Basty bet
Бүлдіршіндердің жарқын мерекесі
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай Б.Момышұлы ауылындағы орталық саябақта «Әрқашан күн сөнбесін» атты мерекелік іс-шара өтті.
Алдын ала дайындыққа сәйкес, орталық саябақтың аумағында балалардың ойын-сауығына, ауыл тұрғындарының мерекелік концертті тамашалауына қолайлы жағдайлар қарастырылған. Саябақтың бір шетінде түрлі ойын алаңдары (батут, әткеншектер, т.б.) орналастырылса, ал орта тұста сурет салуға және кітап оқуға, жалпы балалар шығармашылығын дамытуға бағытталған алаңдар жұмыс жасауда.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова және әкімдікке қарасты бөлім басшылары қатысты.
«Бақытты басқадан іздеме, баладан ізде» – дейді дана халқымыз. Өміріміздің жалғасы, еліміздің ертеңі, көз қуанышымыз балалардың жарқын күлкісінің өзі әлемді нұрландырып жібереді. Бұл мерекелік кеште орталық алаң көз тартарлықтай етіп әсем безендірілген. Ал, мұнда жиналған қылығы тәтті бүлдіршіндер кештің шырайын одан әрі аша түскендей әсер қалдырды.
Сонымен бірге, №1 Балалар өнер мектебі және аудандық Жастар ресурстық орталығы мекемесінің мұрындық болуымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Бұл менің әлемім» асфальтқа және мальбертке сурет салу байқауы да өз деңгейінде өтті. Ал, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Балалық шақ» тақырыбында кітап көрмесін жабдықтап, «Ертегілер еліне саяхат» бағдарламасын ұйымдастырған. Саябақтың бір шетінде «Балалардың қызықты ойындары» тақырыбымен балаларға арналған спорттық ойындар өтіп жатты.
Іс-шара ортаға сайқымазақ және ертегі кейіпкерлерінің шығуымен басталды. Ертегі кейіпкерлері кішкентай бүлдіршіндерді флешмоб билетіп, кішкене сергітіп алды. Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова құттықтау сөз сөйледі. Анар Садыққызы өз сөзінде, ел өмірінде және мемлекет үшін аталған мерекенің маңызды екенін баса айтып, ел болашағы және үкілі үмітіміз болған бүлдіршіндер мен балауса балғындарға жарқын болашақ, жалпы жиналған көпшілікке жақсылық пен ізгілік тілейтінін жеткізді. Бүлдіршіндерге деген өзінің мерекелік лебізін білдірді.
Концертке аудан орталығындағы №1,5, «Аягүл», «Шапағат», «Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшалары және «Еркемай», «Әсем достар» жеке меншік балабақшаларының бүлдіршіндері қатысты.
!с-шара ары қарай аудандық «Topjargan» білім мен шығармашылық орталығы бүлдіршіндерінің дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Сондай-ақ, безендірілген саябақтың ішіне аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызмет көрсету құрылымдық бөлімшесінің ұйымдастыруымен аудандағы үйде арнаулы әлеуметтік құрылымдық бөлімшесінің қызмет көрсету есебінде тұратын мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық және мерекелік дастарқан жайылды. Мақсаты – балалардың көңіл-күйін көтеру, қоғаммен қарым-қатынас жасауға тарту.
Мүмкіндігі шектеулі балаларды аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы құттықтап, балаларға игі тілегін жеткізді.
Мерекелік жиында балалардың ата-аналары да сөз сөйлеп, балаларына дастарқан жайып, кішігірім концерттік бағдарлама ұйымдастырған бөлім қызметкерлеріне алғыс білдірді. Іс-шара соңында мүмкіндігі шектеулі балаларға сыйлық таратылды.
Шара барысында «Topjargan» білім мен шығармашылық орталығының би үйірме жетекшілері аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталды. Ал мерекеде белсенділік танытқан балабақшалар да Алғысхатпен марапатталып, мекеме басшыларына сыйлық табыс етілді. Одан бөлек, сурет салу байқауының жеңімпаздарына да бағалы сыйлықтар табысталды.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»