Basty bet
Жер де бейіл, шаруа да риза
Ауданның күнгей бөлігінде орналасқан Ақтөбе ауылдық округінде шөп шабу науқаны толық қарқынмен жүріп жатыр. Қысқы жем-шөптің берік қорын дайындауға кіріскен шаруаларды бүгінде тек алқап басынан табасың. Әр шабындықтан шөп оратын және тайлайтын техникалар мен тайланған шөптерді жүк көліктеріне арту қамында жүрген қарақұрым адамдарды көресің.
Биыл табиғаттың Жер-анаға оң ыңғай танытып, көктем мезгілінің жауынды-шашынды болуынан мұндағы шабындық біткен көк балаусаға тұнып қалған. Жаңа орылған майсаның иісі аңқып, мұрынды қытықтайды.
Бәйтерек ауылының сыртында «Антоний» шаруа қожалығында орақ науқаны басталғалы бірнеше күннің жүзі болыпты. 10 гектарды алып жатқан алқапта эспарцет орылып, тайланып жатыр екен. Шөп тайлағыш агрегатты тіркемесіне алып, төңіректі еңбек әуеніне бөлеп жүрген «Беларусь» тракторының кабинасынан ақсары жүзді жігіт түсіп, бізге қарай жүрді. Өзін Антон Водянкомын деп таныстырып, шаруа жайын баяндай бастады.
2003 жылы құрылған «Антоний» шаруа қожалығын бастапқыда әкесі Алексей Павлович басқарған екен, кейіннен ұлы Антонға тапсырыпты.
– Қожалыққа тиесілі 80 гектар жеріміз бар, оның 25 гектары – шабындық, қалғанына арпа-бидай септік. Өнім жаман емес. Мына эспарцет алқабы гектарына орта есеппен 200-ге жуық түктен беріп жатыр. Былтырғы жылдары оның жартысын зорға жинап алатынбыз. Дән себетін, оратын бірсыпыра техникаларымыз бен тіркемелеріміз бар. Әзірге шөп оратын техниканы жалға алып жүрміз. Тайланған шөпті жинауға ауыл тұрғындары қолғабыс етуде, – дейді шаруа бетін жуған терді жеңімен сүртіп жатып.
«Антоний» шаруа қожалығы егін шаруашылығымен қатар мал өсірумен де шұғылданады. 40-50 басқа дейін бұқа бордақылдайды. Үй іргесінен мал тұратын жылы, жарық қоражай салып алған.
«Мал азығына неге осы шөпті таңдадыңыз?» деген сұраққа Антон былай деп жауап берді:
– Біздің қожалық эспарцет өсіруді қолға алғанына бірнеше жыл болды. Оны шабындыққа сіңірмес бұрын интернеттен іздеп, аймақтағы басқа шаруашылықтардың тәжірибесіне ден қойдық.
Эспарцет Еуропада шығыстың ешкі шөбі деп аталады. Зерттеуші ғалымдар онда қоректік заттар мен протеин мөлшері жоңышқа мен бедеден асып түсетінін, жеңіл сіңірілетінін дәлелдеген. Біз де оның ірі қара мал үшін тиімді болатына көз жеткіздік.
Антонның өзі қазақшаға судай ағып тұр. Ауыл тұрғындарымен көбінесе таза қазақ тілінде тілдеседі екен. Ол отбасында да қазақ тілінде сөйлесуге мән беретінін айтады. Біз оның мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүргенін көріп, риза болдық. Анасы Любовь Иосифовна ауыл мектебінде ұзақ жыл ұстаздық еткен.
Қожалықтың бұдан бөлек тағы 15 гектардай эспарцет алқабы бар. Қожалық басшысы «осы шабындықта шөп орылып болған соң, сонда кірісеміз. Өнім жақсы, тек биылдың ғана емес, бірнеше жылдың жемшөп қорын жасап алуға тырысудамыз» дейді.
Қазір ауылдағы қай шаруамен тілдессең де, биыл табиғаттың жерге бейілі түсіп тұрғанын, көктен жаудырып, жерден өндіріп, мол ризық болатынына сенімді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»