Basty bet

Абыройы асқақ азамат, қадірі асқан қария

Жуалы ауданының қадірлі азаматы, тыл ардагері Жарас Мұратайұлының ғибратты ғұмыры жайында бірер сөз

Адам баласы өмір деген ұлы дүниенің көшінде өніп-өсіп, өрлеп, құлашын кеңге салып өрістейді. Ал әрбір адамзат баласының тұлғасын биіктететін де, аласартатын да, өмірін көркем етіп, ертеңін ер жанында сақтап, мәртебелі ететін де оның еңбегі, атқарған ісі, соңына қалдырған ұлағатты ізі жайлы естеліктері екені даусыз. Ұлы ойшыл Абай Құнанбаев: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық» деп ой толғайды. Қасиетті Әулиеата өңіріндегі Жуалы ауданының абыройы асқан қадірлі азаматы, тыл ардагері, абыз ақсақал Жарас Мұратайұлы – осынау қасиетті өңірдің Қошқарата ауылында дүниеге келіп, ұзақ та өнегелі өмір жолынан өтіп, бүгінде Жамбыл облысының құрметті ардагері, құрметті азаматына, өзінен кейінгілерге абзал аға, қасиетті азаматқа айналған қария.

Менің Жарас ағамен танысып, ағалық-інілік қарым-қатынаста тонның ішкі бауындай етене араласып келе жатқаныма 45 жылға жуық уақыт болды. Ол кісімен таныстығым 1982-ші жылдары болатын. Онда мен аудандық орталық ауруханада дәрігер-хирург болып қызмет атқаратынмын. Сол жылы ұмытпасам, жаз айларында болу керек, менің кезекшілігімде ауруханаға бас сүйегі жарылып, миына зақым келген бір жас азамат ауыр халде жеткізілді. Ауруханаға түскен азаматтың артынан ағайындары бірге ере келген. Жарас Мұратай маған ауруханаға ауыр халде түскен азаматтың ағасы екенін айтып, хал-жағдайын сұрады. Мен науқас жағдайының ауыр дәрежеде екенін түсіндіріп, жедел түрде ота жасау керектігін айттым. Ағайындары бірауыздан отаға келісімін берді. Ауыл халдегі науқас жігітке хирургия бөлімінде шұғыл ота жасалып, аман-есен үйіне шығарылды. Біздің ағалы-інілі әрі сыйлас-жолдастығымыз осылай басталып, күні бүгінгі күнге дейін үлкен ізеттілікпен жалғасуда…
Қазақтың басқа халықтан ерекшеленіп тұратын игі қасиетінің бірегейі – бауырмалдығы. Жеті атаға дейін бір-бірінен қыз алыспай, туған-туыстай көретін дана халқымыз жатқа да жанашырлық танытады. Қандай жағдайда да қарт-қасер мен мүсәпір жолаушыға көмек қолын созады. Қиын жағдайда қалған жандарға қолдан келгенше жәрдем етуді азаматтық борыш деп санайды. Осындай мол пейіл-ниетті Жаратқан Ием Жарас Мұратайдың бойына молынан дарытқан. Атамыз қазақта: «Жатырқау – жаттың ісі, жақындау – хақтың ісі, жақсы адам жатырқамайды» дейді. Қазақстан аумағындағы ағайындарды жинап, басын қосып, олардың аты-жөнін, жұмысы мен қызмет барысын бақылап-қадағалап отыру, үлкеніне інідей құрмет көрсету, кішісіне абыз ата, қамқор ағадай сый-құрмет көрсету – Жарас ағаның бойындағы жоғары адами қасиеті деп айтар едім. Қазақ азаматына тән осынау бірегей қадір-қасиеті Жарас ағаны өзгелерден ерекшелендіріп тұрады.
