Basty bet

Әріптесіміз марапатталды

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Есенхан Қойшыманұлы аудандық мәдениет үйіне арнайы келіп, «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің жетекшісі Мәлік Мықтыбековке «Өнерге қосқан үлесі үшін» төсбелгісін тапсырды.
Өнер иесіне марапатты табыстау рәсіміне аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаев пен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Есенхан Қойшыманұлы қатысып, Мәлік Мадыханұлының өнер саласындағы еңбегін айта келіп, елеулі еңбегі үшін арнайы төсбелгіні кеудесіне тақты.
Дәстүрлі әнші, күйші, жыршы-термеші Мәлік Мықтыбеков бұған дейін түрлі облыстық, республикалық өнер байқауларында топ жарғаны белгілі. Атап айтқанда, «Текті сөздің төресі – терме» облыстық байқауында ІІ орын және екі дүркін бас жүлде жеңімпазы атанса, «MEN QAZAQPYN» дәстүрлі әнші, күйші, термешілердің телевизиялық мега жобасында «Үздік аймақтық термеші» номинациясымен республикаға жолдама алды.
2022 жылы Талас ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Жуалы, Жамбыл, Сарысу, Талас аудандары көркемөнерпаздары аймақтық «Үкілі домбыра» фестивалінде «Жыр-терме өнері» кезеңі бойынша үздік өнер көрсетіп, Бас жүлдені иеленді.
Сонымен бірге Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қойылған Сәкен Жүнісовтың «Сабалақ Абылай – Хан Абылай» драмалық қойылымында Әлихан батырдың рөлін, Ербол Бекжановтың «Берекең кетсе…» драмасында психологиясы ауыр Сағидің рөлін жоғары деңгейде орындай білді.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» әріптесіміз ауданда өтіп жатқан түрлі мәдени іс-шараларды да жүргізуде белсенділік танытып келеді.
Әріптесіміз Мәлік Мадыханұлын кезекті марапатымен құттықтай отырып, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруына сенім білдіреміз!

Аида Заманбекқызы,
аудандық халық шығармашылығы
және мәдени демалыс орталығының
бөлім меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close