Basty bet

Исламның қасиетті құндылығы және бабалар дәстүрінің тағылымы

Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 80 жыл толып отыр.
Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Бұл – бір адамның ғұмыр жасына тең уақыт. Осынау уақыт аралығында адамзаттың жүрегіндегі соғыс салған жара жазыла қойды деп айта алмаймыз. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда: «Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған біздің елде бір де бір семья жоқ. Соғыс қайғысы, соғыс мұңы әрқайсымыздың басымыздан өтті. Солдаттың сағынышы, ата-ананың қайғысы, жардың мұңы, жетім-жесірдің көз жасы әрқайсымыздың көз алдымызда».
Зымыраған зымыран уақыт-ай десеңші… Осыдан тұп-тура 30 жыл бұрын Қазақстан азаттыққа қол жеткізіп, Тәуелсіз ел атанғанына небәрі 3-4 жыл ғана уақыт болса, 1995 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңістің орнағанына 50 жыл толған-ды. Біз мұны тегіннен тегін айтып отырған жоқпыз. Сол жылы сәуір айының соңғы күндерінде Алматы қаласынан ұшып шыққан самалет бортындағы 200-ге тарта жолаушы қажылық сапарымен Сауд Арабиясы корольдігінің Жидда қаласына келіп қонды. Бұл жолаушылардың арасында үлкен қажылық сапарға ниет еткен жігіт ағасы, Жуалы ауданының бас имамы қызметін атқаратын Сейітқазы Медетбеков те болды.
Қазір алпыс жастың асқарындағы ойы кемелденген азамат, сондағы сапарда мұсылманның бес парызының бірін өтеп, «қажы» атанып қайтқан Сейітқазы Әбдірұлы қазір қасиетті Әулиеата өңіріне белгілі дін қызметкері, ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы қызметін абыроймен атқарып, өңір жастарына дәстүрлі діннің құндылықтарын үйретіп, асыл дініміз бен бабалар дәстүрінің өзара тығыз сабақтастығын көпшілікке ұдайы насихаттаумен келеді.
– Күллі мұсылман қауымның қасиетті құбыласы саналатын Мекке қаласына жасаған қажылық құлшылық сапарына 30 жылдан асса да әлі де бүгінгідей көз алдымда. Қазақстанның сол тұстағы астанасы Алматы қаласынан ұшып шыққан әуе лайнері Сауд Арабиясының Жидда қаласына келіп қонды. Лайнерде барлығы 200-дей жолаушымыз. Менің жанымда Жуалы ауданынан ұлты шешен Әмірхан Молочиев есімді жасы үлкен, қадірлі қария болды. Алла тағаланың қалауымен және сол тұстағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбекұлының ұйғарымымен мұсылманның бес парызының бірі – қажылық сапарына барып, құлшылық жасап қайтқаныма Аллаға әлі де мың да бір шүкір етемін.

Біз ең алғаш аялдаған Жидда қаласы қасиетті Мекке қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан екен. Біз Меккеге бармас бұрын алдымен Нұрлы Мадина қаласында болдық. Бұл ардақты Мұхаммед (с.а.у) пайғамбардың мәңгілік тыныс тапқан жері делінеді. Онда барлығымыз адамзаттың асыл тәжі – ардақты Пайғамбарға дұға жасап, мұнда сегіз күн болғаннан кейін үлкен автобустармен Мекке қаласына аттандық. Бұл екі қаланың арасы – 460 шақырымға жуық. Құдайдың құдіретін қарасаңшы… Арафат тауына барғанымызда бұл күн 9 мамырмен тұспа тұс келді. Бұл қасиетті Құрбан айттың алдындағы арапа күні болатын. Осы күні біздің елде Ұлы Жеңістің 50 жылдық мерекесі атап өтіліп жатқанын іштей сезіп, екінші дүниежүзілік соғыста ел мен Отан қорғап, шейіт болғандардың барлығына бағыштап қасиетті қажылық сапарында Құран оқып, көпшілікпен дұға-тілек жасадық. Меккеде тұрып марқұмдардың әзіз рухы пейіштің төрінде шалқысын деп Алладан сұрап, жалбарынып тіледік,- дейді сол күндерді тебірене еске алған Сейітқазы қажы Медетбеков.
