Basty bet

Көзі ашық азамат сайлаудан тыс қалмайды

Еліміздің басты құндылығы адам және оның өмірі, азаматтардың өзін қауіпсіз сезінуі десек, сайлаудың маңыздылығы тіпті арта түседі. Өйткені сайлау таңдау жасаудан бұрын, азаматтық құқықтық қатынасты жүзеге асыратын мүмкіндік.
Саясатқа араласу, партия құрып, көшеге шығу деген сөз емес. Дауыс беру арқылы да саясатқа араласуға болады. Міндетті түрде саяси сауатты болудың қажеті жоқ. Өзінің тұрмысын, өмір сүру сапасын, қоршаған ортаның қауіпсіздігін, отбасының болашағын ойлаған адам міндетті түрде сайлауға қатысып, дауыс береді және саясатты түсінеді.
Өкінішке қарай, азаматтар мен сайлаушылар арасында еліміздегі сайлау жүйесіне деген сенімсіздіктің қалыптасқаны рас. Осы жағдайды есепке ала отырып, жауапкершілікті сезініп, билік сайлауды таза, адал, әділ өткізуге тырысуы керек. Ел азаматтарының сенімін туғызғымыз келсе, алғашқы қадамды бастау керек. Өйткені қазіргі сенімсіздік келешекте Тәуелсіздігімізге, мемлекеттілігімізге үлкен зиян әкелуі мүмкін. Екінші мәселе, ең бірінші мұндай мәселені жастар айтуы керек. Адамдар өз құқығын қорғауға бет бұрған сайын мемлекет дами береді, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсарады.
Сайлауға ешкімді қинап апара алмайсың, ол – әр адамның таңдауы. Бірақ көзі ашық кез келген азамат сайлаудан тыс қалмайды деп ойлаймын. Қазір Президенттікке үміткерлер белгілі болды. Олардың ешбірі осал емес. Бәрінің де саясатта өзіндік орыны бар. Сондықтан осы сайлауда әрбір азаматтың таңдау жасауы маңызды. «Таңдау жоқ», «Менің даусым ештеңе шешпейді», «Мен дауыс бергім келген саясаткер тізімде жоқ» деген сенімсіз ойдың жетегінде кететін кезден өттік. Немқұрайдылыққа салынбай, сайлауға қатысып, дауыс беру керек. Азаматтық белсенділігімізді осындайда танытып, жастарға үлгі көрсетуіміз қажет. Аудан тұрғындары менің пікірімді қолдайды деген сенімдемін.

Еңсебек Абсалямов,
Билікөл ауылдық округі
ардагерлер кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close