Basty bet

Көше жолдарының сапалы жөнделуі – ауыл көркінің кепілі

Ауылдың дамуы мен тұрғындардың өмір сүруіне жасалатын қолайлы жағдайлардың барлығы ең біріншіден мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына келіп тірелетіні белгілі. Бұл ретте тұрғындардың сапалы өміріне және таза ауызсу, сапалы жол, одан кейін әлеуметтік нысандармен қамтамасыз ету маңызды.

Кейінгі жылдары ел өңірлерінде жол құрылысы анағұрлым қарқын алып келеді. Бұл бір жағынан жаңа заманның талабы. Мұның ішінде, ауыларалық және аудандық мәндегі жолдардың құрылысын қоспағанда, алыс өңірлерді бір-бірімен жалғап жатқан мемлекеттік мәні бар транзиттік күре жолдардың жөнделуі ел ішіндегі алыс-беріс пен барыс-келісті біршама арттырып отырғаны анық. Елдің басқа өңірлері сияқты, біздің ауданда да ауыларалық автомобиль жолдарымен қатар, ауылдық округтерге қарасты ауылдардың көше жолдарын жөндеу жұмыстары атқарылу үстінде.
Атап айтқанда, Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылында 10 көшенің жолы орта жөндеуден өткізілді. Көлбастау ауылындағы көше жолдарын жөндеуге жоспарланған жұмыстардың ішінде – Байтоқов, Ковешников және Қ.Рысқұлбеков көшелерінде жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып қалды.
–Жұмыстарға жауапты мердігер мекеме – тараздық «Интеллект Азия» ЖШС. Апта ішінде аталған серіктестіктің жолды тегістеуге арналған ауыр техникасы жолдың бұрынғы асфальт жабынын бұзып алып, жол орнын тегістеуге кірісіп кетті. Көше жолы толықтай тегістеліп, негіздемесі жасалып болғаннан кейін мұнда жаңа асфальт жабыны төселді.
Серіктестіктің бригадирі Қуаныш Тұрсынқұловтың айтуынша, аталған көше жолын жөндеу жұмыстары жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген талаптарға сәйкес атқарылмақ. Жұмысты өз деңгейінде әрі толыққанды атқару үшін серіктестікте асфальт тегістеуге арналған ауыр техника, салмағы әртүрлі екі каток, бес бірлік жүк тасымалдайтын ауыр техникамен қатар, асфальт төсеу кезінде құрылыс басында 15-ке жуық маман жұмыс атқаруда.
-Біздің серіктестік Көлбастау ауылындағы барлық көшенің жолын жөндеуді өз міндетіне алып отыр. Өткен аптада бірінші көшенің жолын жөндеуді бастадық. Қазір тиісті жұмыстар атқарылу үстінде. Жол жөндеуге қажетті техникаларымыз бар, жұмысшы күші де жеткілікті. Сәтін салса, аталған көшелердің жолын белгіленген мерзім ішінде және жобалық-сметалық құжаттамадағы техникалық талаптарға сәйкес атқаруға барынша күш саламыз. Жол құрылысына қажетті негізгі материалдар – асфальт және битум облыс орталығындағы зауыттан жеткізіледі. Барлығы сертификатталған отандық өнімдер,- дейді серіктестік бригадирі Қуаныш Тұрсынқұлов.
Маусым айының басында басталған орта жөндеу жұмыстары қазіргі таңда мердігерлердің тарапынан уақтылы атқарылуда.
-Ә.Байтоқов көшесінің жөндеу жұмыстарын аяқтап болып, одан кейінгі кезекте Ковешников көшесінің жолына асфальт жабынын төсеуді толықтай аяқтадық. Енді ауылдағы басты көшелердің бірі – Д.Қонаев, Қ.Рысқұлбеков, Б.Момышұлы көшесінің жолын жөндеуге кірістік. Жұмыс қалыпты жағдайда жүруде. Жұмысшылар және жол салатын арнайы техникалардың күші толықтай жеткілікті. Бұл бізге жол құрылысын уақтылы әрі сапалы орындауға толықтай мүмкіндік береді.
Дегенмен, бір ескертіп айта кететін жағдай, көше жолдарын толықтай жөндеп болғанша, жеке автокөлік иелері баратын жерлеріне басқа көшелермен айналып жүрулері қажет. Себебі, көліктердің ағыны біріншіден жұмысқа кедергі келтіреді, екіншіден жаңадан төселген асфальтты және жолға шашылған битумды да таптап тастайды. Бұл айналып келгенде, жолдың сапасына әсер етеді. Сондықтан жолдың құрылысы толықтай аяқталғанша, ауыл тұрғындары аздап сабыр сақтап, уақытша қолайсыздықтарға түсіністік танытқандары дұрыс,- дейді бригадир Қуаныш Тұрсынқұлов.
Ауылдағы көше жолдарының жөнделіп жатқанына тұрғындар қуануда. Сапалы жол – тұрғындардың қуанышымен қатар, экономикалық тұрғыдан да өте маңызды. Ал жолдардың шын мәнінде сапалы жөнделуіне тұрғындардың да мүдделі әрі бұл іске шын жанашырлықпен қоғамдық бақылау жасап жатқаны бізді қуантады. Өйткені, жолдың сапалы жөнделуі мердігерге емес, ең біріншіден ауыл тұрғындарына қажет.
Сондықтан, олар мердігерлер тарапынан орын алуы мүмкін деген әрбір кемшілікке баса мән беріп, жұмыстың сапалы атқарылуына атсалысып келеді. Тұрғындардың белсенділігін біз Ковешников көшесін жөндеу кезінде анық байқадық. Көше тұрғындары мердігерлерге алғыс білдірумен қатар, жол жөндеу кезінде орын алған олқылықтарды да атап көрсетіп, оның дер кезінде жойылуына өздері тікелей бақылау жасауда.
Айта кету керек, көшелерді жөндеу барысында байқағанымыз, төселіп жатқан асфальт сертификатталған, сапасы жақсы. Осында уақтылы жеткізіліп, уақтылы төселуде. Ендігі кезекте жолды ауыр катоктармен таптау жұмыстары талапқа сай атқарылуы керек.
Мердігер мекеме «Интеллект Азия» ЖШС бригадирнің айтуынша, көшелерді жөндеу жұмыстары маусым айының аяғында толықтай аяқталуы тиіс.
Сәтін салып, жол жөндеу жұмыстары сапалы әрі уақтылы атқарылатын болса, өңірге қарасты ауылдардың көше жолдары, ауыл көркін арттыра түседі деп сенеміз!

Таңдаулы материалдар

Close