Basty bet
Танымымды кеңейткен грузия сапары
Ел көріп, жер көріп, саяхаттап әрі білім беру саласымен танысу мақсатында бір аптадай уақыт Грузияның Батуми деп аталатын қаласында болдық. Бір тіл білсең – бір адам, екі тіл білсең – екі адам, көп тіл білсең одан жақсы деуінің мәнін енді түсінгендей болдым. Себебі, адам түрлі ұлттың құндылықтары мен бойындағы ерекшеліктерін тани түскен сайын түпкі адам баласының жаратылу мақсатын танып біле бастағандайсың. Әдетте, адамдар шет елдерге арнайы турмен немесе сол елді білетін жолаушымен бірге шығады. Біздің бұл сапарымызда арнайы жол бастайтын, білетін адам болмады, жай ғана билет алып, Аллаға тәуекел етіп сол елге шығып кеттік. Рас, қорқыныш болмады емес, болды. Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин «Бір Аллаға сыйынып» дегеніндей, дәл солай ұшақпен ұшып, шет мемлекеттің төрінен бір-ақ шықтық.
Бірінші Грузия елінің астанасында болдық. Ол жақтың уақытымен таңғы алты шамасында әуежайдан түсе сала, такси жалдап, қалааралық көліктер тұрағына жол тарттық. Жол тап-таза, қоқыс жоқ. Бізді әкеле жатқан таксист бірінші рет келе жатқанымызды байқап, қаламен таныссын деп Тбилиси жолымен алып келді. Ескі қаланың құрылысы кезіндегі Кеңес үкіметі тұсында салынғандықтан ба Алматы қаласының құрылысына қатты ұқсады. Ондағы үйлер мен көшелер бәрі де Алматы қаласындағы Абай көшесі сияқты көрінеді.
Тбилисиде көп ғимараттар тек шыныдан ғана жасалған. Шыныдан жасалу себебі – ашықтықты, яғни жемқорлықтан ашықтықты білдіреді. Орысша айтқанда – «прозрачность». Айтпақшы, халық өзінің ұлттық грузин тілінде сөйлеседі. Тек қажеттілік туындаған жағдайға ғана туристермен ғана орыс тілінде сөйлеседі. Үлкен кісілер орыс тілін біледі. Ал, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жастар орыс тілінде сөйлей алмайды. Орысша сөйлей алмағанына жастар ұялмайды да, себебі керісінше әлемдік тіл деп ағылшынша жауап бере береді. Атақты ақын Қадыр Мырза Әли: «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!..», – демекші, грузин елінің тіл саясатын байқай отырып, біздің үйренеріміз көп екенін аңғардық. Асылында тілге деген құрмет саясатта да емес, әрбір адамның ішкі танымында жатыр. Осылай ойланып отырып, автотұраққа қалай жеткенімізді де байқамай қалыппыз.
Бір байқағаным, Грузияда жанар-жағармай (бензин) қымбат екен. Такси бағасы Қазақстанмен салыстырғанда 4-5 есе қымбат. Есесіне, көлік арзан. “Тойота камри 70” жаңасы 3800 доллар тұрады. Қазақтар көбінесе осы көлікті алу үшін Грузияға барады екен.
-Қазақтар, неге сонша тойотаны жақсы көресіңдер, а?- дейді күліп көлік жүргізушісі.
Автотұраққа жеткенде такси жүргізушісі машинаны құлттамай, кілтін де алмай, ашық қалдырып кетті. Біз оған жауып кетсеңіші деп едік. “Бізде ұры жоқ, ешкім ұрламайды” деп ашық қалдыра берді. Тура осындай жағдайды Батумиде де көрдік. Киім дүкендері де ашық, көшенің ортасында Феррари машинасы тұр, машинаның екі есігі де ашық. Ол дәл солай азаннан кешке дейін тұрды. Ешкім тиіспеді. Мүмкін, кісі ақысы дегенді жақсы түсінетін шығар, – деді қасымдағы қыз.
Тбилисиден Батумиге 5 сағаттан соң бір-ақ жеттік. Жанымызда, Ресейдің 2-3 азаматы отыр. Олар соғыс басталғалы наурыз айынан бері осында тұрады екен. Қазақстанда Алматы қаласында да 1 айдан астам уақыт тұрыпты. Жұмысы бәрі онлайн, бірақ өз еліндегі соғыстан қашқан.
– Украинада тұратын туыстарым да бар. Ол соғыс біздің соғыс емес. Оған қатысқым келмейді, – дейді Евгений.
Батуми – туристік қала. Қара теңіздің жағасында орналасқан. Қара теңіздің төменгі бөлігі Түркиямен шекаралас. Солтүстік Түркия орналасқан. Батумидегі көрініс Дубайға қатты ұқсайды. Астананың ең басты символдарының бірі – Бәйтерек болса, Грузияда – Али Нино ескерткіші.
Танымал жазушы Курбан Саид шығармасы бойынша Али мен Нино – бір-біріне қосыла алмай кеткен ғашықтар. Тіпті, олардың айналмалы ескерткішінің өзі тек бірнеше секундқа ғана қосылып, қайта ажырап кетеді.
