Basty bet
Заң және тәртіп: әділетті мемлекеттің мызғымас негізі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы №183 Қаулысымен 24 маусым – Судья және сот қызметкері күні болып бекітілді. Сол уақыттан бері елімізде бұл күн Судья және сот қызметкері күні кәсіби мерекесі ретінде атап өтілуде.
Судьялар қауымдастығы үшін – Заң және Әділеттілік үстемдігі идеалдарын бекітетіндер мен Заң қорғаушыларына құрмет белгісі ретінде үлкен маңызға ие. Мемлекет Тәуелсіздігі, қоғамдық жүйе іргетасының мызғымастығы мен тұрақтылығы, ең бастысы – адамдар мен азаматтардың құқығы мен бостандықтарының сенімді қорғанысы осынау игі, жауапты және құрметті міндет, ауқымды әрі күрделі еңбектің нәтижесіне тікелей байланысты.
Қоғамда Заң мен тәртіпті қатаң сақтау, сол арқылы қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қауіпсіз мемлекет құру мәселесі маңызды міндеттердің бірі екені анық. Әділетті әрі құқықтық мемлекет құру үшін мұның барлығын сақтау негізгі міндеттердің біріне жатады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз.
Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет» деп атап өтілгенін жақсы білеміз.
Ал Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деген парасатты пайымы – мемлекет пен халық қауіпсіздігінің және заң үстемдігін орнатудың негізгі өлшемі десек те болады.
Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында да кеңінен атап өтілгендей, Әділдік пен жауапкершілік – өзара тығыз байланысты ұғымдар. Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты – осында.
Заң және Тәртіп – қоғамның мызғымас негізі. Заңның алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Президент ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты қатаң сақталуы қажет. Осы мақсатта Жуалы аудандық сотында судьялар мен мемлекеттік қызметшілердің жұмысымен қатар, атқарып отырған міндетіне үлкен мән беріледі. Әсіресе, қазіргі уақытта қоғамдағы сот жүйесіне деген халықтың оң көзқарасы мен соттың жағымды имиджін қалыптастыру – негізгі талаптардың біріне айналып отыр.
Сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуында аталған салада ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарған ардагерлердің орны ерекше екенін баса айтқым келеді. Олардың ауқымды әрі күрделі еңбегінің нәтижесінде еліміздің сот жүйесі қарқынды дамып, тиісінше мәртебесі де артты. Сот жүйесінде ұзақ жыл тер төккен білікті ардагер судьяның бірі – бүгінде өмірден озған, бірақ соңында өшпес із, үлкен еңбек қалдырып, әріптестеріне де жарқын үлгі болған бірегей азамат Құдайберген Үсенбаевтың есімін құрметпен атап өтсек болады.
Құдайберген Егембердіұлы 1954 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келген. Сот саласындағы еңбек жолын 1987 жылы Жамбыл облыстық сотының бас консультанты болып бастаған ол 1991-1993 жылдары Атырау облысының Құрманғазы аудандық сотының халық судьясы, 1993-1996 жылдары Жамбыл облыстық сотының мүшесі, 1996-2012 жылдары Жамбыл облыстық сотының судьясы, 2012-2016 жылдары аралығында Жуалы аудандық сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарған. Қ.Үсенбаев Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылдың 27 қыркүйегіндегі Жарлығымен 62 жасында құрметті демалысқа шықты.
24 маусым – Судья және сот қызметкері күні кәсіби мерекесі. Осынау мерейлі мереке күні біздің ардагерлер, доғарыстағы судьялар айрықша алғысқа лайық деп білемін. Олар Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесінің қалыптасуына, мемлекеттің құқықтық және демократиялық негіздерінің қайнар көзін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар екені анық. Бүгінгі таңда олардың басым көпшілігі қатарымыздан табылып, өмір бойы жинақтаған мол тәжірибесі мен жарқын үлгі-өнегесін өскелең жас буын мамандардың бойына сіңіріп, жас мамандардың кәсіби судьяға айналуына игі ықпалын тигізу үстінде. Оларға зор денсаулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, алғыс білдіреміз.
Президент ұсынған реформалардың негізігі мақсаты – сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, сот төрелігін жүзеге асыру үшін тиісті жағдайларды және адами капиталдың маңыздылығын қамтамасыз ету болып табылады. Сәт сайын, сағат сайын төрткүл дүние түрленіп, қоғам да өзгеруде. Бірақ сот жүйесінің басты өлшемдері – Заңға қызмет етудің бұлжытпайтын шарттары – ұстанымға беріктік, әділдік, тәуелсіздік және жауапкершілік болып өзгеріссіз қала береді.
Сот жүйесінде болып жатқан оң өзгерістер халықтың сотқа қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез-келген тұлғаның өз құқығын сот арқылы жүзеге асыруына жол ашумен бірге, сол арқылы азаматтардың сот билігіне деген сенімін күшейткені даусыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның сот билігіне, оның тәуелсіздігі мен төрелігінің биік деңгейде, бекем нұсқада болуына барынша назар аударуы дана бабалардың: «Билік айту оңай, біліп айту қиын» деген өміршең нақылымен айнымай сәйкес келеді. Дауларға төрелік етудің қаншалықты ауыр әрі жауапкершілігі мол екенін сезіндіргендей болады десек, артық айтқандық емес.
24 маусым – Судья және сот қызметкері күні кәсіби мерекесінде отандық сот жүйесінде жемісті қызмет атқарып келе жатқан барша әріптестерге абыройлы да жемісті қызмет, зор денсаулық және Тәуелсіз елімізге өсіп-өркендеу тілеймін!
Бабырхан АБУЕВ,
Жуалы аудандық сотының төрағасы