Basty bet

Тараздың орталығындағы көпқабатты үйлер жаңарып, жаңа келбетке ие болады

Тараз қаласының орталығында өткен ғасырдың 70-жылдары салынған көпқабатты тұрғын үйлер кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Биыл Сүлейменов көшесіндегі 9 үйдің қасбеті мен шатыры толық жаңартылып, ғимараттарға бірыңғай сәулеттік сипат беру көзделген. Ауқымды жұмыстарға жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бағытталған.

Жөндеу жұмыстарының басты мақсаты – тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жақсарту ғана емес, олардың пайдалану сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Жаңғырту аяқталғаннан кейін үйлер заманауи сәулеттік үлгіге сәйкестендіріліп, арнайы жарықтандыру жүйесі орнатылады.

Сүлейменов көшесіндегі көпқабатты үйлердің басым бөлігі жарты ғасыр бұрын салынған. Уақыт өте келе ғимараттардың қасбеттері мен шатырлары ескіріп, күрделі жөндеуді қажет еткен. Осыған байланысты қала аумағында тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары қолға алынған.

Қазір нысандарда жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталуға жақын. Шатырлар толық ауыстырылып, ғимараттардың сыртқы қабырғалары заманауи фиброцемент панельдерімен қапталуда. Бұл материалдар үйлердің жылу оқшаулау қасиетін жақсартып, энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан үйлердің бірінде жиырма жылдан астам уақыт тұратын тұрғындардың бірі бұл өзгерістерді көптен күткенін айтады. Бұған дейін жауын-шашын кезінде шатырдан су ағу мәселесі жиі орын алған. Қазір ескі шатыр толық жаңартылып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалуда.

Жоба аясында шатыр мен қасбетті жаңартумен қатар, су ағатын жүйелер, терезе маңындағы еңістер және басқа да қажетті элементтер ретке келтіріледі. Тұрғындардың ұсыныстары мен анықталған кемшіліктер де жұмыс барысында ескеріліп, мердігер ұйымдар оларды белгіленген мерзімде жоюға міндеттелген.

Бұл – Тараздың орталық бөлігін жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстардың жалғасы. Соңғы екі жылда қала орталығындағы 27 көпқабатты үйдің шатыры мен қасбеті жаңартылған. Үйлердің балкондары бірыңғай үлгіде жасалып, ғимараттардың сыртқы келбеті ортақ сәулеттік шешімге келтірілген.

Биыл осындай жаңғырту жұмыстары тағы 9 көпқабатты үйде жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд теңге. Маңыздысы, жұмыстар тұрғындардың қаржысы есебінен емес, толықтай жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Яғни тұрғындардан қайтарымды төлем талап етілмейді.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының шамамен 80 пайызы орындалған. Шатырларды жаңарту жұмыстары аяқталып, қазір негізгі назар ғимараттардың сыртқы қабырғаларын қаптауға бағытталған.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – үйлерге арнайы архитектуралық жарықтандыру орнатылады. Бұл кешкі уақытта ғимараттардың көркін айқындап, қаланың орталық көшелеріне заманауи сипат береді.

Жаңғырту жұмыстарына шамамен 120 адам тартылған. Құрылысшылар мен мердігер ұйымдар жұмыстарды белгіленген кестеге сәйкес жүргізіп, нысандарды қазан айында толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Тұрғын үйлерді жаңарту қала инфрақұрылымын жақсартумен қатар, Тараздың тарихи орталығының сәулеттік келбетін қалыптастыруға да ықпал етеді. Бір үлгіде безендірілген қасбеттер, жаңартылған шатырлар және заманауи жарықтандыру жүйесі қаланың орталық бөлігін біртұтас архитектуралық кеңістікке айналдыруға мүмкіндік береді.

Алдағы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғаспақ. Жергілікті атқарушы органдар қаланың бірнеше орталық көшесінде орналасқан тағы 13 көпқабатты үйдің шатырлары мен қасбеттерін жаңартуды жоспарлап отыр.

Көпқабатты тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен жаңғырту – қаланың сыртқы келбетін өзгертіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба. Жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін Тараздың орталық көшелері жаңарып, қала заманауи әрі жинақы сәулеттік келбетке ие бола түспек.

Таңдаулы материалдар

Close