Basty bet

«Тігіншілік – менің сүйікті ісім»

«Шебердің қолы ортақ». Расымен де солай. Олай болатыны кез келген шебер немесе кәсіп иесі көз майын тауысып жасаған туындысымен ұлтының салт-дәстүрін, бітім-болмысын өзгелерге паш етеді. Сол арқылы өз халқының тарихы, бүгіні мен келешегінен сыр шертеді. Сондықтан да осынау дарынды жандардың тарапына қандай ізет білдірсек те артық емес. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз тігін тігу өнерін енесінен үйренгенін айтады.
«Тігіншілік – менің сүйікті кәсібім» деп сыр шертеді өз ісінің нағыз шебері Айгүл Телібаева. Ол бала кезден тігіншілікке бейім болып өсті.
Айгүл Телібаева облысқа қарасты Шу ауданының Бөлтірік шешен ауылында дүниеге келген. Әкесі Айтжан мен анасы Гүлсара отбасында төрт қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірген. Тараз қаласындағы Абай атындағы педагогикалық колледжді бітіргеннен кейін ол Жуалы ауданындағы Дүйсембаевтар әулетіне келін болып түседі. Отағасы Қуаныш Парымбекұлы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеуде.
Айгүлдің қолөнер ісімен айналысуына енесі Бегімкүл апай себепші болған. Ол кісі тігіншілікпен айналысқан. Ол 2018 жылдан бастап қыз жасауын тігумен дендеп айналыса бастады. Алғашқыда қыздардың қалауымен жасауларын тігіп жүрді.
-Өзімді жан-жақты дамытудың арқасында көптеген көрмелерге, сайыстарға қатысып, басқа да тігіншілерден тәжірибе алмасу арқылы біраз дүниелер жасауды үйрендім. «Ырза шеберлері», «Ұмыт болған оюлар» және «Киелі кимешек» сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болғанмын. Қазір үйде тігін тігумен айналысамын. Тігін тігу негізгі кәсібім. Болашақта тігін шеберханасын ашып, шәкірттерге білгеніммен бөлісем деген жоспарым бар,- дейді ісмер.
Ертеден бері өзінің өміршеңдігін жоймаған бұл өнерді тұтынушы талғамына жəне заманға сай үлгіде нарыққа ұсынып жүр. Сұраныс берушінің көңілінен шығатындай дүние-бұйым жасау үшін зор сүйіспеншілікпен, өнерге деген ыстық ықыласпен жасау қажет. Ықылым заманнан бері құрақ құрау матаның қиындысын ысырап етпес үшін жасалған. Ал қазір ол қыз жасауының көркі, шаңырақтың шырайына айналды. «Құдай құрасын» деп жас отауға сыйлайтын кәденің ішінде ең киелісі десе де болады. Бірақ құрақ көрпенің өңін келтіріп, келбетін кіргізу үшін қажырлы еңбек керек. Құрақ құрау шыдамдылықты талап ететін шаруа. Бұл жерде түстің бір-бірімен үйлесімділігі өте маңызды. Матаның да қалай қиылғанына назар аудару керек. Негізі әр істі жасағанда селқос, зейінсіз қарауға болмайды. Себебі ол сүйкімсіздікке және салақтыққа әкеледі», – дейді шебер.
«Бұл машақаты көп іс қой, одан жақсы ақша табуға бола ма?»,- деп сұрақ қойғанымда шебер оған: «Қазір қай салада болмасын жақсы ақша табуға болады. Бәрі тәрбиеге байланысты. Оған қай нәрсені жетік білесің, содан жақсы ақша табасың деп жауап берді. Егер сен ауланы жақсы тазалай білсең және өзгелерден артық істеп, өзіңнің мықтылығыңды көрсетсең жалақың да жоғары болады. Келін боп түскен кезімде енем өз ісіңе құрметпен қара деп үйрететін. Кез-келген адам өз ісін жақсы көріп істесе, яғни кәсіби тұрғыда мықты білсе оған деген сұраныс та жоғары болады», – деп жауап берді.
Бүгінде ұлттық өнерді дамытуға деген қолдау жыл санап артып келеді. Дәстүр жанданып ұлттық құндылықтар қайта жаңғыруда. «Шебердің қолы алтын» дейді халық даналығында. Сөзге шешен, іске шебер ұста халықтың мәдениетін паш ететін құндылықтарының бірі – оның қолөнері. Асыл тастан сән бұйымын жасаған, жүннен көздің жауын алатын бұйым жасап, сүйек пен мүйізді қиыстырған халық шеберлерінің ісі – мақтауға тұрарлық өнер туындысы. Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі, дәлдік, есеп, тендік керек. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке және дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді.
«Армансыз адам – қанатсыз құс» демекші, ісмердің жеке шеберхана ашсам деген арманы бар. Береке – ерінбей еңбек еткенге бітеді. Арманыңыз ақиқатқа айналып, ісіңіз берекелі болсын деген тілегіміз бар.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close