Basty bet

Мақсатымыз – халық игілігіне қызмет ету

Келер жылы елімізде өкілді орган мәслихаттың құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде жергілікті мәслихаттағы депутаттық корпус деп аталатын үлкен армия еліміздегі халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық, саяси реформаларды жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді.
Депутаттар қоғамдағы проблемаларды мұқият зерттеп, олардың түйінін шешу үшін сайлау округіндегі тұрғындармен, өкілетті және атқарушы орган қызметкерлерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, түрлі мәселелерді көтеріп, жаңа бастамаларды қолға алып келеді.
Үстіміздегі жылы 19 наурыз күні ҚР Парламенті мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп, аудандық мәслихаттың сегізінші шақырылымдағы депутаттары жаңадан жасақталды. Сегізінші шақырылымның депутатары өз жұмысына кіріскелі бері төрт айдың ішінде бірқатар мәселелердің шешімінің табылуына өз үлестерін қосты.
Осы орайда мәслихаттың заң аясындағы негізгі міндеттері қандай, депутаттардың жоспарлы жұмыстары және алдағы жоспарлары туралы аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаевпен сұхбаттасқан едік.

-Зиядхан Рымбекұлы, алдымен аудандық мәслихаттың негізгі міндеттері мен тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Мәслихат – тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс қарамағындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік орган. Ол сол аймақ халқының қалауын, ықтиярын білдіреді және жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілейді әрі атқарылу барысын бақылайды.
Мәслихаттың негізгі міндеттері – тиісті аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының, жергілікті бюджет және олардың атқарылуы туралы міндеттерді талқылау және қарау. Халық өкілдері депутаттардың жұмыстарын тиімді, сапалы ұйымдастыру, сайлаушылардың талап-тілектерінің орындалуына ықпал жасау, жергілікті өзін-өзі басқарушы органдар өкілдерінің мемлекеттік басқару жұмыстарына араласуына жағдай жасау, ықпалдастыру және жергілікті атқарушылық бағыттағы нормативтік-құқықтық актілер қабылдау және бекіту.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары, нақтысын айтқанда 1994 жылы елімізде барлық деңгейдегі мәслихат құрылды. Аудандық мәслихаттың алғашқы хатшысы Мырзахан Ахметов болды. Одан кейін Естемес Аманбеков, Жарылқасын Айтақов, Ерғали Тілеубеков сынды ауданның азаматтары төрағалық етті.
Жалпы, ауданда 13 сайлау округі бойынша жеті шақырылымда 105 депутат сайланыпты. Себебі, депутаттар қызметі, тұрғылықты жері ауысуына байланысты және басқа да мәселелер бойынша депутаттар ауысып, орнына жаңадан сайланып отырды.
-Аудандық мәслихаттың сегізінші шақырылымындағы аудандық мәслихат депутаттары және олардың сапалық құрамына тоқталып өтсеңіз.
-Өздеріңізге мәлім, үстіміздегі жылы 19 наурыз күні ҚР Парламенті мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Аудандық мәслихат депутаттары бір мандаттық жүйе бойынша сайланды. Ауданымызда 13 сайлау округінен 13 депутат сайланды. Оның біреуі “Ауыл” партиясынан, екеуі Қазақстан халық партиясынан, қалғаны “АМАNAT” партиясынан сайланды. 13 депутаттың екеуі әйел азаматшалар, екеуі жастар. Депутаттар әр саланың майталмандары. Яғни дәрігер, мұғалім, кәсіпкер, шаруа және тағы да басқа салаларды қамтыған.
-Аудандық мәслихаттың тұрақты сайлау комиссиялары туралы айтып берсеңіз.
-Аудандық мәслихатта екі тұрақты сайлау комиссиясы бар. Бірінші әкімшілік-аумақтық құрылым, аумақты әлеуметтік-экономикалық дамыту, бюджет және жергілікті салықтар мәселелері, адамдардың құқығын қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясы. Оның төрағасы болып депутат Мұхамеджан Әсемов сайланды. Ал, екіншісі халықты әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту және азаматтық келісімді дамыту, білім, денсаулық сақтау, жастар ісі, мәдениет, спорт және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы. Оның төрайымы болып депутат Нүрила Мәлібекова сайланды.
