Basty bet

Бақшам менің – дәрумендер мекені

Жаз маусымы – бақшадағы жеміс-жидектерді күтіп-баптап, қысқы жеп-ішетін азығыңды қамдайтын тамаша мезгіл. Оны әсіресе, ауылда тұрып, жердің төсін емген шаруа жақсы түсінеді.
Биыл да жылдағы әдетпен көктем келіп, күн жылына салысымен үй іргесіндегі бақшалық жерді игеруге кірістік. Біздің үйге қосалқы шаруашылық жүргізу үшін бөлінген сегіз соттық жердің жартысына жуығы бақшалыққа тиесілі. Жеріміз шағын болса да, тиімді пайдаланудың арқасында отбасымыздың, бала-шағамыздың қажетіне жарайды. «Қолы қимылдағанның ауызы қимылдайды» дегендей, жыл сайын бақшадан еткен еңбегімізге қарай тиісті өнімді алып жүрміз.

Дегенмен, бақша отырғызу, өсіп-өнген дақылдарды күтіп-баптау негізі – отбасы мүшелерінің тайлы-таяғымен бірігіп, атқаратын ісі. Жерді дайындау, арық-атыздар салу, жүйектеу, көшеттерді отырғызу, арамшөптерді жұлу, суғару, өнімдерді жинау, мұның барлығы да жүйелі қол еңбегін қажет етеді. Оған бір адамның шамасы келмейді.
Бақшадағы келесі маусымға дайындық қара күзден басталады. Танаптар мен жүйектерден өнімдер жинап алынғаннан кейін жерді күрекпен қопарып тастаймыз. Бұл жұлынғаннан, оталғаннан қалған арамшөптердің ұрықтары мен тамырларының қатты аязда үсіп, қайта көктеп шықпауы үшін маңызды.
Қалыптасқан үрдіспен біз бақшалық жерді әр үш жыл сайын тыңайтып отырамыз. Қара күзде жүк мәшинесінің шанағын толтырып, қара шірікке айналған қорда түсіреміз. Оны жердің бетіне тегіс етіп жазып шығамыз. Сонсоң, оны күрекпен аударамыз. Қыстай жердің бетінде жатқан қара шірікті көктемде қайта аударып, қопсытып, жерге сіңіреміз.
Жерді тыңайтсын, құнарын арттырсын деп, бір танапқа жоңышқа сепкенбіз. Ол жерді үш-төрт жылдан кейін аударып, орнына картоп, сәбіз, қызылша егеміз. Жоңышқаны басқа танапқа сеуіп, алдында айтылған әрекетті қайталап отырамыз. Сонда, егілген дақылдардың өнімділігі артатынына көз жеткіздік.
Жеміс ағаштарынан бақшамызда бір-екі талдан өрік, алхор, алмұрт, жаздық және қыстық алма, жаңғақ, шие, черешня, алша бар. Олардың ішінде ерте пісетіндері – черешня мен сары өрік, шие, жаздық алма. Қара өрік, алша, қыстық алма кейіндеу піседі.
Ал, жаңғақтың бақшамызға келіп, жерсінуі тіптен кездейсоқ болды. Әдеттегідей, қара күзде қара шірік түсіріп, жерге сіңірген біз келесі көктемде күн жылынғанда жеті-сегіз жерден әлдененің өскіні қылтиып тұрғанын байқадық. Сөйтсек, бұл күзде қордамен бірге келген жаңғақ көшеті екен.
Қара шірік жаңғақ ағашы өсіп тұрған жерден алынса керек. Қыс бойы қардың астында жатып, күн қыза дәннің өзегін жарып, көктеп шыққан екен. Әншейінде, ұқыпты қолдың отырғызуын қажет ететін жаңғақ осылайша, болашақ ортасын өзі «іздеп» келгендей болды.
