Basty bet

Жуалының жайсаңы

Көрмесем де өзіңді танығанмын,
Кісілік тұлғаңа да қаныққанмын.
Жуалының жайсаңы – ел білетін
Ақ ұлпа ғой жүрегің, жаның алтын.

Сезіміңнің тұнығын мөлдіретіп,
Жүректерге құясың елжіретіп.
Жуалының жайсаңы – Мырзахан бұл,
Алматыға жіберген ел түлетіп.

Көп шаруа тындырдың елде жүріп,
Қызғанады оны тек пенде шірік.
Сен атқарған істердің иесі боп,
Талай пысық отыр-ау төрде күліп.

Орның дара әйтсе де өнердегі,
Мықтымын деп кеуде сен көтермедің.
Алматыға ертерек келген болсаң,
Талайды шаң қаптырып кетер ме едің.

Әндеріңнен от сезім алаулайды,
Ән шырқасаң, бойымда қан ойнайды.
Өлеңдерің көктемді шақырады,
Драмаң да сахнада алаулайды.

Прозада сенің де озған атың,
Қоғамның қасіретін қозғағансың.
Жазылатын әлі де кітабың көп,
Түспесін тек қолыңнан – жез қаламың.

Жуалының жайсаңы – мен білетін,
Өмірден өз орныңды еншіледің.
Амандығын еліңнің сен тіледің,
Ал бүгін тілеуіңді ел тілесін!

ЕСЕНӘЛІ ЕРӘЛІ,
Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, жазушы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close