-Сегізінші шақырылған мәслихат жұмысын бастағалы жоспарлы және жоспардан тыс қандай маңызды жұмыстар атқарылды?
-Барлық депутаттар жүйелі түрде тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау жасайды. Жоспарлы жұмыстардан бөлек қоғамда туындаған мәселелер бойынша депутаттар шұғыл жиналып, мәселені зерделеп, тиісті жұмыстарды атқарады, тиісті басшылыққа депутаттық сауал жолдайды, ұсыныс жасайды.
Депутат – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Біз халықпен, билікпен бірге болғанда ғана нәтижелі жұмыс жасай аламыз. Барлық мәселенің шешімі бір адамға ғана қатысты болмайды. Кейде жергілікті жердегі басшыларға қатысты болса, кейде облыстық, республикалық деңгейде шешілетін мәселе болады. Кей мәселенің шешімі халықтың жауапкершілігіне қатысты болып жатады.
Сегізінші шақырылған мәслихат депутаттары сайланып, өз жұмыстарын бастағалы көптеген мәселелердің шешімін табуына ұйытқы болуда. Депутаттар ауызбіршілікпен, ұйымшылдықпен жұмыс істеуде. Әсіресе, жас депутаттарымыз өте белсенді.
Ауданымызда жылда оннан аса көше жөнделсе, биыл бір миллиардтан аса қаржыға 51 көше жөнделуде. Көшелерді жөндеу жұмыстары депутаттардың тұрақты бақылауында.
Көше жарықтары мәселесіне келсек, жұмыстарды жүргізетін мердігерлер жақында анықталды. Олардың бірқатары бүгінгі таңда көше жарықтарын жөндеу, шамдарды ауыстыру жұмыстарын бастап кетті.
Жылдан-жылға су қоры азайып барады. Осыған орай суға қатысты ауданда біраз мәселелер орын алауда. Ауызсу бойынша “Жуалы Су” мекемесі мүмкіндігінше тоқтаусыз жұмыс істеуде. Мәселенің орын алуына тұрғындардың жауапсыздығы да себеп болуда.
Су тапшылығының салдарынан аудан орталығына кіреберістегі саябақтар суды көлікпен тасымалдау арқылы суғарылуда.
Сегізінші шақырылған мәслихат депутаттарының алғаш қолға алған жұмыстарының бірі – Көлбастау ауылындағы қоқыс алаңы. Аудан басшылығымен бірлесіп, бұл мәселе шешімін табуда. Алайда оның әлі де уақытты талап ететін мәселелері бар. Дегенмен жергілікті халық та жауапкершілікпен қарап, мәселенің шешілуіне мүдделі болуы керек. Дәл қазір қоқыс алаңы полиция қызметкерлерінің бақылауында.
Сонымен бірге Бәйтерек ауылындағы ауызсу жүйесін жүргізіп жатқан мердігерлердің сапасыз жұмысына қатысты да сайлау округінен сайланған депутат Ұлан Айхожаев дер кезінде мәселе көтеріп, депутаттардың бірлесіп мәселеге қатысты мердігермен байланысуының нәтижесінде мәселенің оң шешілуіне ықпал еттік.
Орталық базарға қатысты мәселелер де депутаттардың назарында. Алайда кейбір мәселелердің шешімі уақытты қажет етеді.
Базардағы кәсіпкерлер де, оған баратын халық та өзіміздікі. Сондықтан базардағы санитарлық жағдай, қызыл сызықтан асып тұрған кәсіпкерлік нысандарға қатысты тиісті басшыларға хат жолданған.
Базардағы жол мәселесі де шешімін табатын болады.