Жеміс ағаштарын күтіп-баптау, түбін қопсыту, қураған бұтақтарын кесу, зиянкестермен күрес тынымсыз еңбекті қажет етеді. Күнделікті жұмыстан кейін отбасымызбен оған да уақыт табуға тырысамыз. Алма ағаштары жақсы өнім берген жылдары бірнеше ағаш жәшікті толтырып, қысқа сақтаймыз. Қызылды-жасылды жемістерді жаңа жылдық дастарханға, отбасылық мерекелерде, үйге қонақ келгенде алдарына қойып жатамыз.
Жеміс-жидектер тобынан мәуесі таңдай қақтыратын құлпынай бірнеше жылдан бері бақшаның сәніне айналған. Бәрі де тәжірибемен келеді ғой. Көктемде көшетін көршімнен алып, су көзіне жақын орналасқан бірнеше жүйекке ғана отырғызып, байқап көрдім. Бабын келтіріп едім, көгеріп, көктеп кетті. Келе келе, жүйек санын көбейттім.
Құлпынай жылда көктемде көктеп, гүлдеп, өзінен мұртша тастайды. Құлпынайдың салған жемісі ірі болуы үшін мұртшалары қырқылып отырады. Ал, мұртшалары қырқылмаса, тамырдың бүкіл қуаты соларға кетіп қалып, мәуесі үлкеймейді.
Қала берді, мұртшалар тұрған жерінде тамырланып, ағын судың жолын бөгейді. Тамырланған мұртшалардан өсіп шығып, шоғырланып қалған құлпынайды көшет ретінде қазып алып, басқа жүйекке отырғызуға болады.
Құлпынайдың біздің бақшадағы түрі қара күзге дейін гүлдеп, түйнектей беретіні. Піскенде қып-қызыл болып, уылжып, дәмі тіл үйіреді. Осы шақта немерелерім, көшедегі достарымен бірге бақшаға кіріп, мәуесінен үзіп алып, ауыздарына салып, мәз-мейрам болысады. Олардан артылғанын жинап, тосап қайнатамыз. Жалпы, үйдің орнындай құлпынай танабынан бір үзгенде 80-100 килоға дейін өнім жинауға болады.
Таңқурайдың да бақшамызда жеміс беріп тұрғанына он жылдың жүзі болды. Оның шыбықтарын да күзде көршіден алып, отырғызғанбыз. Құлпынай секілді таңқурай да өз тамырынан көбейіп, өсіп-өнеді. Қара күзге дейін гүлдеп, түйін сала береді. Тікенекті болғандықтан, балалар оған көп жақындай бермейді. Қайнатқан тосабын ыстық шайға салып, ішсе, суық тигенге ем болады.
Қазір таңқурайдың дәрумендік элементтерін жоғалтпау үшін қайнатпай, пластмасса контейнерге салып, мұздатқышта сақтайтын болып жүр.
Айтпақшы, жылдағы әдетпен қызанақ пен болгар бұрышының көшетін өзіміз үй жағдайында өсіреміз. Көктем жақындағанда, ұрықтарын пластик ыдысқа салынған қара топыраққа сеуіп, жылы да жарық жерге орналастырамыз. Біраз уақыттан кейін топырақты жарып, көк өскіндер өсіп шығады. Күн көзі жылына бастағанда, оларды жүйектерге отырғызамыз.
Жас көшеттер ауа-райының өзгерістеріне сезімтал келеді. Мұндайда қаласаң да, қаламасаң да, ауа-райы болжамы мен тәжірибелі бақша өсірушілердің кеңесіне құлақ асасың. Таулы ауданда әсіресе, көктемде бұршақ пен үсік жиі түседі. Өрік пен шиенің гүлдеген шағында үсік ұрып кететін жылдар болады. Алма мен алхор кештеу гүлдейтін болғандықтан, оған зардабы онша тимейді. Сондықтан, бақшадағы жұмыстарға мамыр айының алғашқы онкүндігінде болатын суықтарды өткізіп барып, кірісіп жатамыз.
