Basty bet

Бейнекамералардың арқасында қылмыс ашылды

Қандай жұмыс болмасын, оның өз қиындығы мен қызығы қатар жүретіні белгілі. Әсіресе, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін учаскелік полиция инспекторларына жүктелген жауапкершілік те жоғары. Оңай емес… Мәселен, Бауыржан Момышұлы ауылында қызмет атқаратын Нұржан Жұмалиевке «Сарыағаш» базарының аумағы қарайды.
Ол тәртібін күзететін аумақта жүздеген кәсіпкерлік нысандар, сауда орталықтары мен мейрамханалар, тойханалар шоғырланған. Оның үстіне ауыл-ауылдан таң ертеңнен ағылатын халық нөпірін қайда қоясыз. Халық көп жерде тәртіп те бұзылмай тұрмайды. Соның бәріне жауапты учаскелік полиция инспекторы екені айдан анық.

«Осы мамандықты жүрек қалауымен таңдадым» дейді Нұржан. Ол да көп жастар сияқты полиция қызметкерінің формасына қызығып, «өскенде полиция боламын» деп алдына мақсат қойған. Сөйтіп оны арманы Оңтүстік Қазақстан облысындағы жоғары оқу орнының құқықтану факультетіне түсуіне себеп болады.
– Отбасымда полиция болған ешкім жоқ. Бірақ менің қалауым осы болды. Оқуды аяқтай салысымен Тараз қаласындағы полиция департаментіне құжатымды тапсырып, жол патрульдік полициясында еңбек жолымды бастадым, – дейді ол.
Екі жыл Тараз қаласындағы жол патрульдік полиция қызметінде болған ол 2015 жылы Жуалы ауданына ауысқан еді. Содан бері Б.Момышұлы ауылында учаскелік полиция инспекторы қызметін абыроймен атқарып келеді.
«Біз күндіз-түні жұмыс істейміз. Рейдтер жүргіземіз. Халықпен тығыз қарым-қатынас орнату да біздің міндетіміз. Егер мәселе туындап жатса халық алдымен бізге көмек сұрап келеді», дейді Нұржан. Ол үстіміздегі жылдың жеті айында 150 әкімшілік хаттама толтырылғанын айтты. Оның ішінде мас күйінде қоғамдық орында болғандар, ұсақ бұзақылық жасағандар және мас күйінде көлік құралын басқарғандар бар. Жол көлік оқиғасын мас күйінде басқарған төрт жүргізушінің бірі өзінің іс-әрекеті мен бұған дейін жасаған басқа да тәртіпсіздігі салдарынан үш жылға бас бостандығынан айырылыпты. Бұдан бөлек, округ аумағында есепте тұрған азаматтармен де полиция инспекторы олардың әрбірімен жеке жұмыс жүргізуде.
– Бізге негізінен кәсіпкерлер көп шағымданады. Базар аумағында ұрлық-қарлық ішінара болса да кездесіп тұрады. Бірі ішімдіктің буымен жасаса, енді бірі өз қателігін байқамай қалып жатады. Көбінде қалта телефоны, сөмкеден ақша ұрлау сияқты оқиғалар тіркеледі. Жақында ұялы телефон сатумен айналысатын дүкенге ұры түсті. Оқиға түнгі сағат 3 пен 4-тің аралығында болған. Жедел іздестіру шараларының арқасында қос күдікті ұсталып, қылмыстарын мойындады. Олар Қызыларық ауылдық округінің тұрғындары болып шықты, – дейді ол.
Нұржан ұрыларды құрықтауда бейнебақылау камераларының да көп көмегі тиіп жатқанын айтты. Жоғарыдағы ұрлықты ашуға базар мен ауылдың кіре және шыға берісіндегі бейнекамералардың да көмегі тиіпті. «Біз арыз түскен сәттен бастап, барлық камераларды қарап шықтық. Беймезгіл уақытта бейнекамераға түсіп қалған азаматтар бұлдартпас дәлелден соң қылмыстарын мойындады. Сөйтіп осы құралдар арқылы бір қылмыс ашылып отыр», дейді ол.
Базар аумағындағы кәсіпкерлер де учаскелік полиция инспекторларының жұмысына оң баға беріп отыр. Өзін Бақытжан деп таныстырған кәсіпкер қауіп туғызатын жағдай туындаса, полицияға шағымданатынын айтты. «Жақында менің ұялы телефон сататын дүкеніме ұры түсті. Қаскөйлер менің 2-3 миллион теңге тұратын затымды қолды етті. Осы қылмысты ашуда Нұржан аянып қалмады. Ол өз әріптестерімен бірлесе үш-төрт күн бойы қылмыскердің ізіне түсіп, ақыр соңында күдіктілерді құрықтап, затымды қайтарды. Сол үшін де біздің учаскелік полиция инспекторларына алғысымыз шексіз»,- дейді Бақытжан.

Таңдаулы материалдар

Close