Basty bet

Мұғалім мәртебесін заң емес, мұғалімнің өзі көтереді

№15 Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектеп-лицейінде “Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің “Білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитеті” филиалының І пленумы өтті. Пленум жұмысына кәсіподақтың облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев қатысты.

“Білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитеті” филиалының төрағасы Мәжит Айжанов төрағалық еткен жиында 2023 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, орын алған проблемалар талқыланып, алдағы жоспарлар нақтыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Мәжит Мамытұлы баяндама жасады.
-Кәсіподақтың аудандық ұйымында 2024 жылдың 1 қаңтарында 75 бастауыш кәсіподақ ұйымы бірігіп, жұмыс жүргізуде. Ұйымға аудан бойынша 3900 кәсіподақ мүшесі-сала өкілі қауымдасқан.
Азаматтардың әлеуметтік-экономикалық және заңды еңбек құқықтарының бұзылмауын, еңбек қауіпсіздігінің сақталуын кәсіподақ комитеті әрқашан назарда ұстайды. Бұл өз кезегінде қоғамдағы ауызбірліктің болуына ықпал етеді. Ал, бірлігі жарасқан ұжымның жұмысы қай кезде де сапалы. Тәуелсіздік жылдарынан кейін елімізде кәсіподақтардың жаңа жүйесі қалыптасты. Соған сай жұмыс беруші мен жұмысшының өзара қарым-қатынасына көзқарас та жаңарды. Яғни, қос тарап заңдылық шеңберінде қызмет жасап, еңбек дауларында кәсіподақ комитетіне жүгініп, заң шеңберінде екі жақтың да мәселесі оңтайлы шешілуде.
Біздің аудандық салалық ұйымға біріккен әр санаттағы қызметкерлер – кәсіподақ мүшелері Ұжымдық шарттың сан салалы бағыттағы игіліктерін көріп келеді. Шынайы әлеуметтік әріптестік аясында 2023-2024 оқу жылының басында бірнеше күрделі мәселенің түйінін оңтайлы тарқатуға қол жетті.
Оның бірі – аудан аумағындағы білім беру ұйымдарының ақпараттандыру жөніндегі басшысының орынбасары және педагог-кәсіби бағдар беруші штаттық бірліктері мен олардың қысқартылу қаупі.
Бірлескен шешім негізінде аудан аумағындағы білім беру ұйымдарында басшының ақпараттандыру жөніндегі орынбасары лауазымында 30,75 штаттық бірліктегі 31, ал педагог-кәсіби бағдар беруші лауазымында 33 штаттық бірлікте 33 қызметкер-кәсіподақ мүшесінің жұмыс орындарын үстіміздегі 2023-2024 оқу жылына сақтап, жыл аяғында еңбек демалыстарын беріп, тиісті төлемдерді сақтай отырып, қысқарту шаралары каникул кезеңінде жүргізу туралы келісім жасалды.
Яғни, бұл шешім бір мезетте 64 сала өкілі-кәсіподақ мүшесінің еңбек құқықтарын сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Үйде оқытылатын оқушылардың емделуге, қайта қалпына келу уақытына байланысты мұғалімдерге еңбекақы төлеу қосымша ақылар мен үстемақыларды есепке алмай есептелген жалақы мөлшерін де төлеу туралы қосымша келісім жасалды.
Кәсіподақ заңгерлерінің қатысуымен педагогтардың аттестаттаудағы тестілеу нәтижелерінің заңды/заңсыздығы бойынша түйіткілдері білім бөлімі құрған комиссия құрамында қарастырылуда.
Педагогтардың сырттай оқыған кезеңдері мамандық бойынша еңбек өтілдерінен алынғанын заңсыз деп табу туралы сотта қаралуына өкілеттік етіп, сот шешімімен 4 қызметкердің құқығы қалпына келтірілді,- деді Мәжит Мамытұлы.
Сонымен қатар баяндамашының айтуынша, 2023 жылы кәсіподақ заңгерінің қабылдауында 253 сала өкілі болып, құқықтық сипаттағы 779 қызмет көрсетілген.
Құқықтық инспекторымен 50 тексеру жүргізіліп, онда еңбек заңдылығын бұзудың 133 жағдайы анықталған. Кәсіподақ мүшелерінен 35 арыз-өтініш түсіп, 34 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық пошта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 704-ті құраған.
