Basty bet
Жастар қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет
Қоғам тыныштығы мен жас ұрпақтың қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет. Осы мақсатта құқықбұзушылықтың алдын алу, жастар арасында заңға құрметті қалыптастыру және түнгі уақытта орын алуы мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алу бағытында «Жастар ресурстық орталығы» мен аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің бірлесуімен түнгі рейдтік шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Аталған жұмыстар аясында ауданға қарасты ауылдық округтер толық қамтылып, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында 40-тан астам түнгі рейд өткізілді. Рейд барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, қоғамдық тәртіптің сақталуы және жастардың қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Түнгі рейдтердің басты мақсаты – тек заң шеңберінде жазалау емес, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, жастарды тәртіпке баулу және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Өйткені, тәртіп бар жерде тұрақтылық пен қауіпсіздік орнығады. Даңқты қолбасшы, Кеңес одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген нақыл сөзі де заң мен тәртіптің маңызын айқын көрсетеді.
Рейдтік шара барысында жастар мен ата-аналарға түнгі уақыттағы қауіп-қатерлер жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық орындардағы тәртіп, тазалық сақтау, заң талаптарын орындау және әлеуметтік желідегі қауіпсіздік мәселелері бойынша толық ақпарат берілді.
Құқықбұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әсіресе, жасөспірімдердің тәрбиесіне көңіл бөліп, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және зиянды әдеттердің алдын алу маңызды. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, дұрыс бағыт-бағдар алуына ықпал етеді.
Рейд барысында анықталған жекелеген құқықбұзушылықтар бойынша түсіндіру шаралары жүргізіліп, ата-аналарға ескертулер берілді. Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан мұндай жұмыстарға қолдау көрсетіліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңыздылығы атап өтілді.
«Жастар ресурстық орталығы» алдағы уақытта да аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып, жастар тәрбиесіне, қоғамдық тәртіптің сақталуына және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жалғастырады.
Тәртіпке бағыну – саналы қоғамның белгісі. Заңға құрметпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтау арқылы ғана қауіпсіз әрі болашағы жарқын қоғам қалыптастыра аламыз.
Нұркелді Ахметов,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің заңгер-маманы