Basty bet
Қызылша – аса қауіпті жұқпалы инфекция
Қызылша – адамзатқа ертеден белгілі, алайда бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпаған аса жұқпалы вирустық ауру. Қызылша эпидемиологиялық тұрғыдан бақылауды талап ететін инфекциялардың қатарына жатады.
Қызылша вирусы ауа-тамшы жолымен беріледі және сыртқы ортада өте тез таралады. Инфекцияның жұқпалылық индексі өте жоғары: бір науқас адам иммунитеті жоқ 15–20 адамға дейін жұқтыруы мүмкін. Аурудың жасырын кезеңі орта есеппен 7-21 күнге созылады, осы уақыт аралығында науқас клиникалық белгілерсіз-ақ инфекция таратуы мүмкін.
Клиникалық көрінісі
Қызылша жедел басталады. Алғашқы белгілері – дене қызуының 38–40°С-қа дейін көтерілуі, жалпы интоксикация, әлсіздік, бас ауруы, құрғақ жөтел, ринит, конъюнктивит. Ауыз қуысының шырышты қабатында Бельский–Филатов–Коплик дақтарының пайда болуы – қызылшаға тән патогномоникалық белгі. Аурудың 3–4-күні беттен басталып, денеге таралатын макуло-папулезді бөртпе шығады.
Асқынулары
Қызылша өздігінен емес, асқынуларымен қауіпті. Клиникалық тәжірибеде пневмония, құлақтың ортаңғы бөлігінің қабынуы, ларинготрахеит, диарея, сондай-ақ, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы – энцефалит кездеседі. Бұл асқынулар әсіресе ерте жастағы балаларда, жүкті әйелдерде және иммун тапшылығы бар адамдарда ауыр өтеді. Кейбір жағдайларда ауру өлімге әкелуі мүмкін.
Алдын алу шаралары
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді және дәлелденген әдісі – вакцинация. Қызылшаға қарсы тірі әлсіретілген вакцина ұзақ жылдар бойы қолданылып келеді және қауіпсіздігі мен тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы вакцинацияны толық алған балаларда аурудың даму қаупі барынша төмендейді.
Инфекционист ретінде атап өтетін маңызды жайт: қызылшаға қарсы вакцинадан бас тарту ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне алып келеді, бұл өз кезегінде індеттің таралуына жағдай жасайды.
Ересек тұрғындар туралы
Қызылша тек балалар ауруы деген түсінік қате. Соңғы жылдары ересектер арасында да қызылшаның ауыр түрлері тіркелуде. Егер адам бұрын қызылшамен ауырмаған немесе вакцинациясы толық болмаса, ол қауіп тобында деп есептеледі. Мұндай жағдайда медициналық ұйымға жүгініп, иммундық мәртебесін анықтау қажет.
Қорытынды
Қызылша – медицинада толық зерттелген, алдын алуға болатын инфекция. Алайда, оған салғырт қарау ауыр эпидемиологиялық салдарға әкелуі мүмкін. Вакцинация – жеке адамның ғана емес, қоғамның да денсаулығын қорғаудың негізгі құралы. Әрбір азаматтың саналы таңдауы арқылы ғана қызылшаның таралуын тоқтата аламыз!
Гүлназ Дүйсенбекова,
аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің инфекционист-дәрігері