Basty bet

Бейбіт аспанның астындағы шуақты шаңырақ

облыстық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері аудандағы өзге ұлттың өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты

Қасиетті Әулиеата өңірінде ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасының жүзеге асырылып жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Аталған жобаның мақсаты – қоғамдық-саяси ахуалды мониторингілеу, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді анықтау және шешу болып табылады.

Иә, аталған жобаның тарихы терең, ертеңі бүгіннен де нұрлы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының ынтымағы берік ең бір шұрайлы өңірі саналатын Жамбыл облысында жүзеге асырылуынын да өзіндік терең мәні бар. Олай болатыны, бүгінде қасиетті Әулиеата өңірінде барлығы 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері тату-тәтті тірлік кешу үстінде. Өңірде барлығы 75 этномәдени бірлестік өзара достық пен келісімде жұмыс жасап, оның мүшелері адал еңбек ету арқылы еңсе тіктеп, ел дамуына да елеулі үлестерін қосу үстінде. Атап айтқанда, 34 этномәдени бірлестік қоғамдық аккредиттеуден өткен.
Облысымызда «Бейбітшілік пен келісім» жобасының жүзеге асырылып жатқанына біраз жылдың жүзі болғанын жоғарыдай айтқанымыздай, өңірдегі этносаралық жағдайды тұрақтандыру және одан әрі нығайту аясында бірқатар шаралар қабылданып отыр. Оның ішінде, ұлтаралық қақтығысты реттеу және оның алдын алу жөніндегі іс-қимыл алгоритмі, этникалық топтардың тығыз шоғырланған жерлерінде жұмысты ұйымдастыру бойынша кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Айта кету керек, этносаралық қатынастар саласындағы ахуалды бағалау мақсатында тұрақты түрде әлеуметтік зерттеулер мен кездесулер ұйымдастырылуда және әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізілу үстінде.
Елдің бірлігі мен ынтымағын ең асыл қасиетке баласақ, қасиетті Әулиеата өңірінде тұратын түрлі ұлттардың өкілдерін елдің берекесін арттыруға және ұлттар арасындағы достық пен бірлікке шақыру ісі де маңызды жұмыс саналады. Осыған орай апта ортасында «Бейбітшілік пен келісім» жобасының аясындағы игілікті іс-шараларды ұйымдастырып, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында Жуалы ауданына Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілдері келіп, үш ауылдық округте тұрғындармен кездесулер өткізді.
Жұмысшы топтың құрамында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшысы Мүбарак Жинақбаева, аталған мекеменің бөлім басшысы Аққу Қаратаева және Жуалы ауданындағы «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы, денсаулық сақтау саласының ардагері Эсмира Мамедова бар.
Жұмысшы топтың өкілдері ең алдымен өңірдегі әзірбайжан ұлтының өкілдері көптеп шоғырланған Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Осындағы №4 Балалар өнер мектебінің ғимаратында ұйымдастырылған кездесу жиынына негізінен ауыл тұрғындары шақырылды. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы сөз облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаеваға берілді. Мүбарак Қасымқызы өз сөзінде, жиналған қауымды облыс көлемінде «Бейбітшілік пен келісім» жобасының жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етіп, қоғамдық келісім мекемесінің атқарып жатқан жұмыстарына шағын шолу жасады.
-Ел бірлігі мен қоғамдық келісім және этностар арасындағы татулықтың жоғары деңгейде болуы маңызды мәселе. Өйткені, біз көп ұлтты мемлекетте тұрамыз. Біз қандай жетістікке жетсек те, оған ел бірлігінің және ұлттар арасындағы берік достықтың арқасында ғана қол жеткізудеміз. Мұндайда дана бабаларымыз: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп, халықтарды ынтымақ пен бірлікте, татулық пен достықта өмір сүруге шақырғаны белгілі.
Достық пен ынтымақ, татулық пен бірлік сынды құндылықтар бүгінде барша қазақстандық азамат үшін аса маңызды игіліктерге айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бейбітшілік пен қоғамдық келісім – баға жетпес байлығымыз. Біз осындай асқақ құндылықтардың арқасында ғана кез келген қиындықты жеңіп, дамудың даңғыл жолына түсе аламыз.
Шүкір деп айтуымыз керек. Бүгінде ұланғайыр жері бар көпұлтты Қазақстан Республикасы дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Жақында ғана ел өміріндегі аса маңызды саяси оқиғаға барлығымыз белсене қатысып, елдің жаңа Президентін сайладық. Ендігі кезекте ел дамуының жаңа парағы ашылып, жаңа кезеңге жаңа бағытпен, тың күшпен және жаңа идеялармен аяқ басуымыз қажет. Мұндайда бізге елдің бірлігі мен Қазақстанда тұратын барша этностардың арасындағы татулық пен бірлік, ынтымақ сияқты асыл қасиеттер ауадай қажет. Ынтымақты болғанда ғана біз көздеген мақсатымызға жете аламыз.
Құрметті ауыл тұрғындары. Сіздермен кездесудегі мақсатымыз – өңірдегі ахуалмен танысу, этностардың арасындағы хал-ахуалды, көңіл күйді бағамдау. Бұл есеп беру жиыны емес. Бұл кездесуде өздеріңізді толғандырған мәселелеріңіз бен этносаралық және қоғамдық келесімдерга байланысты ой-пікірлеріңізді ортаға салсаңыздар болады,- деді Мүбарак Қасымқызы.