Танаптар мен жүйектерді жүйелі түрде суғару – бүткіл күтіп-баптау жұмысының өзегі. Осы жерде ескеретін жайт, әр дақыл суды әрқалай қажет ететіндігі. Мәселен, құлпынай мен таңқурай суға шыдамайды, жүйегінде ылғи да ылғал жатуы тиіс. Тіптен, күнара суғарып отырса да, көптік етпейді.
Картоп пен сарымсақ айына бір, асқабақ екі мәрте суғарылса, қызынақты әдетте үш-төрт күн сайын суғарамыз. Ал, сәбіз, қияр, қырыққабат, болгар бұрышы, пияз, баклажан секілді көкөністер аптасына бір су ішсе де, жарайды.
Картоп сабақтары көрінгеннен кейін олардың түбін қопсытып, үю керек. Бұл картоптың түбіріне ауа баруына жағдай туғызады. Сондай-ақ, қопсытқан кезде жүйектердің арасындағы арамшөптердің тамыры да оталып, жойылады. Осылайша, картоптың түбін әр суғарған сайын қопсытып, үйіп отырамыз. Нәтижесінде, сабақтары жуандап, түйнектері де іріленеді.
Аскөк, ақжелкек секілді салатқа қосатын дәмдеуіштерді егіп, уақыт жоғалтпаймыз. Олардың ұрықтары желмен шашылып, келесі жылы өздігінен шыға береді.
Аудан орталығының үстіңгі бөлігіндегі біздің көшеміз он шақты жылдан бері аяқ суды Қарасай деп аталатын терең сайдан алып жүрміз. Дегенмен, биылғы көктем жауын-шашынды болып, күнара бақшаны суландырып, әзірге ағын судың қажеттілігі байқалып тұрған жоқ.
«Төгіп жауған жаңбырдан желіп өткен су артық» дегендей, ағын судың жөні әрине, бөлек. Ағын су шарбаққа жеткенше, жолай бірнеше шақырым ағып, жылып келеді. Өркен жайып, түйін салып қалған жемістер салқын суды онша қабылдамайды. Мәуесі өспей, шағын болады.
Бақшамызда емдік өсімдіктерден жолжелкен, түймедақ, қалақай өседі. Қант диабетіне, буынның сырқырауына ем деген соң, топинамбур әкеліп, отырғызғам. Ол да тамырынан көбейетін өсімдік екен. Өткен күзде қазып алдық. Қазір орнында қалған тамырлары қаулап өсіп, кішігірім тоғай секілді болды.
Топинамбурдың тамыры картоптың түйнегіндей болады екен. Оны қазып алып, шикідей жеуге де, пышақпен турап, суға, сүтке қайнатып, езіп, ботқасын жеуге де болады. Оған қоса топинамбур – малдың да сүйсініп жейтін азығы.
Көршілерімнің біразы бақшасын суғаруға құдық суын пайдаланады. Ондай құдық бізде де бар. Құдықтан су өздігінен шықпайды, сорғы қажет. Мен осы арада өзімнің бір шағын құпияммен бөлісейін. Құдығыма үш-төрт жыл бұрын вакуумды сорғы қондырғам. Сорғыдан шыққан құбырға пластик құбырлар жалғап, бақшаға тартып қойғам.
Айтайын дегенім, вакуумды сорғы тегін, электр қуатынсыз, өздігінен жұмыс істеп тұр. Әу баста, сорғыны электр қуатына бір қосып, жұмыс істетіп алып, кейін ток көзінен ажыратып қойдым. Өшіп қала ма, деп қауіптеніп едім, жоқ, олай болмады. Сорғы құдықтағы суды тартуын жалғастыра берді. Судың арыны тым қатты емес, құдықтағы су көлемі азаймайды, жылдам қалпына келеді. Бастысы, құдықта су таусылып қалмауы тиіс.
Қазір арық суын көлемі көп, суды молынан қажет ететін дақылдарға ғана пайдаланып жүрміз. Ал, күнделікті суғарғанға құдық суы жарап жатыр.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close