтамасыз етуді көздейді. Сәйкесінше, жылына қаншама жастарды осы бағдарламаға тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендетуге септігін тигізеді. Басты мақсат – жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау болып табылады.
Осы мақсатта, өткен жылдың 30 наурыз және 30 сәуір аралығында Нұрлыкент, Шақпақ, Көкбастау, Боралдай, Қарасаз және Қошқарата ауылдық округтерінде «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 50 жас бір айлық қоғамдық жұмысқа тартылды. Олардың күшімен жалпы 6000-нан астам тал-дарақ отырғызылып, 65.5 тонна қоқыс шығарылды. Одан бөлек, 17 гектар жер қоқыстан тазартылды.
«Жасыл ел» еңбек жасағының құрамына аудан жастары тіркеліп, маусымдық жұмыстарды өз деңгейінде атқарды. «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес. Қаншама студенттер жазғы каникулдағы бос уақытын тиімді өткізе отырып, туған жеріне қызмет етуде.
Сонымен қатар, өткен жылдың 8 қараша және 7 желтоқсан аралығында Нұрлыкент, Шақпақ, Күреңбел, Ақсай, Қарасаз, Қошқарата және Жетітөбе ауылдық округтерінде «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 70 жас бір айлық қоғамдық жұмысқа тартылып, олар 160-тан астам тал- дарақ отырғызып, 64,5 тонна қоқыс шығаруға және 18 гектар жерді қоқыстан тазартуға атсалысты.
Қорытындылай келе, жалпы ауданда «Жасыл ел» еңбек жасағының күшімен жалпы 6160-тан астам тал-дарақ отырғызылып, 130 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, 35 гектар жер қоқыстан тазартылды.