Basty bet

Сақ болыңыз, қар көшкіні!

Жыл сайын қар көшкіні қауіпті кезеңде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалының мамандары Жамбыл облысы төтенше жағдай департаментінің өкілдерімен бірлесе отырып таулы аудандардың аумағында қар көшкіні қаупі бар аймақтарды анықтау мақсатында аэровизуалды зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырады.
Біздің Жуалы ауданындағы Көксай және Қаралма тау шатқалдарында қар көшкіні қауіпті учаскелері бар екендігін назарға алып, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалының басшысы Сұлтан Ақбердиев айтып берді.
Аталған учаскелерге филиал мамандары бекітілген кесте бойынша әр онкүндікте жербетілік зерттеу жұмыстарын тұрақты жүргізеді. Оған қоса профилактикалық жұмыстар, яғни әртүрлі деңгейдегі әкімдіктерге, кәсіпорын, мекеме, әскери бөлім, білім ошақтарына төтенше жағдай саласындағы мәдениетін арттыруға қысқы кезеңдегі қар көшкіні туралы кең ауқымда(қар көшкіні белгілері, түрлері, классификациясы және сақтық шаралары туралы) семинар-сабақтар өткізеді.
Профилактикалық жұмыстың тағы бір түрі-жоғарыдағы мекемелерге, демалыс орындары, шаруа қожалық иелеріне, елді мекен тұрғындарына хабарлама-ұсыныстар беріп, түсіндіру жұмыстары барысында «Қар көшкіні кезінде қандай әрекет жасау керектігі» туралы жадынамалары таратылады.
Халықтың табиғи сипаттағы төтенше жағдай (сел, қар көшкіні) туралы қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, осы саладағы білімді кеңінен насихаттау мақсатында 2023 жылдың 20 қаңтарында «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселесі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ (волонтер) ұйымдар арасындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум жасады.
Адам көп шоғырланған елдімекендерде профилактикалық жұмыстарды(жадынамалар тарату) осы волонтерлермен бірлесіп орындалады.
Қар көшкіні – тау беткейлерінен құлайтын немесе сырғитын қар массалары. Олар адам өміріне және шаруашылық нысандарға қауіпті табиғи процесс болып табылады. Қар көшкіндері, еңістігі 15˚ асатын, биіктігі 30 см асатын қар жамылғысына ие барлық таулы аудандарға тән.
Көшкiн жинағыш – көшкін қалыптасатын беткейдің құлама учаскесі. Үш бөлікке бөлінеді: көшкiн туындайтын аймақ, көшкiннiң қозғалыс аймағы, көшкiннiң жинақталу аймағы (көшкіннің ысырынды конусы).
Қар көшкiнiнiң көлемi – қар көшкiнінің шөгінділері деген сөз, текше метрмен өлшенедi. Көшкiннің өздігінен түсуі – табиғи себептердiң салдарынан көшкiнiнiң құлауы. Көшкiннің табиғи жолмен түсуі мен адамдар әсерінен болатын көшкіндерді (жару, беткейге шығу және т.б.) ажырата білу қажет.
Сондықтан аудан тұрғындары және таулы аймақтағы демалыс орындарына келген демалушылар қар көшкінінен сақтану мақсатындағы қауіпсіздік шараларын білуі қажет.
– Қар көшкінінің алдын алу мақсатында орындалатын қауіпсіздік шараларына тоқталып өтсек.
• Тұрғындарға желді және қарлы ауа-райында, 15-17 градусқа дейінгі қар жамылғысы қалың еңістігі бар тау баурайларына шығуға жол бермеу немесе шектеу қою;
• Сондай-ақ, күн күрт жылығанда немесе қардың қатты еруі кезінде қарлы беткейлерге шығу ұсынылмайды;
• Тауда саяхаттаған кезде қар көшкініне жол бермеу үшін қатты дыбыс (айғайлау, ысқыру, мылтық ату) шығармау;
• Адамдар арасында 10-20 м аралықпен еңістік бойымен қозғалу қажет;
• Саяхаттағы барлық қатысушыларға бірдей аралықта белбеу немесе арқан байлау.
Қар көшкіні кезінде қандай қауіпсіздік ережелерін жадында сақтау туралы да тұрғындар білгені дұрыс.
• Таулы аймаққа шығарда, бұқаралық ақпарат құралдарынан көшкін, ауа райы туралы ақпаратқа көңіл бөліңіз. Міндетті түрде тобыңызбен хабарлағыш құрылғыларды жаныңызға алыңыз. Оған қоса, барлық хабарлағыш құрылғы қосулы тұрғаны абзал. Құрылғыны киіміңіздің ішкі қалтасына салып қойғаныңыз жөн. Себебі, егер сөмкеңізге салсаңыз, қар көшкіні кезінде сөмкеңізден айырылып қалуыңыз мүмкін;
• Жаныңыздағы серігіңіз көшкін астында қалса, құрылғыны іздеу режиміне қойыңыз. Құрылғы қызметінің радиусы 50 метрге дейін жетеді. Осы аралықта жоғалған серігіңіздің хабарлағышын тапқан уақытта, сіздің құрылғыңыз қатты дыбыс беруі мүмкін. Яғни, сіздің досыңыз құрылғы бағыттаған маңда;
• Егер құрылғы болмаған жағдайда, қауіпті аймақтан жоғалған адамды бір ғана адамның іздегені дұрыс. Ал қалған топ мүшелері оның қимылын бақылап тұрғаны жөн. Себебі, тағы да көшкін пайда болса, оны қар басқан маңды жаттап қалу керек;
• Білектеріңізге қызыл түсті жіп немесе бау тағыңыздар, көшкін кезінде бір-біріңізді табуға септігін тигізеді. Егер киіміңіз қызыл түсті болса, тіптен жақсы;
• Көшкін кезінде биік жерге, мысалы, мүмкіндігіңізше, терекке өрмелеп шығып кетуге тырысыңыз;
• Егер аяғыңыздың астынан қозғалған қабатты сезсеңіз, бар күшіңізді жинап, көшкіннің шетіне қарай ұмтылыңыз;
• Сөмкеңіз бен шаңғыңызды тастаңыз. Себебі, мұндай жағдайда артық жүктің пайдасы болмайды;
• Көзіңізге түскен қандай зат болсын, тас немесе ағаш болсын, ұстап тұрыңыз. Ол сіздің өміріңізді құтқарып қалуы мүмкін;
• Көшкін астында қалсаңыз, ең бастысы, тыныс алу мүшелеріңізді қар тозаңынан сақтаңыз. Көшкін астында аяқ пен қолдың көмегімен кеңістікке шығуыңыз керек;
• Айқайлауға болмайды, себебі бұл күш жұмсауды керек етеді және де жоғарғы дыбыс әлсіреткіш қасиетінен сізді ешкім естімейді;
• Құтқарушыларға белгі беру үшін және сақ болу үшін қалғымау қажет.

Бахытгүл Жексекеева,
аудан әкімінің бас инспекторы

Таңдаулы материалдар

Close