Basty bet

Дәстүр мен ғұрып

Қай халықтың болсын, салт-дәстүрлері міндетті түрде сол халықтың мінез-құлқын, ой-өрісін, сол ұлтқа тән қасиеттерін танытып тұрады. Мәселен, қазақтың бауырмалдық, қонақжайлық, сыйластық мінез-құлықтарын оның тұрмыс-салт-дәстүрлерінен анық байқауға болады. Әрі осынау терең мағыналы, өнегелі әдет-ғұрыптар атадан балаға жалғасып, мәңгілік өміршеңдігін көрсетіп келеді.
Қазақта «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа» деген мақал бар. Той-думандарда, жиындар мен мерекелерде орындалатын осынау қазақ халқының салт-дәстүрлері оның ұмыт болмағандығын паш етеді.
Соның бір айғағы, Ақтөбе ауылдық клубында мамандардың ұйымдастыруымен ата-бабалардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан асыл мұраларын, салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетін және мәдени құндылықтарын насихаттау мақсатында «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында мүшел жас иелерімен «Мүшел той» атты кездесу кеші өтті.
Кеш барысында жүргізуші мүшел жас туралы қысқаша мәліметтер беріп, кеш қонақтары – мүшел жас иелерімен таныстырды. Клуб жанынан құрылған «Ақ әжелер» әуесқой клубының жетекшісі Б.Төлегенова сөз алып, мүшел жас иелерін құттықтап, ыстық лебізін білдірумен бірге, мүшел жас туралы өзінің бала кезіндегі естеліктерінен әңгімелеп берді. Ал, клубтағы үйірме жетекшісі Ф.Оразбекова мүшел жас туралы толғауын оқыды. Мүшел жас иелері Парасат Мамытова мен Гүлзада Ермаханова бір-біріне және мүшел жас иелеріне тілектерін айтып, құттықтады.
Іс-шарада әжелер әуесқой клубының мүшесі Ұлдан әже «Тамаша» әнін, ал М.Балатаева «Толғау» және «Жібектің елі» әндерін орындап, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп, қуанышқа бөледі. Кеш соңында клуб ұжымының атынан мүшел жас иелеріне сыйлық табыс етілді. Қонақтар ұйымдастырушыларға алғысын айтып, көпшілікпен естелікке суретке түсті.

Ақтөбе ауылдық клубы

Таңдаулы материалдар

Close