Basty bet

ОЛ – СОВЕТТЕР ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ БОЛАТЫН…

(Отан алдында адал қызмет атқарған М.Балмағамбетовтың ерлігі жайында бірер сөз)

«Заман еді адамы парасатты,
Болжамаған әлі ешкім болашақты.
Ұлы дала төріне Алаш атты,
Иеленіп «Ер» деген тамаша атты.
Қарадөңге жаңа нұр шаттық сыйлап,
Бұл өмірге ұл келді Мақаш атты».
Мақаш Балмағамбетовке арналған өлең жолдарынан.
Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл толып отыр! Иә, осыдан 80 жыл бұрын Кеңестер Одағының жеңісімен аяқталған Ұлы Отан соғысына қатысып, майданда асқан ерлік көрсетіп, ел құрметіне бөленіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған санаулы ерлердің бірі – Мақаш Балмағамбетов болатын.
Тікелей ұрпақтарының айтуынша, Мақаш Балмағамбетов 1914 жылы қазіргі Қызылорда облысы Арал ауданының Аманөткел ауылына қарасты Қарадөң деген жерде дүниеге келген. Туған жері мен елі үшін, дүниеге келер жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін кеудесін оққа тосып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен батырдың өнегелі өмір жолы туралы әңгімелеудің реті енді келіп тұрғандай…
Мақаш Балмағамбетов 1943 жылдың наурыз айында әскерге шақырылып, 29 жасында әскерге аттанады. Аз-кем әскери дайындықтан кейін 7-армия сапында ұрыстарға қатысады. Бұл кезде Сталинград түбіндегі неміс фашистеріне шешуші соққы берген Қызыл Армия ілгерілей түсіп, Украина жерін азат етудегі жорықтары басталған кез еді…
Алғашқы күндерден бастап-ақ қиян-кескі ұрыстарға қатысып, оқ пен оттың ортасында жүрген оның елгезектігі мен қайтпас жігерлігіне тәнті болған рота командирі оған үлкен сенім артып, гвардия сержанты шеніне көтеріп, пулеметшілер бөлімшесінің командирі етіп тағайындайды.
Қан майданның қызған кезі. 1943 жылдың қыркүйек айының 25 жұлдызы күні ол қызмет еткен рота Днепр өзеніне жетеді. Мақаш Балмағамбетов өз бөлімшесінен бірінші болып қайықпен дариядан өте бастайды. Пулеметпен қаруланған олар Днепропетровск облысының Бородеевка селосына жақындап қызу ұрысқа кіріседі. Үдей түскен шабуылдарға тойтарыс бере отырып, өзеннің арғы бетіне жеткен үш жауынгер жаудың назарын өздеріне аударып, барлық бөлімшенің өзеннен өтуін қамтамасыз етеді. Бір күн ішінде олар жауға үш мәрте тойтарыс береді. Кешке қарай аман қалған жауынгерлерді бастап шабуылға шығады. Сол кезде ол немістің бірнеше солдаты мен офицерін жайратады.
Қасиетті Сыр өңірінде туып-өскен жауынгер Мақаш Балмағамбетовтың суда балықша жүзетін қасиеті оны Днепр өзенінен де еркін жүзіп өтуіне көп көмек болғанын айтады батырдың ұрпақтары. Ол шамамен таңғы сағат 04-тердің шамасында автоматын аузына тістеген күйі өзеннің арғы бетіне жүзіп өтіп, қапыда ұйықтап жатқан немістің 20 солдатын тірідей тұтқындап, өз бөлімшесіне алып келеді. Оның осы ерлігі «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталып және «Совет Одағының Батыры» жоғары наградасына ие болуына себепкер болғанын баса айтуға тиіспіз.
Отандық ақпарат көздеріндегі нақты мәліметтерде: «1943 жылғы 25 қыркүйекте гвардия сержанты Мақаш Балмағамбетовтың басшылығымен жеке оқу батальонының 2-ші рота бөлімшесі алғашқы болып, Украинаның Днепропетровск облысының Жоғарғы Днепр ауданы Бородеевка кентінің маңындағы Днепр өзенінен жылдам өтіп, гитлерлік пулеметшілермен қанды шайқасқа түседі. Бір күнде сержант Балмағамбетовке сеніп тапсырылған бөлімше атқыштар ротасының басқа бөлімшелерінің өткелден өтіп кетуін қамтамасыз ете отырып, қарсыластың үш бірдей қарсы шабуылына тойтарыс берді. Ал түнгі шабуылдар кезінде жауынгерлер Бородеевка кентінің шетіне шабуылдап, қосымша күш келгенге дейін өздері басып алған шабуыл шебін ұстап қалды.1943 жылдың 28 қыркүйегінде жарым түнде сержант Балмағамбетов жаудың бірнеше атыс орны тұрған үйді жарып жібереді. Соның арқасында батальон алға жылжып, ауылды басып алады.