Мәжит Мамытұлы бұқаралық шаралар мен әріптестік аясындағы ынталандыру шараларын айта келіп, 2024 жылға орындауға белгіленген міндеттерді ұсынды. Онда жыл сайынғы жұмыстарды жалғастырумен қатар 2024-2026 жылдарға Әлеуметтік әріптестік актілерін әзірлеу, қабылдау, түсіндіру, насихаттау және “Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары” атты аудандық фестивальді өткізу, салалық кәсіподақтың 100 жылдығына орай қоғамдық мәні мен мүшелікке ынталандыру ықпалы жоғары бұқаралық шаралар өткізу туралы айтылды.
Жарыссөзге шыққан білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев әлеуметтік әріптестік аясында бірқатар мүмкіндіктерге қолжеткізу мақсатындағы ұсыныстарын жеткізді.
№1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айман Омарова мұғалімдердің еңбек демалысы кезінде МӘМС жарнасын есепшілер әр айға бөліп төлеу қажеттігі, тағы да басқа мәселелер туралы айтса, №30 Көктөбе орта мектебінің мұғалімі, “Үздік педагог-2023” республикалық байқауының жеңімпазы Айшат Қалдасбекова педагогикалық ұжымның жұмысы, жетістігі және ауызбіршілігі мен сыйластығы, педагогтардың қоғамдағы рөлі туралы ой-пікірімен бөлісті.
Пленумды қорытындылаған кәсіподақтың облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков саладағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Ерұлан Сәбенұлы негізінен Кәсіподақ федерациясының ықпалымен қолға алынған игі бастамаларды атап өтті. Атап айтқанда, Педагог мәртебесі туралы Заңының қабылдануы, ең төменгі жалақының көтерілуі.
-Кез келген мәселе арыз-шағыммен шешілмейді. Мәселе мәмілемен шешімін табады. Сондықтан әлеуметтік әріптестіктің маңызы зор.
Еңбек қауіпсіздігі дегеніміз – өндірістік жарақаттанудың алдын алу ғана емес, еңбек адамы жұмыс істейтін жердің жылы, таза болуы, жұмыс уақыты, түрлі қауіпсіздік шараларының сақталуы. Осы орайда кәсіподағы бар мекеме мен кәсіподағы жоқ, яғни қоғамдық бақылауы жоқ мекемедегі еңбек адамдарының өндірістік жарақат алуына, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына қатысты ресми статистикалық мәліметтерді салыстырсақ, үлкен айырмашылық бар. Тарқатып айтсақ, кәсіподағы жоқ мекемелерде еңбек адамдарының қауіпсіздігі сақталмаған жағдайлар көп тіркелген. Демек, еңбек адамының құқығын қорғауда кәсіподақ ұйымының рөлі үлкен.
Қазір білім мекемелерінде ұрыс-керіс көп. Мектеп басшысы мен орынбасарлары, мұғалімдер арасында, ата-аналар, өзін қоғам белсендісімін деп есептейтін азаматтардың жан-жалы. Мұның барлығы айналып келгенде білім саласының дамуына үлкен кедергі келтіруде. Қоғамдағы мұғалім мәртебесіне нұқсан келтіруде.
Көптеген кәсіподақтың бастауыш ұйым жетекшілері қарапайым заңдылықтарды білмей жатады. Мәселен, білім беру мекемесіндегі техникалық қызметкерлерге еңбек демалысына шыққанда берілетін сауықтыру жәрдемақысы заңмен көзделмеген, бірақ ұжымдық шартпен шешілген.
Тағы да бір ерекше атап өтерлік мәселе – ұжымдық шартпен шешімін табылған мүмкіндіктер мекемелерде орындалғанымен, дұрыс рәсімделмеген.
Кәсіподақ ұйымы әрбір педагогтың мәселесімен бірге. Мәселелердің әділ шешілуіне ықпал етеді. Алайда Сіздердің тараптарыңыздан да заңды жүзеге асуына бақылау болуы керек.
Кәсіподақ ұйымының негізгі жұмысы педагогтарға демалуға жолдамалар беру, мерекелерде сыйлық беру ғана емес, негізгі жұмысы – мәселелердің себеп-салдарын анықтай отырып, оның әділетті шешілуіне жұмыс істеу, әлеуметтік көңіл күй мен ахуалды жақсарту, еңбек адамының жан-жақты құқығын қорғау. Егер сіз бен біздің мақсат-мүддеміз, ниетіміз бір болса, барлық мәселе шешімін табады,- деді Ерұлан Сәбенұлы.
Пленум соңынан мерейтой иелері мен кәсіподақ ұйымының “Еңбекші” газетіне толық жазылған еңбек ұжымдары марапатталды.
Жиын қорытындысында Ерұлан Сәбенұлы мұғалім мәртебесін заң емес, мұғалім өзі көтеретіні, мұғалімді қай қоғамда болсын, жұрт тек биіктен көргісі келетінін айтып, педагогтарды ұлы мамандыққа сай болуға шақырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close