Basty bet
Болашағы бүгіннен нұрлы Нұрлыкент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс-жүзінде орындағанын қалайды» деп, билік жұмысын ширата түсуді тапсырды. Бүгінгі таңда ауылдық округ әкімдері Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып жұмыс істеп жатқаны соның айғағы.
Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді. Ең алдымен осы тұжырымдаманы ілгерілету мақсатында қараша халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, олардың өтініштерін назардан тыс қалдырмаймыз. Президен Жарлығына сәйкес, өзіме қарасты елдімекендерде әр тоқсанның қорытындысы бойынша кездесулер ұйымдастырып, онда сол аралықта атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндаудамыз.
Атап айтар болсақ, округте жоспарлы жұмыстар жүйелі атқарылуда. Көшелерге асфальт жабыны төселіп, жарықтандырылуда. Өткен жылы көше жарығына жергілікті бюджеттен 4 миллион 415 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Абаттандыруға бөлінген қаражат та өз мақсатында жұмысалып, 690 аншлагтар жаңартылды. Өткен жылдың басты табысы Нұрлыкент ауылында 101 миллион 360 мың теңгеге тұрғызылған 180 орындық мәдениет үйінің ашылуы болды.
Жолдауда Президенттің қойып отырған талабы шағын және орта бизнесті дамыту. Бүгінгі таңда округте екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік, бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, 58 шаруа қожалық жұмыс істеуде. Барлығы дерлік егін және мал шаруашылығымен айналысады. Масақты дақылдардан жиналған өнім орта есеппен гектарына 18 центнерден айналды. Картоп қазу жаңа басталғандықтан оның орташа өнімділігі гектарына 250 центнерді құрайда. Ал көкөністердің өнімділігі гектарына 400 центнерден айналып отыр.
Округте «Райымбек» және «Қосбастау» шаруа қожалықтары бір-бірден жаңа «МТЗ» маркалы тракторларын алып, техника паркін толықтыруда. Бұдан бөлек, биыл округтегі шаруа қожалықтар 10 жаңа техника алуды жоспарлауда. Бүгінгі таңда су қондырғысы, жүгері турайтын техника шаруалар тарапынан алынды.
Былтыр арпа 1305, бидай 822, мақсары 181 гектар алқапқа себілсе, картоп 188 гектарға орналастырылған еді, ал көкөніс алқабы 220 гектарды құраған. Биыл биыл бұл көрсеткіш кейбір дақыл түрлері бойынша біршама артқан. Атап айтсақ, арпа 2119 гектарға жетіп сегіз жүз гектарға ұлғайған. Бидай 564, картоп 310, мақсары 870 гектарға жеткен.
Мал басы да жыл санап артуда. Өткен жылмен салыстырғанда, мүйізді ірі қара 3064 бастан 4971 басқа, қой-ешкі 6301 бастан 11131 басқа, жылқы 467 бастан 603 басқа, құстар 6158 бастан 10555 басқа өскен. Мал басының өсуіне ветеринарлардың да қосып отырған үлесі зор. Округтегі ауыл шаруашылық малдарын арнайы жүйеге енгізу жұмыстары толық жүргізілді.
Кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама шеңберінде округ бойынша 17 азамат «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік оқудан өтіп, қайтарымсыз грантқа ие болды. Олардың негізгі бағыттары сүт және ет бағыттары.
Жолдауда көтерілген тағы бір мәселе – бизнес саласына қолдау көрсетілсе, салыққа да көп қаржы түспек. ҚР-ның «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық Кодексіне және «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде. Бүгінгі таңда округ бойынша 9 471,5 мың теңге салықтық және салықтық емес түсімдер жиналып, жоспардың орындалуы 108,4 пайызды құрады. Оның ішінде көлік салығынан жеке тұлғалардан 6748,3 теңге, мүлік салығынан 282 300 теңге, жер салығынан 19 500 теңге, жеке табыс салығынан 2 635 000 теңге, салықтық емес басқа да түсімдерден 8 200 теңгеге түскен. Биылғы 8 айда кірістер көзінің барлығы 8 800 мың теңгені құрады.