Бұл ерлігі үшін Балмағамбетов ең жоғары наградаға ие болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 22 ақпандағы қаулысымен фашистік-неміс басқыншыларына қарсы күрес майданында жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны және ерлік пен қаһармандық танытқаны үшін гвардия сержанты Мақаш Балмағамбетовке «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріліп, кеудесіне «Ленин» ордені және «Алтын жұлдыз» медалі тағылған» деп жазылған. Оның жоғарыда аталған ерлігімен қоса, таңертең Днепр өзенінен жау жағына жалғыз өзі жүзіп өтіп, шырт ұйқыда жатқан фашистерге соққы беріп, 20-дан астамын тірідей қолға түсірген.
Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған санаулы қазақстандық жауынгер ерлердің бірі – Мақаш Балмағамбетов майдан даласынан аман-есен елге оралғаннан кейін Өзбекстан Республикасының құрамындағы Қарақалпақстанға қоныс аударып, сонда тұрып еңбек етіп, отбасын құрып, өркен жаяды. Одан екі ұл, үш қыз тараған. Үлкен ұлы Құрақбай Мақашұлы зейнетке шыққанша жергілікті ұжымшарларда көлік жүргізушісі болып абыроймен жұмыс атқарған. Қазіргі таңда ол Түркістан облысы Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылында тұрады. Жұбайы Тілеш Киікбаева екеуі жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ұлағатты ата-аналардың бірі. Батырдың үлкен қызы Гүлсара көзі тірісінде дәрігер болып еңбек етіп, Нөкіс қаласында қайтыс болған. Одан кейінгі қыздары Бибісара, Айсара және кенже ұлы Рүстем зейнет демалысында. Қазір олар Алматы облысының Талғар қаласында отбасымен ұрпақ өрбітіп отыр.
Ел ертеңі мен бейбітшілік жолында жан аямай күрескен майдангер Мақаш Балмағамбетов 1977 жылы 63 жасында дүниеден озған. Батырдың соғыстағы ерлік істері мен өнегелі өмірі жас ұрпаққа үлгі. Майдангердің ҰОС ардагері, әйгілі партизан-жазушы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновпен майдандас болғанын да айта кеткен жөн. Оның ескіше арабша сауатты болғаны – қарша бораған оқтан аман шығуына көп көмегі тиген. Өйткені, ол әрбір ұрысқа шығардың алдында қасиетті Құран сүрелерін оқып шығады екен. Содан ұрыстан келгеннен кейін арқасында асынып жүретін тамақ ішетін темір табақ оқ патрондарына толып қалатын көрінеді… Бұл да Аллаға сыйынып, Жаратушыдан медет тілеген жас жауынгердің «оққағары» болғанын дәлелдесе керек…
-Ертеңгі күннің бүгінгі күннен де жарық ықпал етіп, адамзат қоғамын алға қарай жетелеуші құдіретті күштің себебі – Тәуелсіздік алу болатын. Қоғамның рухани және адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің батырлығы мен қан майданда көрсеткен ерлік істерін келер ұрпаққа насихаттау – басты міндеттің бірі.
Соғыстан кейін бейбіт заманда туған жас ұрпақ кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ жауынгерлерінің жанкешті ерлігі туралы оқулықтар, көркем әдебиеттер мен кино туындылардан ғана естіп, көріп білуде. Соғыс ардагерлерінің соңғы буыны айтып берген әсерлі әңгімелері жанымызды, санамызды патриотизмге жетелейтіні анық. Олардың қайсарлығын, Отанға деген сүйіспеншілігін, келешек ұрпақ үшін қалдырған асыл қасиеттерін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырушы ең біріншіден – болашақ жастар. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп, – барлығымызға қастерлі міндет. Онымен қоса, батыр бабалар сияқты ар алдында адал қызмет атқару – парыз,- дейді Батыр Мақаш Балмағамбетовтың немересі Жанар Мақашева.
Айта кету керек, Батыр ұрпақтарының бірқатары Түркістан облысының Түлкібас ауданында және немерелері мен бірқатар ұрпақтары қазір ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында тұрады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close