Basty bet

Мал жайылымының мәселесі

Бұл барлық өңірлерде өзекті проблемаға айналуда

Иә, осыдан бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жайылымдық жерлердің мәселесіне арнайы тоқталып, Үкіметке қысқа мерзім ішінде «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасын дайындауды тапсырғаны белгілі. Жаңа заң шын мәнінде қарапайым ауыл халқының қордаланған мәселелерін шешіп бере ала ма?! Өкінішке орай, жайылым мәселесіне жауапты тиісті ведомство саналатын еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бұл бағыттағы жұмыстардың сапасыз әрі сылбыр атқарылуының салдарынан әлі күнге жайылым мәселесі «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып отырғанын айтуға тиіспіз. Бұл мәселелер әлі де өзектілігін жойған жоқ. Олай дейтініміз, қазір ел өңірлеріндегі ауылдық жерлерде мал жайылымдық жерлердің тапшылығы күн тәртібіндегі ең өзекті проблемалардың біріне айналып отырғаны жасырын емес.

Мал жаятын өрістің жыл сайын азайып, көбінің жекенің қолына өтіп кеткенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауға дейін де көтерген болатын. Соңғы рет былтыр жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев, әкімдердің ықпалды азаматтардың ығына жығылып жүргенін тілге тиек етіп: «Жайылымдар ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын»,- деген еді. Жолдауда жайылымдық жерді тиімді пайдаланудың маңыздылығына ерекше тоқталған Президент ауыл халқының мал жаятын жерге қолы жетпей жүргенін тағы өткір сынға алды. Тіпті «мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдардың иеленіп алғанын», ең сорақысы жайылымдық жерлерді «адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастағанын» да ашық айтты.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, еліміздегі жайылымдық жердің көлемі 180 миллион гектардан асады екен. Оның ішінде, 21 млн гектары елді мекендегі жайылымдар болса, 76 млн гектар жайылымдық айналымдағы шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығымен айналысатын өнеркәсіптерге берілген. Мәліметтерге қарағанда, еліміздегі жайылымдық жердің 80 миллион гектары ғана нақты пайдаланылып отырған көрінеді. Қалай десек те, бұл мәселе тездетіп бір шешімін табуы керек. Ауылдағы ағайынның қазіргі тілегі де осы. Өйткені, халқымыздың күнделікті өмір салты мен күнкөрісін төрт түліксіз көзімізге елестетудің өзі қиын. Әсіресе «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деп санайтын қазақ халқы үшін бұл өте маңызды мәселе.
Апта басында аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында өткен жиында да дәл осы мал жайылымы және ветеринария саласындағы өзекті проблемалар талқыға салынды. Сонымен қатар, аталған мәселелердің шешілу жолдары да қарастырылды. Жиынға жергілікті атқарушы орган басшылары мен ауылдық округтің әкімдері және шаруа қожалық басшылары шақырылды.
Сөзіміздің арасында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың: «Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын», деген тапсырмасы бар екенін айтқанымыздай, аудан әкімшілігіндегі тақырыптық жиынның өтуіне облыс прокуратурасы мен «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ-ның Жамбыл облыстық филиалы ұйытқы болды. Жиынға Жамбыл облысы прокурорының көмекшісі Еркебұлан Байжиенов те қатысып, айтылған мәселелер мен ұсыныс-пікірлерді жазып алып отырды.
Жиынды аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселелердің өзектілігіне тоқтала келіп, алғашқы сөзді аудан прокурорының орынбасары Қуанышбек Қартаңбайұлына берді. Ол өз сөзінде, ел аумағындағы жайылымдық жерлердің мәселесін тездетіп шешу және ауыл шаруашылығы секторының ветеринария саласындағы бірқатар өзекті проблемаларды жою жөніндегі Президенттің арнайы тапсырмасы бер екенін айтып, прокуратура органдары тарапынан бұл мәселенің шешілу жолдарының заңнамалық тұстарына да тоқталды.
Ал келесі кезекте сөз алған «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ-ның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дулат Сұлтанбеков аталған тақырыпты кеңінен қаузады десе де болатындай.
-Президенттің тапсырмасына сәйкес, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету міндеті алдымызда тұрғаны белгілі. Асыраушы саланың ең негізгісі саналатын ауыл шаруашылығы саласы бірнеше бағыттардан тұратынын бәріңіз жақсы білесіздер. Ал елімізде азық-түлік белдеуін қалыптастырудың ең негізгі бағыты, бұл – мал шаруашылығы болып табылады.
Мен осы тұста екі-үш мәселеге тоқталғым келіп отыр. Оның біріншісі – ветеринария саласы. «Медицина адамды емдесе, ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген бұрыннан келе жатқан қағида бар. Аталған салада шешілмей жатқан бірқатар мәселелер бар. Былтыр «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы дайындалып, аталған заң 2022 жылғы 2 наурызда күшіне енді. Заңның негізгі мақсаты жануарларға деген қарым-қатынасты құқықтық реттеу, оларға адамгершілік көзқарас таныту, жалпыға ортақ қабылданған этикалық құндылықтар аясында адамдар мен жануарлар арасындағы дұрыс қатынастың өлшемі болмақ. Бұл жерде қаңғыбас иттерді аулау, оларды жансыздандыру қағидалары т.б. мәселелер қарастырылған. Алайда бұл заң шын мәнінде күшіне ене қойған жоқ. Онымен қоса, облыс аумағында жануарларды уақытша ұстау орны да қарастырылмай отыр. Бұл 2021-2020 жылдың түйінді нысаналы индикаторында әр ауданда жануарларды уақытша ұстау орындарын салу деген мәселе бар. Бұл мәселе тиісті басқармамен биыл шешілсе, нұр үстіне нұр болмақ.