1992 жылдың күзінде қасиетті Жуалы жерінде Дулат бабаның үлкен ұлы Сиқым руының ұрпақтары бабаға ас беріп, Құран оқытылды. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, әруаққа бағышталған Құран-батаға елдің бірқатар өңірлерінен жақсы-жайсаң азаматтар қатынасып, ағайындар Сиқым бабадан тараған рулы елдің ынтымақ-бірлігін танытты. Иә, сол ас-жиында інісі ағаларымын танысты, рулы елден шыққан генералдар, академиктер, атқа мінген азаматтар мен ел басқарған әкімдер, қоғам және мемлекет қайраткерлері бір-бірінің еңбектеріне табыс, амандық-саулық тілеп ас-тойдан тарқасқаны әлі есте. Бұл тағылымды іс-шара соңымыздан желкілдеп өсіп-өркендеп келе жатқан жас ұрпаққа жарқын үлгі-өнеге болғаны даусыз.
Сонау 1700-1800 жылдардағы қазақ халқының басына қиын-қыстау жағдай, ауыртпалық түскен кезеңде қазақтың жерін тартып алуға, өздерін құлға айналдыруға бағытталған басқыншылар кезінде ел қорғап, қол бастаған Дулаттан тараған Сиқым елінің батыры Қарабатыр туралы тарихта мәліметтер жеткілікті. Менің айтайын дегенім, Қарабатырдан Шінет батыр, одан Рысбек батыр ата жолын қуып, қазақ туының астында батырлармен бірге Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте қол бастаған, есімі рулы елге жауынгерлік ұран болған ұлттық батырлардың бірі. Рысбек батыр қазақ халқының аса ардақты аталарының айтулы ұрпағы. Рысбек батырға Майкөт, Майлықожа сынды жыраулар өсиет, жоқтау арнаған. Майлықожа жырау «Рысбек өсиеті» атты жырында:
«Қатарда қара нар едің,
Алаштан озып бәйге алған.
Арғымақ аттай нар едім,
Көп халайық құлақ сал,
Осылай болды дәрменім.
Бес күн жалған дүниеден,
Өтпеймін деп жүр едім.
Сиқым деген еліме,
Дүрі гауһар нұр едім.
Ақындардың аузында,
Айтылып жүрген жыр едің» деп ұзақ толғау жыр арнағаны тарихтан белгілі.
Қазақ халқының Тәуелсіздігі үшін бар саналы өмірін арнаған батыр бабаның туғанына 250 жыл толуына орай Жарас Мұратайұлы бастаған батырдың ұрпақтары жиналып 1994 жылы қасиетті Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылында Рысбек батырға арнап ескерткіш орнатты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы «тоқырау жылдары» әр тарапқа тарыдай шашыраған бабаның қалың ұрпағын жинап, атқарған тағылымды іс-шара Жарас ағаның абыройын асырып Сиқым руынан тараған қалың ұрпақтың бейбіт өмірінің батырына, ақылшы ағасына, абыз ата-ақсақалына айналдырды десек, артық айтқандық емес.
1997 жылдары Ташкент қаласында Дулат бабаның ұлы Шымыр бабаға ескерткіш ашылды. Осы ескерткіштің ашылуына еліміздің барлық өңірінен баба ұрпақтары жиналды. Жуалы ауданының делегациясы да осы топтың құрамында болдық. Біз мінген автокөліктің терезесі қара пленкамен қапталған болатын. Соны сылтау еткен Шымкент облысының МАИ қызметкерлері бізді жол бойында тоқтатып, протокол жазып, машинаны автотұраққа қоюға нұсқау берді. Осындай қиын сәтте Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданында тұратын Сиқым бауырлар Жарас ағаның даусынан танып, бізді ұстап тұрған милиция қызметкерлерінен құжаттарды алып, өздері жеке автокөлікке тапсырыс берді. Сөйтіп олар бізді Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласына алып барып, Шымыр бабаның асына қатысып, сол жерден сыйлап шығарып салғаны әлі есімізден кетпейді… Бұл жақсылықтың Жарас ағаны Сиқым руының ішіндегі шоқтығы биік қасиетті азаматқа жасалған бауырларының ілтипаты, ағаға деген сый-құрметі, бауырмалдығы деп түсінген жөн. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген осы болар.
