Basty bet

«Отан үшін отқа түскін, күймейсің!»

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 34 жыл толып отыр. Осынау уақыттың бедерінде Қазақстанның қорғаныс қабілеті артып, армияның айбыны асқақтады. Қарулы Күштердің әлеуеті артты деп айтуға толық негіз бар. Бұл – ел Тәуелсіздігі мен халық амандығының және жас ұрпақ болашағының жарқын кепілі. Қарулы Күштердің қалыптасу кезеңі халықтың көз алдында. Әскер әлеуетінің артуы барлығымыз үшін өте маңызды.
7 мамыр – Отан қорғаушы күні мерекесіне орай Б.Момышұлы ауылындағы орталық алаңда салтанатты жиын ұйымдастырылып, мерекелік жиынға ауданның мекеме басшыларымен қатар, аудандық мәслихаттың депутаттары, өңір ардагерлері, жастар, мектеп оқушылары, сонымен қатар, әскерилер мен жас сарбаздар шақырылды.
Жиын басталмас бұрын алаңдағы сахна төріне Мемлекеттік Ту салтанатты жағдайда әкелініп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалды. Салтанатты жиында аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтау сөз сөйлеп, Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде, Отан қорғаушылар күні бейбіт елдің тыныштығын әуеде, құрлықта және теңізде қорғап, Отан күзетінде өз еліне адал қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілер үшін, тұтастай алғанда, Тәуелсіз еліміздің өмірі үшін маңызы бар атаулы күн екенін ерекше атап өтті.
– Құрметті Отан қорғаушылар! Қымбатты жерлестер!
Сіздерді патриотизм мен жауынгерлік рухтың символына айналған мереке – Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күннің еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап, қастерлі құндылықтарды нығайтудағы орнының ерекше екені белгілі.
Қазақстан Қарулы Күштерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Жуалы ауданындағы 91678 әскери бөлімі, «Ақсуат» және «Бауыржан Момышұлы» атындағы шекара бөлімшелері елдің тыныштығы мен мемлекеттің тұрақтылығын басты назарға алып, қасиетті Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Жуалы жұртшылығы Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі арқылы бүкіл әлемге танылған қазақ халқының қаһарман перзенті, даңқты қолбасшы, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының, сонымен қатар, осынау қасиетті Жуалы өңірінен түлеп ұшқан генералдардың есімімен мақтанамыз. Бауыржан Момышұлының: «Отан үшін отқа түскін, күймейсің!», «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қанатты сөздері бүгінде ел азаматтарының көкейге түйетін қағидалы нақылына айналды.
Батыр бабалардың ерлігі – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының берік негізі. Олар қорғаған қасиетті жер мен елдің бірлігі Жаңа Конституцияда айқындалған құқық пен бостандықтардың, тұрақтылық пен келісімнің кепіліне айналғаны даусыз. Отан қорғаушылар – ел қауіпсіздігін тұрақты қамтамасыз етумен қатар, заңның үстемдігін, азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Елге қорған болып жүрген азаматтарға құрмет көрсету, Отан үшін от кешкен аға буынның рухына тағзым ету, олардың өшпес ерліктерін ұрпақтар жадында сақтау – асыл парыз!
Құрметті жуалылықтар!
Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен құттықтай отырып, елдің өркендеуі жолындағы игі қызметтеріңізге толайым табыс, отбасына амандық, денге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілеймін! Елдің іргесі берік, Отанымыз аман, халқымыз тыныш болсын,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Отанды қорғау – перзенттік парыз әрі мәртебелі міндет. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тыныштығын, сонымен қатар, қасиетті өңірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жүрген аудан аумағындағы 91678 әскери бөлімінің бірқатар әскери қызметшісіне ҚР Қорғаныс министрлігінің ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін!» медалі және осындағы Шекара бөлімшелерінің, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі және полиция бөлімінің, сонымен қатар, басқа да салаларда жемісті қызмет атқарып келе жатқан үлгілі қызметкерлердің бірқатарына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғысхаты және аудандық мәслихаттың Алғысхаттары табыс етілді.
Айта кету керек, Президенттің Жарлығымен 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жариялануына байланысты аудан әкімінің қолдауымен өңір жастарымен жұмысты жаңа деңгейге көтеру мақсатында аудандық Жастар ресурстық орталығының қызметкерлеріне ноутбуктар табысталды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close