Basty bet

Отбасылық-тұрмыстық дауларды азайту мақсатында жұмыстар жалғасуда

Бала, бала, деп, түнде шошып оянған, түн ұйқысын төрт бөліп, бесігін таянған анасының мейірім жылуын сезіп, асқар таудай әкесінің қамқорлығын көріп өскен баладан бақытты бала жоқ шығар, сірә.
Алайда, өкінішке орай бүгінгі күндегі аумалы-төкпелі заманда отбасылық құндылықтар түгіл, ар-ұят, намыс, ождан секілді қазақ халқы жаннан қымбат санаған қасиеттерді жоғалтып жатқанымыз ащы шындық. Соның салдарынан бүгінгі қоғамда ажырасу мәселесі қазіргі уақыттың асқынған дертіне айналды.
Тарихта, ата-бабаларымыз отбасы құндылықтарын жоғары ұстанған, алайда заман өзгергенімен кейбір жас отабасыларда бұл көзқарас бірінші орында екенін сезіну қиын деп айтсақ болады.
Ажырасудың салдарынан қабырғасы қатпаған балалар қайтпек? Олардың күні не болмақ? Анасымен қалса, өзге әкенің, әкесімен қалса, өзге шешенің өгейлігін көріп, көңілі күпті болмай ма? Ондай күн басына тумасына еш кепіл жоқ. Ажырасудың ең ауыр зардабы да – осы.
Толық отбасында және толық емес отбасында өскен баланың психологиялық мінездік айырмашылығы аспан мен жердей болады. Бала әкесіне қарап өседі және содан тәрбие алады, бұл ұғым ата-бабаларымыздан қалған өсиет.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Жуалы аудандық сотында 2021 жылдың 12 айында қаралған 96 неке бұзу істері бойынша татуласқаны 26 отбасы яғни 27,1% болса, 2022 жылдың 12 айында қаралған 81 неке бұзу істері бойынша татуласқаны 37 отбасы яғни 46,7% болды. Атап айтқанда 2022 жылы татуласқан отбасылар 19,6% артып отыр. Бұл негізінен ауданымызда осы отбасыларды татуластырып жүрген қария Билердің арқасында.
Аудандық сотқа ажырасуға талап арыз бергендер біріншіден Билердің алдынан өтіп, кеңес алады. Билер ерлі-зайыптылардың екеуімен де сөйлесіп бітімгершілікке келтіруге бар күшін салады. Бұл тұрғыда Билер сотқа дейін де ерлі-зайыптыларға ақыл-кеңес беріп көмек бере алады, тек отбасының бір жағынан өтініш түссе болды.
Жанұя – шағын мемлекет. Оның ұйытқысы бір адам болғаны абзал, қалғаны отағасына ұйып, сеніп, ере білуі керек. Ортада бала болса, ажырасу оның психикасына ауыр соққы екендігін, оның ауыр зардабы болуы мүмкіндігін естен шығармаған дұрыс. Қала берді, өзіне, ата-ана мен ағайын туысқа да бұл әрекет абырой әкелмейтінін ойлау керек. Бұл қадамға бармас бұрын, басқа жол жоқ екендігіне әбден көз жеткізіп, үлкендердің ақылын тыңдау аса маңызды. Себебі, қабылдағалы тұрған шешімнің артында адам тағдыры тұр!
Мейіржан Исқақов,
аудандық соттың
жетекші маманы

Таңдаулы материалдар

Close