Basty bet
Ауыл тұрғындары түрлі мәселелермен қайырылды
Жұма күні аудандық мәдениет үйінде Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы және ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мен “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ” көшпелі кеңес беру алаңы ұйымдастырылды. Кеңес беру алаңына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдігінің Жамбыл облысы бойынша өкілі Берікбол Байқожаев, “Әділдік жолы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Нәзима Жұбандықова, сонымен бірге адвокат, нотариус, мемлекеттік және жеке сот орындаушылар, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы мен қоғамдық кеңес төрағасы қатысты.
Кеңес беру алаңын аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ашты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров шараның мақсатына қысқаша тоқталып өтті.
Кеңес беру алаңының мақсаты мен өту барысы туралы “Әділдік жолы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Нәзима Жұбандықова сұхбат берді.
-Біз бүгін облыстағы бесінші ауданға келіп отырмыз. Яғни, Жамбыл, Тұрар Рысқұлов, Байзақ, Меркі аудандарында өткен кеңес беру алаңына 170 азамат келіп, кеңес алып, мәселелері өз шешімін тапқан болатын.
Алаңға көбінде жастар “Ауылда қандай бизнеспен айналысуға болады?” деген сауалмен келді. Өйткені, ауылда мүмкіндігі барлар мал бордақылаумен айналысады, қалғаны кәсіп көзін таппайды.
Екінші кезекте – жұмыссыздық мәселесі. Себебі, дипломын алып, ауылына оралған жастар үшін ауылға жұмыс көзі көп емес, жастарға арналған түрлі бағдарламалар бойынша жұмыс істеп жүрген жастар тұрақты жұмысқа тұрғысы келеді, жұмысынан қол үзіп декреттік демалыста ұзақ отырып қалған жастар бар.
Үшінші кезекте ауруханада тар мамандықтар бойынша мамандардың жетіспеуі. Мәселен, баласы ауырып тұрған ата-ана балалар невропотологіне кіру үшін бір ай арта кезекте тұрады. Кезекті күтіп жүргенде баланың ауруы асқынып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан, адамдарды күткізіп қоймай, басқа жолдарын қарастыруы тиіс.
Одан кейін жер дауына қатысты мәселелермен қайырылып жатады. Біздің мақсат – тұрғындарға кеңес беру ғана емес, әрі қарай мәселесінің шешімін тапқанға дейін сүйемелдеу. Ол үшін қабылдауға келген азаматпен байланыс телефондарымызды алып, байланыста боламыз.
Бүгінгі алаңға адвокат, сот орындаушы және нотариус мамандары келіп отыр. Бұл мамандардың уақыты ақылы. Сондықтан біз қарапайым халыққа қолжетімді болсын деген мақсатпен түрлі сұрақтар бойынша қабылдауды өз тарапымыздан ұйымдастырып отырмыз.
Кеңес беру алаңы жайдан жай ұйымдастырылып отырған жоқ. Тараз қаласы мен 10 аудан бойынша қабылдау аяқталған соң, көтерілген сұрақтардың бағыты, олардың нәтижесі, тұрғындардың қанағаттандырылуы, қай салаға қандай реттеу қажет, барлығы талданып, облыс басшысы мен тиісті басқармаларға ұсыныс жасалады,- дейді Нәзима Дәрменқызы.
Ауданда өткен кеңес беру алаңына аудан орталығы мен ауылдық округтерден 40-қа жуық тұрғын жеке сұрақтармен және қоғамдық мәселелермен қайырылды. Тұрғындар мәселелерінің оң шешілуіне шараның септігі тиеді деген сенімдеміз.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»