Basty bet

Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі

11-12 сәуір күндері Алматы қаласында Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен “Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі” тақырыбында өңірлік мерзімді басылымдардың ІІ республикалық форумы өтті. Ауқымды шараға еліміздің аймақтарынан ақпарат саласын дамытуға үлес қосып жүрген медиа мамандар келді.

Форумға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса мен Ермұрат Бәпи, ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейрлан Раханов, “Қазақ газеттері” ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет, тағы да басқа сала майталмандары қатысты.
Арайлы Алматының төрінде өткен форумда өңірлік басылымдарды дамытуға, өрісін кеңейтуге қатысты мәселелер жан-жақты талқыланып, шешу жолдары айтылды. Бес панельдік отырыста ұлттық журналистиканың ең көкейкесті мәселелеріне арналған шеберлік сыныптар болды.
Алаштың ардақты азаматы Міржақып Дулатовтың “Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты” деген сөзі қай қоғамда болсын өзінің маңыздылығын жоймайды. Баспасөздің мақсаты халықты ақпараттандыру ғана емес, баспасөз ағартушылық, танымдық қызметті атқарады.
Қай қоғамда болсын қазақ басылымдары қазақ руханиятын дамытуға үлес қосып, ұлттық мүддені қорғап келеді. Сондықтан форумда дәстүрлі баспасөзді заманауи әдіс-тәсілдер мен жаңа технологияларды енгізе отырып дамыту мәселелері айтылды.
Мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізуде БАҚ құралдарына жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті мемлекет құрудағы идеясын жүзеге асыруда журналистер қауымының да өз ісіне адалдығы, жауапкершілігі үлкен рөл атқарады. Қоғамның тазалығы, адалдығы, әділетті Қазақстан әрбір азаматтың жүрегі, жаны, еңбегі арқылы жүзеге асады.
Форумда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, “Айгөлек” республикалық балалар журналының Бас редакторы Қымбат Әбілда, тағы да басқа зиялы қауым өкілдері ақпарат айдынындағы, яғни мылтықсыз майдандағы қаламгерлердің еңбегі және Президент айтқандай, халықтың әсіресе, жас ұрпақтың оқу мәдениетін көтеруге қатысты ой пікірлерін де білдірді.
-Бүгінгі қоғамда газет те, гаджет те керек.
Қазақ оқу мәдениеті қалыптасқан ұлт болдық. Шопандарға дейін етігіне газет-журнал қыстырып жүріп оқыды. Басылым оқыған адамның дүниетанымы кең, ішкі қуаты, рухани әлемі бай болады. Президентіміз Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда оқитын ұлт қалыптастыру жөнінде тапсырма берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қазақ басылымдарын оқып, жарияланған мәселелерді назарда ұстайды. Басылымда жанкештілікпен еңбек етіп жүрген қаламгерлердің еңбегін жоғары бағалайды.
Газет – бизнес, кәсіп емес, газет – идеология, саясат. Сондықтан оның бүгінгі мәселелеріне бей-жай қарамай, қолдау көрсету керек. Мемлекетшіл ұстанымды ұстанған, ұлттық мүдденің қорғаны болған қазақ баспасөзі қолдауды тек мемлекет басшысынан, жергілікті басшылықтан ғана емес, халықтан да күтіп отыр. Сол себептен әр ата-ана балам сауатты болсын, білімді, танымы кең болсын десе, кішкентайынан жасына лайықты басылымдарды жаздырып беріп, оқуға баулуы керек. Адамның оқу мәдениеті кішкентайынан қалыптасады. Басылымның қадірін бала кезден оны оқыған адам ғана біледі. Мәселен, балаларға арналған басылымдардың қай-қайсысында болсын еш жерден таба алмайтын құнды, баланың танымын кеңейтетін материалдар табылады.
Францияда 17 жасқа дейінгі балаларға өзіне ұнайтын бір басылымды тегін жазып береді екен. Ал, біздің елде азық-түлік пакеті есебінде қаржылай береді. Баланы тек материалдық жағынан ғана емес, әрбір ата-ана, мұғалім рухани жағынан да дамуына көңіл бөлуі керек. Онсыз әрбір адамның тұлғалық дамуы, елдің дамуы қиын,- деді Нұртөре Жүсіп.
Форумда сараптамалық материал жазудың стилі, қате қолданыстағы сөздер мен тіркестер, журналистік зерттеу тәсілдері, мерзімді басылымдарды жетілдірудің жаңа тәсілдері талқыланды. Ашық пікірталаста мерзімді басылымдардың тыныс-тіршілігі туралы ойлар сарапқа салынды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close