Basty bet

Ғұламалардан тағылым алған жан

Сейітқазы қажы Медетбеков батагөйлердің облыстық байқауынан Бас жүлдемен оралды

Жақында Сейітқазы қажы Медетбеков облыстық «Ең үздік батагөй – 2023» деп аталатын батагөйлердің облыстық байқауының Бас жүлдесін иеленіп, қасиетті Жуалы ауданының мерейін өсіріп, абыройын тағы бір асқақтатты.
Мұның алдында Жамбыл облысы әкімдігі, облыстық «Ардагерлер кеңесі» және Билер кеңесі, Облыс әкімдігінің мәдениет және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» атты облыстық батагөйлер байқауының аудандық кезеңі өткізілген-ді. Онда «Ақ бата» аудандық батагөйлер байқауының Бас жүлдесін Билікөл ауылдық округінің атынан сынға түскен Сейітқазы қажы Медетбеков жеңіп алып, облыстық байқауға жолдама алған болатын.
Тараз қаласында өткен шараға қатысқан облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бата берудің терең тағылымына тоқталып, осындай тәлім-тәрбиеге толы шаралардың жалғасын табуына тілектестігін жеткізді.
Тағылымы мол байқауға облысқа қарасты аудандардан және Тараз қаласынан барлығы 11 үміткер қатысып, күнделікті тұрмыста айтылатын бата-тілектерді және салт-дәстүрге қатысты, сонымен қатар ел есіндегі белгілі тұлғалардың батасын жатқа айтудан үш кезең бойынша сынға түсті. Шараға жиналған жастар үлкендерді барынша ұйып тыңдап, ақсақалдардың баталарынан ғибрат ала білгені анық.
Игі шарада облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ақсақалдарды құттықтап, Алғысхаттармен марапаттады. Байқау қорытындысында бата беру байқауының Бас жүлдесі ауданда және облыс орталығында 40 жылға жуық дін саласында имамдық қызметті абыроймен атқарып келе жатқан азамат, батагөй Сейітқазы қажы Медетбековке берілді. Жеңімпазға 400 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Ендігі кезекте облыстық байқауда жеңімпаз атанған батагөй қария ел ордасы Астана қаласында өтетін республикалық аламанда қасиетті Әулиеата өңірінің атынан сынға түсетін болады.
Сейітқазы қажыны Жуалы жұртшылығына таныстырып жатудың өзі артық. Олай болатыны, дін ілімін терең игерген азамат 40 жылдан бері аудан және облыс көлемінде имамдық қызмет атқарып, асыл дінімізді жұртшылыққа кеңінен насихаттауда үлкен үлес қосып келеді. Халықтық салт пен сананы, дәстүрлерді, ұлы тұлғалардың ұлағатын бойына сіңіре білген асыл азаматты өңір жұртшылығы жазбай таныса керек. Одан бөлек, ол аудандық билер кеңесінің де жұмысына белсене араласып келеді.
Сейітқазы қажы Медетбеков жастайынан хакім Абайдың, ғұламалар – Шәкәрімнің, Қожа Ахмет Ясауидің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының және даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының шығармаларын оқып, даналықтан тағылым алумен келеді. Иә, халық тарихында есімдері тек алтын әріптермен жазылатын ғұламалар даналығы оның өмір жолына рухани азық болумен келеді. Ал өмірден көрген-білгенін, естігенін қоғамның қажетіне жарата білу де үлкен өнер. Сейітқазы қажы асыл дінімізді терең игерген және халықтың өткені мен бүгінін, салт-дәстүрін терең меңгерген білімді азамат.
-Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының: «Естілердің сөзін ести жүріп, өзің де бір күні естілерден боларсың» деген мағынада келетін даналық сөзі бар. Адамның бүкіл өмірі сабақ. Әрбір нәрседен тағылым мен өнеге алуға болады. Ғұламалардың сөздерін бойыма сіңіруім және халық тағылымынан лайықты сабақ ала білгенім менің өмірімді жақсы жағынан өзгертуіме, ортамның жақсы болуына молынан ықпал етті,- дейді батагөй қария, байқау жеңімпазы Сейітқазы қажы Әбдірұлы.
Ол отбасында асыл жар, ардақты әке. Жұбайы Балжан Жұмакерімқызы екеуі құрған шаңырақта Алланның берген алты перзентін тәрбиелеп өсіріп, олардан тоғыз немере сүйген қадірлі қария.
Ауданға белгілі ардақты азаматпен әр кездескен сайын ұрпақ тәрбиесі жайында ой бөлісетініміз бар. Сейітқазы қажы жас ұрпақтың өсіп-өнуі, олардың парасатты, білімді болуы ең бірінші ананың құрсағында жатқанда қалыптасатындығын айтады. Аузы дуалы, сөзі уәлі батагөй қариялардың қатары көп болсын тілек бар!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close