Basty bet

«Қаншама киім көрдім, ішінде адамы жоқ…»

Иманның алғашқы жемісі – мейірім. Әрбір ізгі істің басы «Бісмілләмен» және «Фатихамен», яғни, Алланың Рахман Рахым (мейірім) есімдерімен басталады. Пенде баласына Алланың мейірімі шексіз. Әр сүрені, намазды «Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!» дейтініміз бекер емес. Мейірімділікке Алланың өзі ерекше назар аударып, көңіл бөліп тұр.
Қасиетті Ислам дінінің жақсылықтары мен ізгіліктері өте көп. Бұл дін жер бетіндегі барша адам баласын асыл қасиеттерге тәрбиелейді. Иманды адамның жүзінен нұр төгіліп тұрады. Ал сол нұрдың төгілуі –жүректің мейірімінен. Жүректің мейірім төгуінен ғой. Демек, әр адам үшін мейірім – басты байлық. Өкінішке қарай, қазір адамдардан мейірім кетіп бара жатқан уақыт. Ата-анасына мейірім көрсете алмайтын, бір туған бауырына жылылық таныта алмайтын кісілер пайда болды. Өзінің ісі түсіп тұрған әкімді, мекеме бастығын әкесінен артық, бауырынан жоғары құрметтеп, жолында құрбан болып кетуге даяр адамдар көп. Бұл жердегі әрекет күні үшін, жағымпаздық үшін жасалған әрекет. Шынайылыққа еш келмейді. Шынайылыққа келмеген соң, адамдықтан да, адалдықтан да алшақ дүние. Осы жерде адамның бойындағы мейірімділіктің пайдасы мен әсері жайлы бір мысал айта кеткім келеді.
Бір қиссада парасатты ғалым әрі сопы Меккеде Харам Шәріпте қажылығын орындаған соң, көзі ұйықтағанымен, көңілі ояу отырғанда, аспаннан екі періште келіп, біреуі екіншісіне: «Биыл әлемнің түкпір-түкпірінен келген 500 мың адам қажылық жасады. Бірақ, бәрінің қажылығы Шамдағы бір аяқ киім жөндеушінің құрметі үшін қабыл болды» дейді. Ғалым бұл хәлден оянған соң, таң-тамаша болады. Бәрін өз құлағымен естіп, сезіп тұр. Қайтар жолда керуенмен Шамға соғып, әлгі етікшіні елден сұрап жүріп, тауып алады. Одан: «Сен қажылыққа бармасаң да, тілегің қабыл болды. Жаратушының назары барша қажылардан асып, өзіңе ауатындай қандай амал жасадың?» деп сұрайды. Сонда етікші: «Отыз жылдан бері қажылыққа баруды ниет еттім. Етік бүтіндеуден және ескі киімдерден 300 дирхам ақша жинадым. Жүкті әйелім: «Көршіден еттің иісі шығып жатыр, маған бір жапырақ ет сұрайсың ба?» деді. Көршіме барып ет сұрадым. Көршім жылап: «Жеті күннен бері балаларым аш. Жолда өлген жануар тауып алып, етінен аздап кесіп алдым. Соны қайнатып, оларды алдандырып жатырмын. Адал тамақ таба алмайтын болсам, мәжбүр соны жегіземін. Қаласаң, берейін, бірақ, осы қайнап жатқан ет бұларға өлімге жақындағандықтан адал, ал сізге харам» деді.
Мұны естігенде ішімнен бір нәрсе үзіліп кеткендей болды. Қиналып жинаған 300 дирхамды соған бердім де: «Уа, Аллам! Қажылық ниетімді қабыл ал! деп мінәжат еттім» деді етікші. Сонда парасатты ғалым әрі сопы «Аллам маған түсімде шындықты аян еткен екен» деді.
Бұл оқиғада Рахман әрі Рахим (мейірімнің) қаншалықты маңызды болғандығын білдіреді. Хадис шәріпте: «Сендер жердегілерде мейірімділік жасаңдар, көктегілер де сендерге мейірімділік жасайды» дейді. Тағы бір хадис шәріпте: «Көршісі аш болып, өзі тоқ жатқан момын шынайы момын емес» деген. Етікші осы хадиске амал қылған кісі болды. Міне, етікшінің мейірімді әрекетіне Алланың берген сыйы – Қажылық болып тұр. Ал қабыл болған Қажылық – әр пенденің арманы.