1995 жылы Ұлы Жеңіске 50 жыл толғанын жоғарыда айтқандай, дәл осы жылы 9 мамырда Жуалы ауданының Қайрат ауылында даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейі салтанатты жағдайда ашылғаны белгілі. Күллі әлемге ерлік даңқымен мәшһүр болып, қазақ халқын жер-жаһанға танытқан Батырдың музейі қазіргі таңда рухани орда қызметін атқарып, Б.Момышұлының жеке өмірінен, отбасынан және тұтастай алғанда, сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертетін киелі орынға айналып үлгерді.
Осыны жан жүрегімен терең сезініп, қасиетті Мекке қаласынан үлкен қажылық парызын өтеп, ұзақ сапардан туған жерге аман-есен оралған ауданның сол тұстағы бас имамы қызметін атқаратын Сейітқазы қажы Медетбеков мұнда құр қол келген жоқ. Меккеден қасиетті Құран Кәрім кітабын қасиеттеп ақ матаға ораған күйі Батыр Бауыржан Момышұлының жаңадан ашылған мемориалдық музейіне әкеп табыстады. Бұл кітапты қажылық сапарында Сауд Арабиясының әмірі Абдул Азиздің атынан көмекшілері табыстағаны оның әлі күнге есінен шыққан емес. Иә, қасиетті Құранның жанында мұсылманның жайнамазы, су құятын құты, тәспі, зәм-зәм суы, т.б. біздің елден табыла бермейтін тәбәрік заттар бар екенін де айтқан жөн.
Ендігі кезекте Сейітқазы қажы Медетбеков қасиетті парыздың бірі – қажылықты орындау барысында бастан кешкен тебіреністі сезімдері мен көкейге түйген ойлары туралы да айтып берген еді…
– Қажылық деген – сән-салтанат, қыдыру, серуен, саяхат емес, орындалуы өте ауыр, қиындығы мен машақаты қыруар, әрбір мұсылманның жауапкершілігі аса жоғары қасиетті парызы. Қажылықты Алланың қатал сынағы десе де болады. Ол Алланың бірлігі мен Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у) хақтығына сену, бес уақыт намаз, ораза, зекеттен кейінгі Исламдағы бес парыздың ең соңғысы.
Алла тағала: «Құлым мені тану жолында маған қарай бір қадам жасаса, мен оған қарай он қадам жасаймын, он қадам жасаса, мен оған қарай жүгіремін» дейді. Қажылық – адамды сабырлық пен төзімділікке, шыдамдылық пен шүкіршілікке, кішіпейілдік пен ізгілікке тәрбиелейтін теңдесі жоқ құлшылық рәсімі. Қажылықты дұрыс атқарған адамның бақи дүниедегі сыйы жәннат екенін, ал фәни дүниедегі сыйы ретінде үзілмейтін ризық пен кедейліктің ауылынан алыс болуы, сонымен қатар күллі күнә-кемшіліктердің қызған темірге тамған су тамшысындай жойылып, мүминнің анадан туған сәбидей пәк қалыпқа түсетіні жайлы ардақты Пайғамбардың (с.а.у) хадистерінде айтылған.
Қажылық парызын өтеуге келген әрбір мұсылман – Алланың қадірлі қонағы. Алланың құлына Алланың құрметті қонағы болудан артық қандай бақыт болуы мүмкін. Олар түр-түсіне, байлығына, мансабына, атақ-дәрежелеріне қарамай бір кісідей жақындасып, жер бетіндегі барша мұсылмандардың қайғы-қасіретіне ортақтасуына әрі бірлікте Аллаға ұмтылуларына Жаратқанның өзі мүмкіншілік жасайды.
Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары қажылыққа барып, қайту оңай болған жоқ. Діни басқарманың шешімімен жыл сайын қажылық парызын өтеуге бару үшін бар-жоғы 200 адамға ғана лимит берілетін. Тәуелсіздік жылдары Қазақстаннан алғашқылардың бірі болып қажылық парызын өтеп келгеніме шүкірлік ететін жандардың бірі менмін. Біз де сол жолғы қажылық сапарында қасиетті Қазақстанның амандығы, Отанның тыныштығы, бейбіт өмірдің орнауын, Тәуелсіздік тұғырының бекем болуын Ұлы Жаратушыдан жалына-жалбарына тілеп, Ұлы Отан соғысында шейіт болған барша марқұмның рухына бағыштап Құран оқыдық. Бұл біле білгенге үлгі-өнеге, жас буынға тәлім-тәрбие деп білемін. Қазір ойлап отырсам, 1995 жылы туған жас балалар қазір орда бұзар отыз жастан асты. «Ес біліп, етек жапты» дегендей, олардың балаларының алды қазір мектепке барып жатыр. Қажылық сапардан елге алып келген тәбәрік заттардан туған-туыс пен көрші-қолаңға да үлестіріп бергенім бар. Бір таңғалатыным, қазір сол заттарды көздің қарашығындай сақтаған азаматтар кейде оны өзіме көрсетеді. Бұған да шүкір,- дейді Сейітқазы қажы.
Сейітқазы қажы Медетбековтың асыл дініміздің қызметінде жүргеніне биыл 40 жылға жуық уақыт болса, ол 1990 жылы ауданның бас имамы қызметіне тағайындалды. Ал 1994 жылы аудан орталығындағы «Жуалы» көпшілік мешіті толықтай аяқталып, жергілікті жамағаттың игілігіне пайдалануға берілгені белгілі. Иә, 1989 жылы ауданда мешіт салу туралы игі бастама көтеріліп, 1990 жылы алғашқы қазығы қағылған бұл мешіттің салынуына қасиетті өңір халқының және жекелеген атпал азаматтардың қосқан сүбелі үлесін де баса айтқан жөн.
– Қажылық сапарында 20 күндей болып, тобымызбен елге аман-есен оралдық. Содан бір күні түс көрдім. Түсімде қасиетті Қағбаның қара тасының жан-жағын ақ шымылдықпен орап қойған екен деймін. Әлгі ақшаңқан шымылдық самал желдің әсерімен тербеледі. Мен соның арасында жүр екенмін. Ұйқыдан оянғаннан кейін Алланы есіме алып, бұл түсті жасаған қажылық сапардың Жаратушы тарапынан қабыл болғаны деп жақсылыққа жорыдым.
Қажылық сапардан тағы бір түйгенім, қажылыққа дүниенің төрт бұрышынан бірнеше миллиондаған адам барады. Олардың барлығы ақ матаға оранады. Бұл – қажылықтың басты талабы. Оны ихрам дейді. Ихрам киімі екі бөліктен тұрады. Онда барлығы аппақ. Аспандағы күн де аппақ. Табаныңның асты да аппақ мәрмәр тас. Құдды адамзаттың асыл тәжі – Мұхаммедтің (с.а.у) ақ жүрегін көргендей керемет әсерде болатының рас. Айналаның барлығы аппақ нұрға малынып тұрғандай…
Қажылықта ақ матаға орану басты шарт емес. Ең бастысы, жан дүниеңнің тазалығы мен ниеттің шынайылығын сақтап, бес парыздың бірін шын жүректен өтеу – басты парыз. Қазақ халқы көбінесе жұмбақтап, астарлап, тұспалдап сөйлегенін жақсы білеміз. «Өлмей тұрып, өліңдер» деген сөздің мағынасына терең үңілсек, қажылықта ихрам киіну – шын мәнінде адамзатқа тіршілікте өлімнің хақ екенін сезіну емес пе?! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шариптерінде: «Өлмей тұрып, өліңдер. Есепке тартылмай тұрып, өздеріңді есепке тартыңдар» деп бұйырған. Қажылық парызының әрбір мұсылманға нәсіп болуын Жаратқаннан тілеймін,- дейді белгілі дін қызметкері өз сөзінде.
Ұлы Жеңістің 50 жылдығы тұсында қасиетті Мекке қаласында қажылық сапарында жасалған дұға-тілектерді Алла тағала қабыл еткен шығар бәлкім?! Содан бері еліміз қаншама экономикалық қиындықпен бетпе бет келсе де рухы сынып, жігері жасыған жоқ. Қиыншылықты ел болып еңсеріп, халық болып жеңіп Ұлы дала төсіндегі егемен ел атандық. Қиындықтың барлығы артта қалды. Ұлы Жаратушы қолдап бірте-бірте халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да түзеліп келеді. Дін мен дәстүріміз қайта оралып, руханият пен бейбітшілік салтанат құрды. «Өлген тіріліп, өшкеніміз қайта жанды» деген осы болса керек…
«Ежелден ел тілегі – ер тілегі, адал ұл ер боп туса – ел тірегі» деген қанатты сөзді қаһарман қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы текке айтпаса керек. Сейітқазы қажы Әбдірұлының да ойлайтыны – ел қамы, асыл дініміздің жайы. Жас ұрпақтың рухты болып өсіп, имани тәрбие алып, кемел азамат болып қалыптасуы оны қатты толғандырады. Оның жас ұрпаққа айтары да, насихаттайтыны да негізінен осы. Аудан орталығына жақын орналасқан Батырдың мемориалдық музейіне де жиі бас сұғып, дұға жасап отыруды да Сейітқазы қажы дағдыға айналдырғанын айтады. Сонда байқайтыны, сонау 1995 жылы қасиетті Меккеден әкелінген қасиетті Құран кітабы шыны сөреден орын алыпты. Басқа да заттар өз орнын тапқан. Тағы бір байқағаны, музейге барған сайын экспозиядан орын алған әйелдің ақ жаулығын көреді. Бұл – Батырдың зайыбы Бибіжамал апайдың көзі тірісінде қасиеттеп тартқан ақ жаулығы. Сейітқазы қажы мұны да Баукеңнің әйел затының асыл қасиеттерін жоғары бағалағаны деп жорамалдайды. Мұндағы әрбір жәдігердің терең тарихы бар екенін ескерсек, музейдің ұлт руханиятында қаншалықты маңызды рөл атқаратынын өзіңіз бағамдай беріңіз. Бір жәдігер бір ғұмырды баян етсе керек…
– Қажылық туралы тағы да аз-кем қоса кетсем, ұлы ойшыл, хакім Абай өзінің «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде:
«Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,
Қылғанменен татымды бермес жеміс» деп жырлайды. Ақынның бастапқы үші деп отырғаны Алланы, адамзатты және әділетті сүю болатын. Міне, осы үш «Имани гүл» кеудесінде бүр жарған адамның ғана соңғы төртеу – ораза, намаз, зекет, қажылығы қабыл болатынын алға тартады.
Ендігі кезекте дана балалар: «Ең әуелі үйіңе жақ, одан соң ауылыңа жақ, одан соң халқыңа жақ, одан соң Отаныңа жақ, одан соң барып Құдайыңа жақ» дейді. Осыны терең ескерген дұрыс болады. Мен қажылықты осы айтылған бабалар сөзімен бағалар едім.
Дана Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының да қасиетті қажылыққа ұзақ жыл дайындалып, уақыты келді-ау дегенде барып өз әулеті мен ағайын-туыстарынан рұқсат алып, сонда барып қажы атанып қайтқанын тарихтан білеміз. Сондағы қажылық сапарында Құнанбайдың жанында 100 шақты адам болған екен дейді. Басына түлкі тұмақ, саптама етік, ұзын шапан киіп, қолына қамшы ұстағандарды арабтың шейхтары алғашқыда танымай олардан: –Қай елден келдіңдер, ұлттарың кім,- деп сұраса керек.
Сонда Құнанбайдың жауабын күтпестен бір татар азаматы: –Бұлар орыстың боданы,- десе, ендігі кезекте бір өзбек жігіті сөзге жөнсіз араласып: –Бұлар Қоқанның, Құдияр ханның боданы,- дегенді алға тартады.
Сонда Құнанбай: –Біз орысыңды білмейміз, өзбегіңді білмейміз. Біз тірісінің билігін арқар ұранды Төреге берген, ал өлісінің билігін Алла ұранды Қожаға берген Қазақ деген елміз,- деп қасқая тұрып жауап береді. Тарихтан белгілі болғандай, асыл дінді ардақтаған Құнанбай қажы Өскенбайұлы қасиетті Мекке қаласында өз қаражатына тәқия (қонақүй) салдырады. Жеті жыл уақытқа созылған қасиетті қажылық сапарынан оралған Құнанбай ел тізгіні мен аға сұлтандықты ұрпақтарына беріп, өзі дүние мен билік ісіне мүлдем араласпай, одан кейінгі өмірін Құдайға құлшылық етумен өткізеді. Қажылық парызының төңірегіндегі әңгіменің бір парасы осымен тамам,- дейді аудан орталығындағы «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, ауданның Құрметті азаматы Сейітқазы қажы Медетбеков.

Дін мен дәстүр – ажырамас ұғымдар!
– Дін мен дәстүр – ешқашан ажырамайтын, егіз ұғымдар. Қазір жастардың арасында ата дәстүрді «шірік, харам, бидғат» деп өз білгендерін алға тартып, үйірінен адасып жүргендер ара-тұра болса да кездеседі. Өзінің ата діні мен ата дәстүрінен жеріген жақсы ырым емес. Дана ата-бабалардың әрбір сөзі мен ісін қасиетті Құран аяттарымен және Пайғамбар хадистерімен байланысты айтылғаны белгілі. Мысалы, ардақты Пайғамбардың (с.а.у) хадисінде: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл:
Өлмей тұрып өмірдің,
Ауырмай тұрып денсаулықтың,
Қартаймай тұрып жастықтың,
Кедейленбей тұрып байлықтың,
Көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!» деп өсиеттейді. Адамзаттың ардақты ұстазы, хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.у) ешқашан қолы бос отырмаған.
Ал бұл турасында қазақ атамыз былай дейді.
«Тіршіліктің қадірін өліп көрде жатқан біледі, денсаулықтың қадірін ауырып төсек тартқан біледі, жан тыныштығының қадірін толғатып бала тапқан біледі, ащы менен тұщыны татқан біледі, алыс пен жақынды жортқан біледі, сарыатанның қадірін ел қыдырған сарт біледі, сеңсең тонның қадірін сексендегі қарт біледі, төс айылдың батқанын иесі емес, ат біледі, ер жігіттің қадірін ағайын емес, жат біледі, жақсы менен жаманды Жаратушы Хақ біледі» дейді.
Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у) бір хадисінде: «Адам тамақ ішерде асқазанын үшке бөлсін. Бір бөлігін тағаммен толтырсын, бір бөлігін сумен толтырсын, ал бір бөлігін бос қалдырсын» деген. Адамның денесінде асқазаннан жаман жер жоқ. Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ұрпаққа жазып қалдырған бір өсиет сөзінде: «Ұшқан құсты торға түсіретін, жүгірген аңды орға түсіретін тамақ екен. Жұтқан тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі «Адаммын!» деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында болып кетті. «Ол жауы не?» – десеңіз, жұтқан тамақ! Жалғанда мазаққа, ақыретте азапқа түсіретін – тамақ. Тамақтан тартынған – бәрінен де халас болады». Сондықтан барлық дүниенің өз шегі мен шекарасы бар,- дейді С.Медетбеков.

Көз тию – хақ!
Халық ұғымында көз тию деген бар. «Көз – адамды көрге, түйені қазанға түсереді» деген. Адамға да, төрт түлікке де көз тиеді. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у): «Қараңғы түскенде балаларды үйге кіргізіп, отты өшіріп, есік-терезені жауып жатыңдар. Балаларға ыбылыстың салқыны тиеді» дегені көп жайдан хабар берсе керек…
(Жақып а.с. ұлдарына) «Ей, ұлдарым! Қалаға бір қақпадан кірмей бөлек-бөлек қақпалардан кіріңдер. Алайда сендерге Алланың қалауынан басқа еш көмек бере алмаймын. Үкім Аллаға тән. Оған тәуекел еттім. Сондай-ақ, тәуекел етушілер Оған тәуекел етсін»,- деді. Олар әкелерінің әмірі бойынша кірді. Ол олар үшін Алланың тағдырына ештеңе істей алмайтын. Бірақ Жақып (а.с.) көңіліндегі бір қажетін атқарған еді. Өйткені ол Біз үйреткен білім иесі еді. Алайда, оны адамдардың көбі білмейді.
– «Көз тию – хақ». Бұл туралы Пайғамбардан (с.а.у) жеткен хадистерде нақты айтылған. Мен көз тиіп, ауырған жас сәби, балалар мен ересектерге дем салып оқимын. Көз тиген адамды емдеп, дем салатын адамның өзі басқалардан бата алуы қажет. Әйтпесе, бәрі бекер, ауруға ем қонбайды. Мен бұл жолда өзімнің алғашқы ұстазым болған Қарақожаұлы Зүннінқожадан, Майтөбе ауылындағы Әлмембетұлы Қожағаппардан және Билікөл ауылындағы Масабайұлы Мейірбек сияқты белгілі молдалардың батасын алғанымды айтқым келеді. 40 жылға жуық имамдық қызметімде көз тиіп, ауырған жандарды қасиетті Құран сүрелерімен дем салу арқылы емдеп келемін. Көз тию дегенге аса мән беріп қараған жөн.
Сөз соңында айтарым, халқымыз асыл дініміз Исламның қасиетті құндылықтарын терең ескеріп, ата дінді ұстанып, ал жастар дін мен дәстүрді жоғары бағалап, ата-бабаның ақ жолынан айнымаса, адаспаса екен деймін. Дін мен дәстүрдің сабақтастығын терең ұғынса деген тілек бар. Ел аман, жұрт тыныш болып, барлығымызға Иман байлығын берсін! Аумин,- дейді өңірге белгілі білікті имам Сейітқазы қажы Медетбеков.

Жазып алған
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close