Basty bet
Түйтебаевтардың шұғылалы шаңырағы
Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Газет тілшілері басылымның әр санында аудандағы елге сыйлы, өсіп-өнген отбасыларды жұртшылыққа таныстыруды дәстүрге айналдырып келеді.
Бұл жолғы мақаламыз ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, туған-туыс, көрші-қолаң арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болып, шаттығы тасыған шаңырақтың бірі – билікөлдік Түйтебаевтар әулеті жайында болмақ.
«Қарты бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөз текке айтылмаса керек-ті. Осындай жанның бірі, көкірегі қазына, көңілі дария ақ жаулықты ана Бақытжамал апа бүгінде бір әулеттің бәйтерегіне айналып отыр. Өмірден білген-түйгенін жеті ұлы мен келіндеріне және қызына, 30 немересі мен 25 шөбересіне үйретіп, ұрпағына ұлағатты тәрбие беруде.
Әлбетте, мұндай отбасылар көпке үлгі. Қазақылықтың иісі аңқып, береке-бірліктің қаймағы бұзылмаған отбасында әрбір күн текке өтпейді. Шаңырақтың анасы Бақытжамал әжей немерелеріне өткен күндерден әдемі естеліктер айтып, тағылымы мол ғибратты әңгімелерден сыр шертуді әдетке айналдырған. Сол себепті де Қарабастау ауылындағы Түйтебаевтар әулетін елге сыйлы, шаңырағынан құт-береке үзілмеген отбасы деп айтуымызға болады. Осындай ұлағатты отбасында дүниеге келген ұл-қыздары да ақылы дария, пайым-парасаты жоғары. Қашанда қонақ үзілмейтін бұл құтты шаңырақ құдды бір бақыттың мекені іспетті.
– Отағасы Түзелбек Түйтебаев екеуміз 1958 жылы шаңырақ көтергенбіз. Түзелбек Дүйсебайұлы адамгершілігі мен азаматтығы жарасқан, өте еңбекқор жан еді. Бірақ, тағдыры солай болды ма, дүниеден ерте озды. Ортасына сыйлы, абыройлы, адал азамат болғанын көзін көргендер айтып отырады. «Әкенің жақсылығы балаға мың жылдық азық» дейді. Міне, әкелерінің жақсы қасиеттері ұлдарыма да дарып, олар әкенің салған сара жолымен жүріп келеді,- дейді әжей.
Ер азаматынан ерте айырылып, түрлі қиындықты еңсерген Бақытжамал әжей өте еңбекқор жан. Өмірдің қиындығы мен сынағына шыдамдылық танытып, ұрпағын саналы етіп тәрбиеледі. Бір өзі ерінің артында қалған сегіз перзентін аяқтандырып, азамат қатарына қосты. Балаларының биік дәрежеге жетуі асыл ананың еңбегінің жемісі.
– Атам да, енем де балаларына осы уақытқа дейін қабағын шытып, ауыр сөз айтып көрмеген. Көпті көрген жандар емес пе, олар бәрін ақылмен шешіп түсіндіруді жөн санайды. Балаларына өз таңдауларына ерік берді. Содан болар, балаларының барлығы да өз саласының үздігі, – деді екінші келіні Зулфия.
Ынтымағы жарасқан бұл отбасында жеті келін еншілерін алып, бөлек шықса да тату-тәтті өмір сүріп, балалары бір дастарқанның басында жиі бас қосады. Жеті келіннің бірдей ілтипат жасап, көрсеткен қызметіне әжелері де дән риза.
Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында да соны кәдеге асырады деген сөз.
Отбасы мүшелерінің татулығы жарасып, ынтымақ-бірлігі берік болса, еліміздің де керегесі кең болмақшы. Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Жеті ұлы және қызы – Асқар, Батыр, Болат, Қанат, Еркін, Жеңіс, Ерлан және қызы Ботагөзден өрген немере-шөберелері әрдайым үйді толтырып қуантса, елдегі ағайын ауыл анасының батасын алуды мұрат тұтады.
Қандай да мемлекеттің іргетасы берік, болашағы кемелді болуы үлгілі шаңырақтан бастау алатыны анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана отбасының ұйтқысы, жылуы, алтын қазығы.
Бақытжамал әже балалары мен немерелерін де жастайынан еңбекке баулыған. Өз қолымен өсірген жеміс ағаштары мен жұпар иісті гүлдерінің түбін қопсытып, оны арам шөптен арылту – кішкентайлардың еншісінде. Мереке сайын барлық немерелер мен жиендер қара шаңыраққа жиналып, әжелеріне келіп сәлем беруді ұмытқан емес. Отбасы толық жиналғанда үйдің іші думанға толады.
Үлкендердің үлгі-өнеге көрсетуімен бұл отбасында адамгершілік пен сүйіспеншілікке тәрбиелейтін өзара құрмет пен сыйластық қалыптасқан. Бұл отбасы қазақтың салт-дәстүрі мен дархан көңілін шын ниетімен ұлықтаған шаңырақ. Туған-туыстары мен көрші-қолаңның арасында әр қазақтың санасына сәуле шашып, ой тастап, салт-дәстүр мен асыл дінді дәріптеп жүрген ақ жаулықты ананың орны бөлек.
Ал, абысындар Зәуре, Зулфия, Нұрландия, Кенжетай, Айгүл, Маржан және Ақнұрдың бір-бірлерін қабақпен ұғысып, не тірлікке даяр тұрған пейілдерін айтсаңызшы. Осындай өнегелі ұл мен тәрбиелі қыз өсірген отбасылардың қатары көбейген сайын қазақ халқының мәртебесінің де биіктей беретініне сенеміз.
Тамыры тереңге кеткен бәйтерек сынды үлкен әулеттің тыныс-тіршілігінен әке мен ананың сыйластығы, балаларына көрсеткен өнегесінің ұмытылмас ұлағатын анық көруге болады. Барлық отбасы осындай ұлағатты болса, еліміздің де іргесі берік болмақ.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»