Қазақ – туыстық қатынасты ерекше бағалайтын халық. Туыстық қарым-қатынасты дәл қазақ сияқты сақтайтын халық әлемде кемде кем. Халқымыздың болмысын басқалардан ерекшелейтін бірден-бір қасиет дәл осы туыстық байланыс деуге әбден болады. «Ағайын тату болса, ат көп» деп ағайын-туыс арасындағы татулықтың берік сақталуын қоғам бірлігінің басты алғышарты деп санайтынымыз да ел тарихы мен күнделіктен өмірден белгілі.
«Ата-ананың қадірін балалы болсаң білерсің, ағайынның қадірін жалалы болсаң білерсің» деп, туыстық қатынастың басқа қиын іс түскенде танылатындығын да жақсы түсінген. «Мал қонысын іздейді, ер жігіт туысын іздейді» демекші, туыстық қатынасты қандай жағдайда да үзіп алмауға, оның алтын арқауын қайта жандандырып, жалғауға шақырған. Қазақ халқының жазда тойы, қыста соғымбасы сияқты қуаныштары таусылған ба?! Ақ дастарқанынан ас кетпеген, шаңырағынан қонақ үзілмейтін елміз. Осындай қуанышты тойларды Жарас Мұратайұлының мерейін үстем етіп, тойдың төрінен орын ұсынатын туыстары баршылық. Олар ішкі істер саласының генерал-майорлары, ел ағалары, бүгінде Шымкент қаласында тұратын Жеңісбай Сұлтанов және Молдияр (Қалдан) Оразалиев, қарулы күштердің генерал-лейтенанты, Қазақстанның Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, сонымен қатар, елге танымал қоғам қайраткерлері және ел сыйлаған азаматтар көптеп табылады.
Қасиетті өлке, Жұлдызы биік Жуалы жерінде көптеген атпал азаматтар ел басқару арқылы өңірдің дамуы мен елдің келешегі үшін аянбай еңбек еткені белгілі. Олар – Д.Жигалкин, С.Әміреқұлов, З.Елшібаев, А.Қойбақов, С.Қадыров, Қ.Асабаев, М.Әбдірахманов және Ш.Үлеков сынды қабырғалы басшылардың Жуалы елінде жасампаз есімдері алтын әріптермен жазылып қалғаны анық. Осындай тау тұлғалы азаматтардың ортасында ұзақ жылдар бірге етене араласа жүріп, ауданның қаржы бөлімін, салық басқармасын, «Отан» партиясының (қазіргі «АМАNАТ») аудандық филиалын, «Қазпошта» мекемесінің аудандық бөлімін, ауданның соғыс және еңбек ардагерлері кеңесін абыроймен басқарды. Ағаны іні ағаламаса парасаттылық деген ұғым қайда қалады?! Жуалы ауданын басқаруға келген азаматтар ең алдымен осы өңірдің қадірлі азаматы Жарас Мұратайұлына сәлем беріп, хал-жағдай сұрасып, одан кейін ғана алда тұрған түйткілді мәселелерді шешуге тырысып, ақылман ағадан ақыл-кеңес сұрағанын да көз көрген.
Аудандағы кез келген жиын Жарас Мұратайұлының қатысуынсыз өткен емес. Өңірде білікті кадрлар мәселесін шешуде де орынды таңдаулар болғанын баса айтуға тиіспіз. Ауданда жұмыс атқарған әкімдерден – Ермек Үсенбаев, Бағлан Қарашолақов, Батырбек Құлекеев, Бақтияр Көпбосынов және Айтқазы Қарабалаев Жарас Мұратайұлын өздерінің ақылшы ағасындай, әкесіндей сыйлап, төрден орын берді. Өмір шындығын саралай білу, тіршілікті дұрыс түсіну, көру, мәселенің шешімін табу үлкен адами қасиетті қажет етеді. Осындай кездерде ақылгөй қария Жарас Мұратайдың жақсы мен жаманды ажыратуы, арамдық пен адалдықты, өтірік күліп көлгірсуді адам өмірінің психологиясын білуде жоғары бағаланғаны даусыз.