Жалпы, биылғы жылы ауданда ауызсуға, жолға, газдандыруға, электр бағаналарын ауыстыруға қатысты көптеген жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
-Ауданда депутаттардың жұмысына көңілі толмай жататын тұрғындар кездесіп жатады. Жалпы, жұмыстың кемшін тұстары өз араларыңызда талқыланып, жұмысты жүйелеу, жандандыру туралы мәселе қозғалады ма? Жалпы, төраға ретінде депутаттардың жұмысына Сіздің көңіліңіз толады ма? Депуттардың жұмысы қалай бағаланады?
-Бірінші сұрағыңыз бойынша депутаттар бас қосқанда үнемі қызу пікірталас тудырады. Проблемалар, оларды шешу жолдары қызу талқыға түседі. Көптеген жақсы идеялар айтылуда. Оның барлығы алдағы уақытта жоспарға енгізіліп, нақты жұмыс жасалатын болады.
Депутаттар әрқайсысы өздерінің сайланған сайлау округі бойынша жұмыс жасауда. Егер депутат сайлаушылармен кездесуге себепсіз екі-үш рет келмесе немесе сессия отырысына қатыспаса, депутаттық мандаты қайта қайтырылады.
Депутаттардың жұмысы үшін қаржы төленбейді. Олардың негізгі өз жұмыстары бар. Халықпен кездесіп, мәселелердің шешімін табуға үлес қосу – ол қоғамдық жұмыс, азаматтық парызы, депутаттық міндеті.
Жалпы депутаттардың жұмысына көңілім толады. Себебі, барлығы өзінің сайланған округтерінің мәселелерін жақсы біледі, ол бойынша жұмыс жасауда. Жақында Астанада «АМАNAT» партиясынан сайланған депутаттар республикалық форумға қатысып қайтты. Форумға 2500-дей делегат қатысты. Депутаттар 12 топқа бөлініп, министрлермен кездесіп, сұрақтарын қойды. Біздің аудандық мәслихаттың депутаты Ермек Авдувайтов екі сауалын жолдады. Мәселен, ҚР Ұлттық экономика министрі -Әлібек Қуантаровқа Ақтөбе ауылдық округімен Қырғызстан мемлекеті шекарасындағы өткізу бекетін қайта жандандыру қажеттігі туралы ұсыныс жасаса, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі-вице министр Нұрмағанбетов Жандос мырзаға «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойында орналасқан Жуалы ауданының халқына қолайлы болу үшін аспалы көпір салу қажеттігін жеткізді. Министр көтерілген мәселелерді қолдады.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойынан аспалы көпір салу мәселесін аудан әкімі Жалғас Мұртаза да республика деңгейінде көтеріп келеді. Бұл мәселе аталған жолға қатысты мекеменің жоспарына енгізіліп, жүзеге асырылатын болады.
Республикалық форумда аудандық мәслихаттың депутаты Ұлан Айхожаев аудан орталығындағы көлік өтуге арналған теміржол өткеліне көліктерге ыңғайлы болу үшін релстердің ортасына резинадан төсеніштер төселсе деген ұсынысын жеткізді.
Депутаттар көтерген мәселелердің барлығы аудан тұрғындары үшін маңызды, республика деңгейінде шешілетін мәселелер.
-Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
-Бірінші халықпен тығыз байланыс орнатып, мұң-мұқтажымен жұмыс жасау. Үкімет тарапынан бөлінген қаражаттың орнымен жұмсалуын қадағалау.
Алда жоспар көп. Ауданның даму жоспарындағы жұмыстарды сапалы орындауымыз керек. Ауданның даму жоспарында аудандық аурухана салу, мектеп құрылысы, жол, тұрғын үй салу, инфрақұрылымымен кезекте тұрған тұрғындарға жер беру, т.б мәселелер бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудан кейін барлық облыс, аудандардан әкімдер мен мәслихат төрағаларын жинап, кездесу өткізгенде бізді бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Әлбетте, барлығымыздың мақсатымыз – ел-жұрттың амандығы, тыныштығы, халықтың әл-ауқатының артуы, елдің экономикасының көтерілуі, ауылдарымыздың гүлденуі. Сондықтан, бір мақсатта бірлесіп жұмыс жасауға міндеттіміз.
-Әңгімеңізге рақмет!
Ел игілігі жолындағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close