Батумиде үлкен балық базары бар екен. Оның бір ерекшелігі, теңіз өнімдерінің бәрі жаңадан ғана әкелінген, балғын. Қара теңізден балық ауласаңыз болады немесе сол балық базарынан кез келген балықты сатып алып, жанындағы мейрамханаға апарсаңыз бұқтырып, қуырып дайындап береді. Онда балықшылар балық аулап, аулаған балықтарын балық базарына өткізеді. Балық базарында теңіз өнімдерінің көптеген түрі бар. Бір шетінен, мемлекет Қара теңіздегі балықтарды арнайы көбейтіп отырады. Халық осылай өзінің күнкөрісін көреді. Себебі, ол мемлекетте біздің ел секілді шикізат өнімдері жоқ. Тек теңіз бен елге келген туристер есебінде мемлекет экономикасы дамып отыр. Бізге қарап, Қазақстан бай мемлекет қой деп қояды. Халқы да Қазақстанмен салыстырғанда 5-6 есе аз. Бар болғаны 3 миллионнан аса халық тұрады.
Қара теңіз жағалауында өзіміздің қазақтарды кездестірдік. Олар Алматы қаласының тұрғындары екен. Туған бауырларымызды көргендей қуанып қалдық. Қазақ тілінде сөйлестік. Бәріміз бірге қайық жалдап, Қара теңіздің ортасына дейін барып қайттық. Теңіз деген бөлек әлем ғой. Оның толқынынан шабыт аласың.
“Титаник” фильмінде құтқарушылар келеді ғой, «SOS» деп, дәл сондай құтқарушы кеменің капитанымен де таныстық. Резо капитан әлемнің барлық мұхит пен теңізін шарлап шыққан. Антарктида мен Австрияға ғана бармадым дейді. Ол басқарып отырған «AHTIYAR» кемесінің егелері қазақтар екен. Кемені келісімшарт негізінде бірнеше жылға грузиндер жалға алыпты. Сондықтан да болар, бізге жылы шырай танытып, кеменің жұмысы мен ішін таныстырды. Резо капитан да мемлекетіне қызмет етеді. Ол теңіздер мен мұхитта түрлі апаттық жағдайларға тап болған түрлі адамдарды құтқарады. Осы орайда, бір өлең жолдары есіме еріксіз оралады…
«Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл», – деп Шәкәрім Құдайбердіұлы елге қызмет ету әрбір азаматқа адамдық борыш екенін атап өткен. Бұл тұста, Резо капитан да халқына, барша адамзатқа қызмет етуде. Бұл жағдай журналист ретінде халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, билікке жеткізу, шешіміне көмектесу – біздің де адамдық борышымыз екенін есімізге салды… Ал, сіздің қызметіңіздегі адамдық борышыңыз қандай?…
Құтқарушы кемеде Қазақстанның туын ұстап, капитанмен бірге естелік суретке де түстік. Кеме сондай үлкен. Капитан күніне орта есеппен 1-2 кеме, қайықтарды құтқарады екен. Бұл біз үшін өте үлкен тәжірибе болды.
Грузия – шараптың отаны. Олар жүзімнен табиғи шарап дайындайды. Халықтары жүзім егіп, соны баптап қарап, арнайы ағаш ыдыстарда сақтайды. Грузияда 100-200 жыл бойы сақталған шараптарды да кездестіресің. Өздерінің чаша деген сусындары да бар. Біз кез келген қонақ келсе, “Нан ауыз тиіңіз” деп нан ұсынсақ, олар шарап ұсынады екен, Олар үшін бұл қалыпты жағдай.
Грузия асханасының негізгі тағамдары – хинкали мен хачапури, сондай-ақ харчо деген сорпалары да бар. Егер грузин асханасына барып жатсаңыздар, міндетті түрде дәмін көріңіздер. Себебі, тағамдарының өзіндік, қайталанбас дәмі бар.
Бір апта зымырап өте шықты. Үйге, елге қайтатын да уақытымыз келді. “Өз үйім – өлең төсегім” демекші, елімізді сағындық. Әсіресе, қазақтың ұлттық тағамдарына жететін тағам жоқ екен.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Елімізде 130- дан астам ұлт өкілдері тұратынын білсек те, оған мән беріп, ойланбаппыз. Біз тұрған қонақ үй иесінің туыстары мен достары Семей қаласында тұратын көрінеді. Сталиннің кезінде депортация болып, содан бері қазақ қызын алып, осында тату-тәтті өмір сүреді екен. Ойлап қарасам, грузин халқының бізге көмектесуінің бір себебі – еліміздің саяси арендағы беделі мен кемел саясатының арқасында екен. Мүмкіндік болса, ел көріп, жер танығанға не жетсін.
Қорыта келе, әуелі Алла, екінші жолымызда кездескен әр адамға алғысымыз шексіз. Танымымыз бен өмірлік мақсат-міндеттірімізді айқындайтын сапар ретінде есте қалды.
Үміт МАДИЯРБЕК,
«Жаңа өмір»
Қазақстан – Грузия – Қазақстан