Шығыс халқында «Бір мұсылманның көңілін қалдыру Қағбаның қара тасын сындырғаннан ауыр» деген тәмсіл сөз бар. Егер де сіз қажылық сапарға дайындалсаңыз, оған рухани әзірлікпен шығу керек. Дүниеңнің біразын Алла жолына мұқтаждарға қаріптерге тарат! Олардың көңілдерін қуантсаң, рухыңның көкжиегі ашылады. Алдымен көңіліңе қажылық жасат! Содан кейін нәзік көңілмен сол нәзік қажылық сапарын жалғастыр.
Мен өзім тоқсаныншы жылдары қажылық сапарға Алла табарака уатағалланың қонағы болып барып қайттым. Сапарға шығар алдында көршіме кіріп, «мен қажылыққа бармақшымын, сіз ризалығыңызды беріңіз» дедім. Көршім ақ жол тілеп, шығарып салды. Мен «Қажылық сапардан оралғанымша қиналмаңыздар» деп отбасыма және көршіме азық-түлік әперіп кеттім. Көршім шын көңілмен риза болды.
Осы ретте хазіреті Мәулана (оған Алланың рақметі болсын) айтқан тәлім-тәрбиеге мол мына бір сөзі еске түседі: «Қаншама адам көрдім үстінде киімі жоқ, қаншама киім көрдім, ішінде адамы жоқ». Осы сөз туралы көп ойланамын. Адамның киімі жоғы бұл жерде жоқшылықтан емес. Қазір тойымшылықтан, ар-ұяттың кетуінен әйел заты жалаңаштанып барады. Бұл – қасірет. Ал, «Киім көрдім ішінде адамы жоқ» деген өте ауыр сөз. Яғни, киім киген адам бір жаққа жоқ болып кетпейді. Киімнің ішіндегі адамның адамшылығы жоқ деп тұр. Адамшылық – ең асыл қасиет. Адамшылық пен мейірім – басты құндылық.
Таразда «Зүнүн» мешітінде бас имам болып жүрген кезім. Маған жамағат ақсақал келді. Жұма намаздан қалмай жүрген жақсы адам еді. Ол кісі маған қызы мен күйеубаласының ажырасқанын айтты. Алтындай екі жиені (ер бала) бар екен. Соларға діни сауат ашып, дәріс беруімді өтінді. Мен қарияның тілегін қабыл алдым. Екі жиеніне Құран әріптерін үйрете бастадым. Әдеп сабақтарын өттім. Қазір естимін. Сол қарияның жиендері өте жақсы азамат болып өсіпті. Ата-аналары қайта қосылып, әкелері бес уақыт намазға жығылыпты. Бұл да ислам дінінің жақсылығы, шапағаты болса керек.
Мейірімділік – ең асыл қасиет. Оны адам баласы түсіну үшін ислам дінін түсінгендері жөн. Ислам дінін түсіну ізгілікке жетелейді. Мейірімділік әр адамды адамшылыққа тәрбиелеп, ізгі құндылықтарға жетелейді. Адамдар арасындағы жақындық, бауырмалдық кеткен сайын мейірімділіктен де алшақтайды. Ол кезде материалдық құндылықтар алғашқы қатарға шығады. Бауырлардың ара қатынасын ақшамен, дүниемен өлшеу пайда болып жатыр. Бір қалада тұрып, туған інісінің тойына бармайтын қатыгез бауырлар көбеюде. Мұның бәрі асыл дінімізден, имандылықтан алшақ болуымыздан болса керек.
Ата-ананың ризашылығы, отбасыңның берекесі, ұл-қызыңның дұрыс тәрбиесі – сенің жанарыңнан төгілген ізгілік пен мейірімділікке өте байланысты. Әсіресе, ата-анаға мейірім төгуің – өте сауапты іс. Құранда: «Ата-ананың разылығын алу – Алланың разылығын алу» деп келетін аяттар бар. Сондықтан, қарап тұрсаңыз бір ғана мейірім деген зат барлық жақсылықтың бастауы екені аңғарылып та тұр. Бұл жалғанда адамның адамды жақсы көруі, адамның адамға деген құрметі ең үлкен іс екенін назарымыздан шығармайық, ағайын! Ондай ізгі кісілерді Алланың да ерекше жақсы көретінін есімізден шығармағанымыз абзал.
Себебі, бұл өмірдегі асыл адамдар әке мен ананың орнын ешқашан басқа адаммен алмастыра алмайсың. Оларға төккен мейірімің өміріңнің ең нұрлы шағы.
Біз бір-бірімізге қарайлассақ, бұл өмір пейіш болады.

Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕК,
«Жуалы» көпшілік мешітінің имамы,
ауданның Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close