Basty bet
Тарих пәнінің мұғалімдері біліктілігін арттырды
«Жамбыл-Өрлеу» Кәсіби даму институты Жуалы ауданы бойынша тарих пәнінің мұғалімдеріне арналған «Тарих пәні мұғалімдерінің пәндік құзыреттіліктерін дамыту. 10-11 сыныптардың қиын тақырыптары» біліктілікті арттыру курсын ұйымдастырды. Курстың оқытушысы Аманкүл Есмырзаева.
Оқуға тәжірибелі, білікті ұстаздармен қатар жас мамандар да ерекше белсенділікпен қатысты. Қоғамның білім беру саласындағы құзыретті мамандарға қажеттіліктің артуына байланысты тарих пәнінің мұғалімдеріне талап күшейтілуде. Курс аясында мұғалімдер нормативтік-құқықтық құжаттарды біріктіру, интерактивті сабақтар бойынша тапсырмалар орындады. Барлық сабақтар жаңа технологиялар арсеналының көмегімен өткізілді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, пәндік құзыреттіліктерді арттыруға арналған білім беру бағдарламалары педагогтердің кәсіби дамуына және жұмыс сапасына оң әсер етеді. Бұл сонымен қатар жалпы білім сапасына, оның ішінде оқушының біліміне де оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ тарих пәніндегі «Әлем өркениеттерінің тарихы», «ХХ-ХХI ғасыр басындағы көрнекті саясаткер-реформаторлар» тақырыптарын оқыту барысында функционалдық сауаттылықты дамыту үшін soft skills дағдылары мен 4К моделін жүзеге асырады. Аталған білім беру бағдарламасы пән мұғалімдерінің күрделі тақырыптар бойынша тарихи ойлауды қалыптастыруға, тарихи оқиғаларды бағалауға пәндік және әдістемелік құзыреттіліктерін жетілдіруге бағытталған.
Курстарды өту қорытындысы бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін оқытудың тиімділігіне талдау және олардың алған білімдеріне қорытынды бағалау жүргізіледі. Мұғалімдердің сабаққа қатысуы және олардың сабақтағы белсенділігі, мысалы, сыныптағы/топтағы басқа қатысушылармен өзара әрекеттесу, жауап беру және жаңа идеялар мен шешімдерді ұсыну сияқты критерийлер бойынша бағаланды. Курс соңында мұғалімдер қорытынды тест тапсыратын болады.
Нұргүл Пірімқұлова,
аудандық білім бөлімінің әдіскері