«Шалқайғанға шалқай, ол құдайдың ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес» деген ұлағатты тағылым Жарас Мұратайұлы болмысының берік арқауы болғаны анық. Ел ардақтаған Жамбыл облысының әкімдері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері – Серік Үмбетов, Бөрібай Жексембин, Асқар Мырзахметов, Бердібек Сапарбаев Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келе қалса, ең алдымен Жарас ағаны шақыртып алып, орталарына қосып жергілікті халықтың хал-жағдайы мен тұрмыс-тіршілігін сұрап, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, өз ойларымен бөлісіп отыратын кездер менің әлі күнге көз алдымда. «Таза алтын қандай көмбеде болса да азаматқа әйтеуір бір көрінеді» деген сөз осындайда айтылса керек-ті…
Өмірден көргені көп, түйгені мол ақыл-кеңес айтудан шаршамаған Жарас Мұратайұлы биыл 88 жасқа толғалы отыр. Дана халқымыздың: «Азаматты күшімен емес, атқарған ісімен ел танысын» деген нақылында айтылғандай, еңбекпен есейіп, білім-білігімен биік белес, асқаралы асуларды бағындырған бірегей азаматтың ел дамуына сіңірген ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, мемлекеттің бірнеше медальға ие болғанын да жақсы білеміз. ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен 4 мәрте марапатталып, 2014 жылы Жуалы ауданында алғашқылардың бірі болып «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» жоғары атағына ие болды.
Жуалы елінен басқа аудан, қалаларға жолсапарға шыға қалсаңыз, былайғы азаматтар Жуалы жерінің тарихи тұлғаларына айналған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы, жазушы, ұлт жанашыры Шерхан Мұртаза сияқты халықтың қамын ойлап, ақырғы демі қалғанша қазаққа қызмет еткен азаматтардан кейінгі сұрайтындары, дәл осы Жарас ағамыз. Көзінің тірісінде кемеңгер ұлттың тұлғасына айналған Шерағаң ауданға келген сапарларында Жарас Мұратайұлын жанынан тастамайтын. Ұлыларға қонған бақ Жарас ағаның да бойына сіңген болуы керек. Сондықтан бұл ақылшы ағаға, ізетті ініге деген көзқараспен ұштасып жатқандай…
«Мен Жарас ағаның інісімін, өкіл баласымын, жолдасымын» деген азаматтар бергісі Жамбыл облысында, арғысы Алматы, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында көптеп табылады. Ағаның сондай бірегей інілерінің бірі, полиция қызметкері Молдияр (Қалдан) Оразалиев. 1990 жылдардың ішінде генерал-майор ҚР ішкі істер министрлігінде министрдің орынбасары болып жұмыс атқарды. Сол тұста менің үй жағдайыма байланысты мәселе туындап, осы генералға жолығуға тура келді. Айтылған әңгімеден кейін бір ауыз сөзге келмей, Астана қаласындағы ішкі істер министрлігіне жол тарттық. Қоршалған ғимараттың бақылаушысы арқылы генералға хабарластық. Генерал Қалекең Жамбыл облысынан Жарас ағасының келгенін естігеннен кейін көмекшісіне тапсырма беріп, автокөлігімізді тұраққа қойғызып, өзімізді кабинетіне алып барды. Генерал мырза амандық-саулықтан кейін хал-жағдай сұрап, ғимаратта дастарқан жайып, алдымен келген мәселені сұрап алды. Бір қуаныштысы, ол мәселені сөзге келмей бірден шешіп берді. Келесі күні қуанышымызда шек жоқ, ауданға қуанып қайтқанымыз бар. «Ағаның алды – ақ жайлау» деген осы болар. Жарас ағаның біздің отбасына жасаған жақсылықтары ешқашан естен шықпайды.
