Basty bet
Энергетиктердің еңбегі еленді
Еңбек адамы – елдің мақтаны және қоғамның қозғаушы күші. Қазір еңбек адамына деген құрмет елдік деңгейде қолға алынып, ұзақ жылғы табанды еңбегімен табысқа жеткен айтулы азаматтарды қоғамға үлгі ете отырып, оларға мемлекет тарапынан жоғары сый-құрмет көрсету қоғамның игі дәстүріне айналып келеді.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деп атап өтілгенін жақсы білеміз. Президенттің бұл сөзі еңбекке, нағыз еңбек адамына деген жоғары құрметті көрсетсе керек.
Қыркүйек айының соңғы жексенбісіне тұспа-тұс келетін Еңбек күні мерекесіне орай аудандық электр желілерін тарату мекемесінде еңбек етіп жүрген майталман мамандар, атап айтқанда, электромонтерлер – Ержігіт Жүнісов және Мұса Самбиев аудандық мәслихаттың Алғысхатымен қоса, заттай естелік сыйлықпен марапатталды. Олардың аталған кәсіпорындағы ұзақ жылғы үлгілі еңбегі мен адал қызметі өңір тұрғындарына электр энергиясын тұрақты жеткізуге қосылған үлкен үлес деп білген жөн.
«Жаңа өмір»-ақпарат