Нұрлыкент ауылдық округінде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде 341 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындары бойынша 8 адам, тұрақты жұмыс орындарына 214 адам жұмысқа тартылды, ақылы қоғамдық жұмысқа 36 адам, “Жастар тәжірибесі” бойынша 24 адам жұмысқа жолданды. Сондай-ақ, аталған бағдарламаның бірінші бағытын орындау мақсатында кәсіптік оқуға жоспар бойынша 9 адам бекітілген болса, нақты орындалғаны 10 адам.
Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекке 146 өтініш қабылданды. 20 отбасына кіретін табыс сомасының асуына байланысты құжаттары қайтарылды. 126 отбасына көмек тағайындалды. Биылғы 8 айда 60 өтініш қабылданды. 58 азаматқа әлеуметтік көмектер тағайындалған болатын.
Көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту айлығы барысында 500 түп көше бойындағы ағаш түптері ақталып, бұталары бұталды. Сонымен қатар 2 кездейсоқ қоқыс орны жойылды, 12 километр көше, алаң, аула аумақтары тазартылып, 5 тонна қоқыс шығарылды. Бұдан бөлек, ауыл ішіндегі 10 километрді құрайтын арықтар тазартылса, 2 ескерткіштің аумағы абаттандырылып, 1500 ағаш көшеті отырғызылды.
Округте мал және пәтер ұрлықтарының алдын алу жұмыстары нығайтылды. Яғни, дүкен және мал-қора иелерімен үнемі ұрлыққа жол бермеуі бойынша сұхбат жүргізіліп, жадынамалар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Округ бойынша екі қылмыстық іс тіркелді, екеуі де мал ұрлығы. Бүгінгі күнге тіркелген бір қылмыстық іс ашылды. 2022 жылы бір қылмыс (дүкен ұрлау) тіркелді. Қылмыс ашылды.
ҚР Қарулы күштері қатарына шақыруға жататын берілген тізім бойынша әскери есепте тұрған 126 азаматқа әскерге шақыру қағазы таратылды. Олардың ішінде 17 азамат медициналық комиссиясының сараптамасынан өтті. Көктемгі және күзгі шақыру науқаны бойынша 17 азамат әскер қатарына алынды. Күзгі кезең бойынша 25 азамат медициналық комиссиядан өтіп, 9 азамат әскер қатарына алынды.
Округте су тасқыны және өрт қауіпсіздігін болдырмау мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, 20 адамнан тұратын ерікті топ мүшелері құрылып, тізімі жасалды. Өрт сөндіруге арналған 20 құрал дайындалды. Округі аумағында өткен жылы бір табиғи өрт тіркелген болатын, биыл жеті табиғи өрт жағдайы тіркеліп, мерзімінде өшірілді.
«Жомарт түлек» жобасы аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінен ауылдың кіре берісіне М.Ломоносов атындағы орта мектеп түлектері жаңа үлгідегі арка орнатты. Сонымен қатар биыл Нұрлыкент ауылында Атакент Түктібай елдімекенде Р.Бердімбетов көшесін ағымды жөндеу жоспарланып, мердігері анықталды. «Жасыл белдеу» аясында бір гектар алқапқа 1000 түп қарағаш пен 300 түп жеміс ағаштары көшеті отырғызылды.
Нұрлыкент және Түктібай ауылдарында екі кәсіпкерлік нысан, яғни медициналық емдеу орталығы мен құрылыс материалдарын өндіру цехтары ашылды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын іске асыру мақсатында 8 жобалық сметалық құжат жасалынды, жалпы қүны 150 648 мың теңгеге Нұрлыкент, Түктібай ауылдарының барлық көшелерінің жолдарын орта жөндеуден өткізу, жарықтандыру жүргізу жұмыстарына құжаттар толықтай дайындалып, аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне өткізілді.
Жолдаудан туындаған міндеттерді орындау округ әкімшілігі қызметкерлерінің басты бағыты болып қала береді.
Бақытжан НАЗАР,
Нұрлыкент ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы