Basty bet

Өңір ардагерлерінің белсенділігі артып келеді

аудан ардагерлері арасында спорттың бірнеше түрінен спартакиада өтті

Тәуелсіздік жылдарынан бастап аудан көлемінде өңір экономикасының дамуына, халық тұрмысының артуына және ынтымақ пен бірліктің орнығуына өздерінің сүбелі үлестерін қосып, әлі саптан қалмай еңбек етіп, жас буынға жарқын жол көрсетіп жүрген ардагер азаматтар арамызда көп. Олар түрлі салада талмай еңбек еткен еңбек майданының майталмандары. Иә, қариясы бар елдің қазыналы болатыны да сондықтан. Қазыналы қарттар – біздің байлығымыз, арқасүйер асқар тауымыз, ұлттың ұстыны да осы қариялар.
Осынау қасиетті өңірде тұратын ардагерлердің қоғамдағы белсенділігін арттырып, өмірден көрген-түйген мол тәжірибелерін жас ұрпақтың тәрбиесі мен жарқын болашағына жарату, саламатты өмір салтын қалыптастыру арқылы олардың өмір сүру жасын ұлғайту – басты міндеттердің бірі екені белгілі.
Осыған орай, Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толуына, 1 қазан – Қарттар күні мерекесіне және «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 37 жыл толуына орай аудан ардагерлері арасында спорттың бірнеше түрінен спартакиада ұйымдастырылды. Аудандық Спорт кешенінде өткен ардагерлер арасындағы дәстүрлі жарысқа ауылдық округтердің барлығынан саламатты өмір салтын ұстанатын белсенді ардагерлер қатысты.
Жарыстың салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов, Жамбыл облысы ардагерлер кеңесінің жанынан шығатын «Ғұмыр-дария» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов және «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев кезекпен сөз сөйледі. Олар өз сөзінде, жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесінде және оларға лайықты жол, дұрыс бағыт-бағдар көрсету ісінде, сонымен қатар, өңір тұрғындарын ынтымақ-бірлікке шақыруда көпті көріп, көп жасаған қариялар мен өмір көрген ардагерлердің рөлі зор екенін жеткізіп, адам денсаулығының мықты болуы үшін ұдайы дене шынықтырумен айналысып, саламатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Айта кету керек, ардагерлер спорттың бірнеше түрінен бақтарын сынады. Атап айтқанда, оның ішінде – үстел теннисі, дойбы, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ, бильярд, ләңгі тебу және дартс ойындары бар.
Спартакиаданың қорытындысында жекелеген спорт түрлерінен жеңімпаз ардагер спортшылар Диплом, медаль және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close