Жарас аға облыс, аудан көлемінде үлкен жиналыстарда сөйлей қалса, қашанда тереңнен сөз қозғайтын. Осыны байыппен тыңдаушыға түсіндіріп, көтерілген мәселенің келешегі мен кемелділігін жеткізуге мақсатты болушы еді. Сондықтан болған шығар, Жарас аға өзінің жиған-тергенін, өмірден көргенін, озық тәжірбиелерімен бізбен әлі де бөлісіп келеді. Сабақтастық үрдісі уақытында үзілмей, ағаның әрбір сөзі мен ақыл-кеңесінен әркез сыйластық пен жарастық пейіл анық сезіліп тұрады. Әрбір әрекетінде кемеңгерлікке, келешекке, жаңашылдыққа, жақсылыққа жаны құмар азаматтың ойы өз алдына ерекше байқалатыны бізді әркез қуантады.
Ескінің көзі дейсіз бе, ертеден қалыптасқан дағды дейсіз бе, әйтеуір жақсы адам болып, өмір сүруге құштар болудың, бір титтей болса да өз өлшемі бар, тіптен өмірінің мағыналық түсі болар. Қалай болғанда да қоғамды жақсы жағынан іздеушінің жолынан хабар береді. Жарас Мұратайұлы 2003 жылдан 2018 жылға дейін Жуалы ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы болып абыройлы жұмыс атқарды. Қазыналы қарттардың ортасында, шынын айтқанда, төрден әділ сөз айтудың төресі, әрі турашыл тұлға деңгейіне көтерілді. Жақсы қартая білудің жолын берік ұстанды. Әлбетте қоғамда көп айтылатын «Бетегеден биік, жусаннан аласа» қағидасының құнды әрі пайдалы жақтарын біркісідей жақсы біледі. Атам заманнан жалғасып келе жатқан тарихтан белгілі болғандай, адам ұлылығымен де тарихта қала береді. Қазіргі таңда Жарас аға Қошқарата ауылдық округіндегі «Шаңлақбасы» деп аталатын ескі атақоныста дүниеге келген ағайындардың ішіндегі ең жасы үлкені. Тамырын тереңге жіберген іргелі әулеттің басшысы, ардақты ақылшысы. Өз кіндігінен саналы ұрпақ тәрбиелеп, жан-жағына шұғыла шашып, шапағатын төккен шуақты шаңырақтың бас иесі. Қызметте жүргенде адалдық, тазалығымен және бірегей мінезі және асқақ азаматтылығымен танылған үлгілі қадір-қасиеттің иесі.
Жарас аға өзінің саналы ғұмырында әріптес, жора-жолдастарымен сыйласып та, сырласып та келе жатыр. Өмір жолында қолынан келіп тұрса да ешқашан байлық жинаған жоқ, есесіне адал дос, жақсы жора-жолдас жинады. Ар-ұяты мен бойындағы адалдық қасиеті оны басқа жолға түсуге ырық бермегені анық. Адамның тұлға болып қалыптасуындағы адалдық қасиеттің орны осылай жарқырап көрініп келеді. Еңбек жолында өзінің орнықты ісімен тиянақтылық, озық ойлылығымен, шындықтың бетке тура қарап, жоғарыға жалтақтамай, ой-пікірін ашық айта алатын турашылдығыменен ерекшелене білді. Елі сыйлап, зиялы адами қасиеті артқан абзал азамат, қадірлі абыз аға –Жарас Мұратайұлына денінің қуатты, өмірінің шуақты болып, талабына дәт, ісіне сәт тілегеніміз абзал деп білеміз!!!

Сейітхан ЖҰМАШЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
ҚР Денсаулық сақтау жүйесінің үздігі,
«Құрмет» орденінің және «Алтын дәрігер» медалінің иегері.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты.

Таңдаулы материалдар

Close