Ұмытпасам, 2012 жылы болу керек, сол тұста облысымыздың әкімі болған Қанат Бозымбаевтың ықпалымен өңірдегі ветеринария саласына тың серпін беріліп, облыс көлеміндегі барлық ауылдық округтегі ветеринар мамандарға қызметтік көліктер және жаңадан құрал-жабдықтар алып берілген болатын. Одан бері міне 10 жылдай уақыт өтті. Сол тұста алынған көліктер де, жабдықтар да қазір тозды деуге болады. Бұл менің айтайын деген ең басты мәселемнің бірі еді.
Сонымен қатар, ветеринария саласы мамандарының айлық жалақылары да көңіл көншітпейді. Олардың еңбекақысы тым аз. Олар сонда да қолдарынан келгенше тұрғындардың иелігіндегі төрт түлікке бар ынтасымен қарап, профилактикалық шараларды тиісті деңгейде атқарып жатыр деуге болады. Біз «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ-ның Жамбыл облыстық филиалының атынан жергілікті атқарушы органдардың басшыларына аудандардағы ветеринария саласының мамандарына материалдық қолдау жасау жұмыстарын атқаруға, оның ішінде, қызметтік көлікпен, күнделікті қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныс хаттарымызды жолдаудамыз. Мәселе оңынан шешіледі деген үмітіміз де жоқ емес. Осы мәселе және қызметкерлердің айлық жалақысын көтеру жөніндегі ұсыныстарымызды да дайындап жатырмыз. Бұл мәселені атқарушы орган болсын, қадағалаушы органдар болсын, үкіметтік емес ұйымдар болсын, қолдайды деп сенемін,- деді Дулат Сұлтанбеков.
Келесі кезекте Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасына қарасты аудандық ветеринария станциясының басшысы Ғабитбек Кебеев салада атқарылып жатқан жұмыстар мен іс-шараларға тоқталып, олардың орындалу барысымен қатар, шын мәнінде осыдан 10 жыл уақыт бұрын қызметкерлерге берілген қызметтік көліктер мен арнайы құрал-жабдықтардың шын мәнінде тоза бастағанын айтты. Оның айтуынша, ауданға қарасты 14 ауылдық округтің 11-інде ветеринариялық пункттердің салынғанын, қосымша қалған үш округке салу мәселесін, сонымен қатар, аудандағы ветеринариялық ахуал туралы сөз қозғай келе, маңызды мәселе ретінде салада мамандардың тапшылығы байқалып отырғанын, қызметкерлердің жалақысының тым аз екенін тілге тиек етіп, аталған саладағы заңнамаларды оңтайландыру қажеттігін де атап өтті.
Жиын барысында қаралған ветеринария саласының мәселесінен кейін мал жайылымы мәселесі талқыға салынған тұста да «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ-ның Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дулат Сұлтанбеков әңгімеге араласып, өз ойын білдірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміздің Экология министрлігі тарапынан мемлекеттік орман қорындағы жерлерге тұрғындардың мал жаюына рұқсат етілмей отырғанын айтып, аталған мәселемен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің қабылдауында болғанын жеткізді.
Д.Сұлтанбековтың пайымдауынша, біздің облысымызға бір миллион гектарға жуық жайылымдық жер керек екен.
Осы ретте біздің де айтайын дегеніміз, бұдан біраз жылдар бұрын белгілі және белгісіз себептермен жеке қолға өтіп кеткен жайылымдық жерлерді қайтадан мемлекет меншігіне қайтарып алу жұмыстарының маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Әсіресе, Жамбыл облысы аграрлы өңір болғандықтан, оның ішінде, негізінен мал бағумен және егін егумен күн көріп, табыс тауып отырған жуалылық ағайын үшін де жайылымдық жердің мәселесі өткір тұр. Облысқа қарасты Мойынқұм ауданының аумағында Жуалы ауданына тиесілі бірнеше мың гектар мал жайылымдық жер бар. Алайда, жердің шалғайлығына байланысты жуалылық шаруалар онда бармайтындықтан, қазіргі таңда Мойынқұм өңіріндегі жайлаудың қызығын Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарының шаруалары көруде.
Бұл мәселе жөнінде жиынға қатысқан «Боранды» шаруа қожалығының басшысы Айбек Елекбаев та өз ойын білдіріп, егер ол жақтағы жайылымның белгілі бір бөлігін босатып беретін болса, кең жайлауға бір отар қойын апарып бағуға ниетті екенін жеткізді. Шаруаның айтуынша, Мойынқұм өңіріндегі жайылымға біздің ауданнан бірнеше шаруа көшіп баруға құлшыныс танытып отырған көрінеді. Сонда ауданда мал жайылымы мәселесі ішінара болса да шешімін табар еді дегенді алға тартады шаруа азаматтар.
Бұл мәселеге жауап берген аудан прокурорының орынбасары Қуанышбек Қартаңбайұлы, аудан шаруаларына мемлекеттік орман қорын тиімді пайдалану үшін тиісті облыстық басқарма мен жауапты мекемелерге сұраныс хат жазу қажет екенін айтып, аталған мәселе бойынша прокуратура органы соның негізінде зерделеу жасауға болатынын жеткізді.
Жиында қаралған маңызды мәселелер туралы аудан әкімінің міндетін атқарушы Асхат Жабағы, бірқатар ауылдық окургтің әкімдері өз ұсыныстарын білдірді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close