Basty bet
Кәсіптің көзін тапқан азамат
Күн жылысымен-ақ құрылыс жұмыстарының қарқын алатыны белгілі. Тұрғындардың бірі жаңа үй көтерсе, енді бірі сарай, гараж басқа да нысан салуды қолға алады. Тіпті тұрғын үйді кеңейтіп, бөлмелер қосатындар да жоқ емес. Міне, осы уақытта көпшіліктің құрылыс материалдарына, оның ішінде қыш, кесекке деген сұранысы артады. Ал осындайда қыш өндіріп, кесек құюды кәсіп еткендердің жұмысы қызады.
Бүгінде үлкен көлемдегі құмды блок (пескоблок) сұранысқа ие. Өйткені аталған кірпішпен кез келген ғимараттарды жылдам тұрғызуға болатыны белгілі. Сондықтан да бүгінде құмды блок жасап шығаруды кәсіп көзіне айналдырушылар қатары күн өткен сайын артып келеді. Сондай жандардың арасында түкітібайлық Ержан Битақов та бар.
Бұл жұмысты үйлестіруші Ержан Алпысбайұлы аталған кәсіпті биылғы жылдың сәуір айынан бастап қолға алған.
Құрылыс салу ісі қарқын алған мына заманда құмды блокты таныстыру артықтау шығар. Дегенмен, алдымен құмды блок дегеніміз не, қысқаша тоқталып кетсек. Құмды блок – цемент, құм және карьер қиыршық тасын араластырып жасалынатын құрылыс материалы. Ол от пен суға төзімді, жарамдылық мерзімі – 60-70 жылға дейін. Бұған қоса ол жылуды бойында ұстайтын құрылыс материалы.
Ержан Алпысбайұлы үлкен көлемді құмды блок құятын арнайы қалып, цемент пен тас араластыратын станок және басқа да құрал-жабдықтарды өз қаражатына Алматы қаласынан сатып алған. Қазіргі таңда ауылдың үш азаматын жұмыспен қамтып отыр.
-Мен мектепті бітіргеннен кейін Алматы, Астана қалаларында жүріп құрылыста жұмыс істедім. Жұмыс істеп жүріп құрылыстың қыр-сырын үйрендім. Ауылда да құр жатпай, үш-төрт жігіт жиналып, құрылыс жұмыстарын істедік. Содан бір кәсіппен айналысу керектігін түсіндім. Қазіргі таңда қандай кәсіптің көзі тиімді екенін қарап, құмды блок құйып шығарамын деп шештім. Содан Алматы қаласына барып, құмды блок кірпішін шығаратын фирмада үш күн оқып, қажетті станокты өз қаражатыма сатып алдым.
Осылайша ауылда бос тұрған ғимаратты жалға алып, құмды блок шығаратын орынға айналдырдым. Ауылдың үш жігітімен өзім де қосылып, күн-түн демей құмды блок кірпішін құйдық. Алғашында кірпіш құйып жатырмыз, ертең өткізе алмай қалсақ, не болады деген қорқыныш болды. Алғаш шығарған кірпіштеріміздің ішінде сынып, бөлініп кеткендері болды. Бірақ сұраныстар жайлап түсе бастады. Басқа ауылдың тұрғындары естіп, қазіргі таңда сұранысымыз артып отыр, – дейді кәсіпкер.
Ол құмды блок кірпішін құюдан бөлек, өзінің үйінің ауласында темірбетондық сақина (железобетонная кольцо) құйып шығаруда.
Құмды блок кірпішін құйып шығару негізінде, маусымдық жұмыс. Сәуір айынан басталып, қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
Ержан Алпысбайұлы жанындағы көмекшілерімен бірге күніне 700-данадай кірпіш құйып шығарады. Жаңа құйылған кірпішті бір күндей күн түспейтін жерде сақтау керек. Кірпішке күніне екі рет су шашып отырады. Оған су шашқан сайын қатайып, тығыз болады.
Құмды блок кірпішіне керек қиыршық тасты үш күн сайын түсіреді.
Кәсіпкердің сөзіне сүйенер болсақ, 20 құмды блок кірпішін құю үшін 50 күрек қиыршық таспен 30 келі цемент кетеді. Бұл құрылыс заттарын алу үшін әрине қаражат керек. Оған қоса қасындағы жұмыспен қамтып отырған жігіттердің жалақысы бар. Олар таңертеңгі 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Бір аптада бір жұмысшы 60-65 мың теңге көлемінде жалақы алады.
Әрине әр жұмысты бастау үшін адамда сенім болу керек.
Ержан Битақов құмды блок дайындаудан бөлек, қыстыгүні мал бордақылаумен де айналысады. Ол бес-алты гектар жерге арпа, бидай егіп, бордақылайтын малдарына жем-шөп дайындайды.
Кәсіпкер жаңадан кәсібін бастайын деп отырған жастарға өз кеңесін де айтты.
– Қазіргі уақыт кәсіпкерлікпен айналысатын заман. Сол үшін жастарға айтарым, қандай кәсіп бастасаңдар да қорықпаңдар. «Тәуекел түбі жел қайық» дегендей, тәуекелге бел буған адам ешқашан ұтылмайды. Қазір қолқусырып отыратын заман емес. Қазіргі заман масылдықты көтермейді. Тірліктің көзін тауып, өз кәсібіңді кеңейтетін уақыт,- дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер болашақта құжаттарын жинап, кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына өткізіп, төмен пайызбен несие алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлауда.
Расында, көктем басталысымен құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Осындай уақытта қажетті құрылыс материалдары болмай қалса, ойлаған жұмысың бітпей қалады. Ал сапалы құрылыс материалдары дер кезінде дайын болса, күн суымай құрылысты бітіріп, ойдағы ісіңнің де орындалатыны сөзсіз.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»