Кездесу барысында тұрғындарға сөйлеп, пікір білдіруге көбірек мүмкіндік берілді. Онда Шақпақ ауылдық округіндегі билер кеңесі және жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Пернебек Бердімбетов, аталған ауылдық округтің тұрғындары негізінен татулық пен бірлікте тірлік кешіп жатқанын айта келе, Шақпақата ауылында тұратын әзірбайжан ұлты өкілдерінің жергілікті қазақ халқымен ағайын-туыстай етене жақын араласып, сыйласатынын баса айтып, әзірбайжан ұлты өкілдерінің негізінен еңбекке деген ынтасының өте жоғары екенін көпшілікке үлгі ретінде жеткізді.
Сондай-ақ, кездесуде сөйлеген ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Ұстаев та өз сөзінде, жергілікті тұрғындардың арасындағы сыйластықтың тым арыдан басталатынын, осы аймақты құтты қоныс етіп келе жатқан қазақ және әзірбайжан халқының арасындағы сыйластыққа ешқашан сызат түспейтініне зор сенім білдірді. Одан кейін әзірбайжан ұлтының өкілдері де сөз сөйледі. Хайрулла Алекпаров, Сейфаддин Алекпаров және ауыл мектебінде 40 жылдан бері шәкірттерге ұлағатты тәлім мен тәрбие беріп келе жатқан ұстаз Лалазар апай да жүрекжарды сөздерімен бөлісіп, жергілікті халықтың ынтымағы мен бірлігінің мызғымайтын күшке айналып отырғанын қуанышпен жеткізді.
Иә, қасиетті қазақ жерінде тағдыр табыстырған, тарих тамырластырған сан ұлттың өкілдері бірлік пен достықты ту етіп тірлік кешіп келе жатқанына да қаншама ғасырдың жүзі болды. Өткен күндер дерегіне үңілсек, Сталин билігі кезінде озбыр саясаттың әсерімен әзірбайжан ұлты өкілдерінің осында жер аударылғанына да бір ғасырға жуық уақыт өтті.
Ресми деректерге сүйенсек, Социалистік заманда Кеңес Одағын мекендеген халықтардың қай-қайсысы болсын сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргіннен аман қалған жоқ. Кеңес үкіметі жылдарында жекелеген партия, кеңес, комсомол қызметкерлері ғана емес, тұтас бір халықтар – сенімсіз де сатқын ұлттардың қатарына жатқызылып, тарихи атамекенінен күштеп жер аударылды. Міне, бүгінде Қазақстанда тұратын әзірбайжан ұлтының өкілдері де осындай солақай саясаттың әсерінен өз атамекендерінен осында жер аударуларына тура келді.
Аштықта жеген құйқаның дәмі әлі де таңдайдан кете қойған жоқ. Қазақ жерінде 1920-1930-шы жылдардың аяқ тұсына дейін жалғасқан күштеп ұжымдастыру мен қолдан ұйымдастырылған аштық, одан қала берді, ұлттың серкелеріне жарияланған саяси қуғын-сүргін жылдары осында келген әзірбайжандар жергілікті қазақ халқының мейірбандығын, кеңпейіл және аузындағысын қонағына беретін қонақжай қасиетін ұмытқан жоқ. Ұмытпауы да керек деп білеміз. Міне, бүгінде аталған екі ұлт өкілдерінің арасындағы қарым-қатынас пен сыйластық ұрпақтан ұрпаққа лайықты жалғасып келеді. Осынау жақсы үрдісті жалғастыру ісі келер жас ұрпаққа да аманат екені анық.
Облыста сәтті жүзеге асырылып жатқан «Бейбітшілік пен келісім» жобасының аясындағы іс-шараларды насихаттау және ұлттар мен этностар арасындағы келісімді нығайту мақсатын көздеген облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілдері келесі кезекте ауданға қарасты Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығы Көлбастау ауылында және ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында тұрғындармен кездесулер өткізді.
Кездесу жиындарында сөз алған спикерлер және ауыл тұрғындары, сонымен қатар, этномәдени орталықтардың мүшелері жергілікті жердегі ұлттар арасындағы татулық пен ынтымақ-бірліктің жайын сөз етті.
Атап айтқанда, Көлбастау ауылындағы кездесу барысында ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғынбеков округтегі ахуалдың тұрақты екенін айтса, жиынға қатысқан өзге де жекелеген тұрғындармен жеке қабылдау өткізіліп, олардың мәселелеріне баса назар аударылды.
Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында өткен кездесу еркін форматта өрбіп, онда сөз алған әрбір этностың өкілдері жүрекжарды ой-пікірлерін ортаға салды. Кездесу барысында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов, шешен, өзбек және славян этномәдени орталықтарының басшылары – Лечи Оздамиров, Зувайда Мажитова және Ирина Протасова сөз сөйлеп, ауыл халқының және бірлестік мүшелерінің тыныс-тіршілігімен қатар, олардың ел дамуы жолында атқарып жатқан игілікті тірліктерін де тілге тиек етті. Сондай-ақ, жиында өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Шәкіржан Мамаджанов және көпбалалы, алтын құрсақты батыр ана Феруза Сыддықова тақырыпқа байланысты ізгі тілектерімен қоса ұсыныстарын да жеткізді.
Одан бөлек, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның Жуалы аудандық бөлімшесінің басшысы Шора Ысқақов, аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған әкелер кеңесінің төрағасы Әбуғали Ералиев ұлттар арасындағы достық пен сыйластық туралы жиналған қауыммен ой бөлісті.
Қазақстан – ортақ Отанымыз, құтты шаңырағымыз. Осынау тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан барша халықтың тілегі – ел болашағының жарқын болуы, жас ұрпақ болашағының бұдан да кемел болып, көбеюі. Бұл үшін барша отандастарымыз ауызбірлікте болуы қажет. Ашық аспанның астындағы шуақты шаңырағымыздың түтіні сонда ғана түзу ұшпақ. Елдің іргесі бүтін болса, еңсеміз де биік болмақ. Ел бірлігін сақтау – негізгі міндетіміз!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close