Basty bet

Өнерлі азаматтар жүлделі болды

Қазақта ел бастаған көсем де, топ алдында сөз сөйлеген шешен де, қаламы жүйрік жазушы да, ойы асқақ данышпан ғалым да, кеудесін оққа тосқан батыр да, топтан озған спортшы, спортшыларды рухтандырып, жеңіске қайрайтын әншілер де бар. Ұлттық рухы биік, ән өнерінде өзіндік өрнегі бар, қасиетті Жуалы жерінен түлеп ұшқан атақты «Жарқын» дуэті тыңдармандардың жүрегін жаулап, елдің ыстық ықыласына бөленіп жүр.

2016 жылы құрылған “Жарқын” дуэтінің құрамында Бағдат Базарбекұлы мен Абылай Қалманұлы есімді өнерпаз азаматтар домбыра және баян аспаптарымен өнер көрсетеді. Қасиетті Жуалы жұртшылығы олардың аспаптардың сүйемелдеуімен жанды дауыста ән айту мәнерлеріне тәнті болып, жылы қабылдаған. Иықтарына қазақтың қара домбырасы мен баянын асынған қос азаматтар жер-жерде өнер көрсетіп жүр. Жақында Жуалының 95 жылдығына арнайы орындаған «Жуалы – жер жәннәтім» әнімен тыңдармандарының ерекше ықыласына бөленді.
Топтың аты өнердегі ұстазы марқұм Жарқын Нұрлыбаевың құрметіне қойылған екен. Өнерде өзіндік ойып алар орны бар Жарқын аға бірнеше шәкірттің қанатын қатайтып, өнер әлемінде самғап қалықтауына үлес қосқан өнер тұлғасы.
«Талант туады, өлмейді» демекші, ұстазының аты өшпесін деген мақсатта құрылған топ бірнеше ән байқауларының жүлдегері. Қалың жұртшылықтың есінде болса, ағымдағы жылы “Жамбыл” телеарнасының ұйымдастыруымен тоғыз айға созылған үш кезеңнен тұратын ауданаралық өнерпаздар байқауы өткен болатын. Бірінші кезеңде аспаптың сүйемелдеуімен «Анамның жанған ошағы» әнін орындаса, соңғы кезеңде «Әке-ана» әнін орындап, халықтың берген дауысының нәтижесінде 70 қатысушысы бар өнер бәйгесінен суырылып шығып, бас жүлдені қанжығаларына байлап қайтқан. Өз кезегінде ұйымдастырушы тарап өз қаражаты есебінен, қос өнерпазға кез келген бір әніне бейнеклип түсіріп беруді уәде етті. Ауданның намысын қорғап, суырылып шыққан өнерпаздардың қуанышында шек жоқ. Мәреге сүрінбей жетіп, ауданның беделін көтеріп, атағын аспандатқан жерлестерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ғұмыры ізгілікке толы жандардың өмірпарағына үңілсек?!.
Шераға айтқандай, «Таланттылар – раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашып, көңіл ашады». Иә, бойдағы қанда жүрген қасиетпен дарыған талантқа қанат бітіретін де – сенім. Ал сенімі нық таланттар талай бәйгеде топ жарып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген жайы бар.
Абылай Торы – қамал алар жаста. Киелі Қызылорда облысы Қазалы ауданы Басықара ауылының тумасы. №182 Басықара атындағы орта мектептен түлеп ұшқан соң арман қуып өнер саласына бет бұрады.
Өнер мен білімді қатар ұштастыру мақсатында ол Қызылорда облысы Қорқыт атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне музыкалық бөлім бойынша білім алады. 2005 жылы қасиетті Жуалы жеріне көшіп келеді. Қазіргі таңда №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда шәкірт тәрбиелеуде. Қосымша «Аягүл» балабақшасында музыка пәнінен сабақ береді. Негізгі ойнайтын аспабы – баян. Десе де, жігітке жеті өнер де аз демей ме? Абылайхан Қалманұлы сонымен бірге фортепиано мен гитараның құлағында ойнайды.
Айтпақшы, Абылай Торының бойындағы өнері әкесінен дарыған екен. Әкесі Қалман Торы түрлі аспапта ойнап, сол кездері білім ордаларында музыка пәнінен сабақ берген. Қазіргі таңда зейнеткер ұстаз. Бүгінде Абылай Қалманұлының бағындырған белесі де аз емес. Жастайынан «Әнші балапан», «Жас қанат» сынды ән байқауларынан жүлдесіз қайтпаған. Шәкірттері де жас ұстаздан тәлім алып, талай додада топ жаруда. Сөзімізге дәлел ретінде айтар болсақ, Музарт Life тобында өнер көрсетіп, халықтың жүрегінен орын таба білген жас өнерпаз – Нұрхат Сегізбай. Осылайша бала күнінен ән мен күйге жақын өскен бала арманы бүгінде дүйім жұрттың қошеметіне бөленіп жүр.
Абылай Қалманұлының сазгерлік өнері де бар. Дәулетжан Байдалиевтің сөзіне жазылған «Әке», Бекзат Жылқыайдаровтың сөзіне жазылған «Ана» әнін жазған. Бұл әндер бүгінгі таңда көпшіліктің көзайымына айналып, жұрттың сүйіп тыңдар әндерінің қатарында.
Ауданымыздың мәдени және рухани әлеуетін арттыруға үлес қосып, еңбек етіп жүрген келесі азамат – Бағдат Сувалиев. Біраз белесті бағындырып үлгерген жерлесіміз бүгінде М.Әуезов атындағы орта мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Бағдат Базарбекұлы ауданға қарасты Түктібай ауылының тумасы.
Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепті 2003 жылы тамамдап, білімін одан әрі шыңдау мақсатында Халықаралық қазақ-түрік университетіне түсіп, математика мен информатика мамандығын игеріп шығады.
-Жастайымнан музыкаға деген қызығушылығымды оятқан ұстазым – Жарқын Нұрлыбаев. Сол кісі менің өнерде жүруіме себепкер болған бірден-бір тұлға десем артық айтқандық емес,- дейді өнерлі азамат Бағдат.
«Жігітке жеті өнер де аз» демекші, кейіпкеріміз бүгінде негізгі мамандығы ұстаз болса да, домбыра және гитарада еркін ойнайды.
Бағдаттың айтуынша, шәкірттері аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегері де атанып үлгерген. Ақтөбе тірек мектебінің оқушыларынан құралған «Жарқын» ансамбіліне жетекшілік еткен.
-«Әр азаматтың туған жеріне адал әрі жауапкершілікпен қызмет етуі перзенттік парызы деп санаймын. Сондықтан, мен үшін туған жерге қызмет ету – үлкен мәртебе. Өйткені, бойдағы дарын, қабілет, тектілік сынды қасиеттер ананың сүті, әкенің қанымен және туған жердің топырағынан дариды емес пе?! – дейді Бағдат Базарбекұлы.
Иә, таланты мен тынбай еңбектенудің арқасында көптеген жетістіктерге жеткен қос өнерпаздың өнерін бүгінде аудан жұртшылығы жоғары бағалайды. Сондықтан, жаста болса, осы жолда өзіндік ізін қалыптастырып үлгерген қос азамат талай жастарға үлгі болары анық.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close