Basty bet

Жуалы – Мыңбұлақтар мекені

қасиетті өңірдегі бұлақтардың көзін ашып, су көздерін таза сақтау қажет!

Желмаяға мініп, жерұйығын іздеген абыз Асан Қайғының: «Шөбің семіз, қарың мол, топырағың май екен, қадіріңді егін салған ел білер. Басқаның бәрін қисаң да, Жуалыны қимайсың. Өңгеріп алып кетер ем, Ат сауырына сыймайсың» деген жан толғанысы, жүрек түкпірі мен ой түбіндегі асыл сөзі қасиетті Жуалы жеріне қаратып айтылғанына таңдануға әсте болмайды. Асан Қайғы өмір сүрген кезеңнен бергі арада қаншама заман өтті.

Одан беріде қасиетті өңірдің атын шығарып, атақ-даңқын әлемге танытқан даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы осынау өлке туралы:
«Туған жерім Мыңбұлақ, арналы Ақсай,
Ішсем суы татиды шекер, балдай.
Қызғалдақ қалың егіс, көк жоңышқа,
Сенен артық жер, шіркін, өтер қандай!» деп жырлайды. Осыған қарап-ақ Жуалы ауданының ауасы мен суы дуалы, жері мен топырағының қасиетті екенін анық байқауға болады. Шынында, «Мыңбұлақ өлкесі» атанған қасиетті Жуалы ауданының табиғаты басқа өңірлерден қарағанда өзгеше. Жазы қоңыр салқын, ал қысы қатал, қарлы-боранды болып келетін өңір туралы ел ішінде айтар аңыз да, әңгіме де жеткілікті. «Жері, суы – дуалы» өлке атанған қасиетті өңірдің суы мол, топырағы май, оның қадірін егін салып, жер баптаған диқан қауымы жақсы білсе керек. «Түгін тартсаң, майы шығатын» дейтін өлкенің еңбекқор диқандары көп жылдан бері қара жерге маңдай терін төгу арқылы егіннен мол өнім жинап, ел ырысын еселеп келеді. «Ақ бидай» өлкесіне деген ел құрметі осыдан басталса керек…
Талай-талай тарихқа куә болған қасиетті өлке – Жуалының табиғи келбеті қазір де жан сүйсіндіреді. Бірақ «Мыңбұлақтар мекенінде» бұрынғыдай емес, әрбір сайдың бойынан бұрқылдап қайнап шығып жататын бұлақтар азайған. Біз, жас ұрпақ «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген бабалар тәмсілін ұмытып бара жатқандаймыз ба, қалай?! Бұлақтардың тартылуы өңірдегі су көздерінің де азаюына алып келетіні даусыз. Сондықтан, сайлардың бойындағы бұлақтардың көзін тұрақты түрде тазалап отыруымыз қажет.
Бауыржан Момышұлы сынды бірегей Батырды дүниеге әкелген қасиетті өлкенің төсіндегі мың сан бұлақтардың көзін ашу – сауапты іс саналады. Бұл экологиялық тұрғыдан да өте маңызды шаруа. Қоршаған ортаны қорғау, онымен қоса, тал-дарақтар отырғызу жөнінде Баукең өзінің «Ұшқан ұя» атты еңбегінде былайша суреттейді:
«Момыш әкемнің айтуынша, мен мың да тоғыз жүз оныншы жылдың қысында, ескіше декабрьдің жиырма төртінде туыппын. Әкем ол күні Әулиеата шаһарында екен. Мен туған соң Имаш бабам жан жаққа кісі шаптырып әкеме де хабаршы жіберіпті.
…Жарық дүниеге келгеніме екі-үш ай болғанда, шешем мені күн көзіне шығарып, Имаш атамның алдына әкеліпті. Атам ерте көктем алдында ағаш отырғызып жүр екен.
-Атасының қолын ұзартып, қолғабыс беруге келді,- депті, шешем ізетпен иіліп.
Атам еміреніп мені алақанына алыпты. Қолыма жас бұтақ ұстатып:
«Құрық деп берсем – құл болма,
Шыбық деп берсем – шіл болма.
Бәрінен де, шырағым,
Баяны жоқ ұл болма» деп, келініне мені қайтарып берген екен. Атасымен алғашқы дидарласуының құрметіне деп, алғашқы өсиет өмірлік өнеге болсын деп, әкем сол күні кешке мал сойып, ауыл ақсақалдарының басын қайта қосыпты» дейді жауынгер жазушы өзінің балалық шағы туралы.
Ағаш отырғызу дегеннен келіп шығады. Бала кезімізде ауыл қариялары көктемнің иісі білініп, күн жылынысымен айналаға ағаш отырғызып, тал-теректердің шыбығын сайлардың бойына, шарбақтың ішіне шаншып жататын. Онымен бірге, қыстыгүні лай басқан бұлақтардың да көзін тазалап, онымен бірге арық-атыздардың барлығын жұртшылық болып тазалап шығатын. Қариялардың көзі кеткеннен кейін ауылдағы мұндай жұмыстар да кенжелеп қалды. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ үшін таптырмас өнеге мен тәлім-тәрбиенің көзі болған мұндай жұмыстарды жалғастыру өте маңызды. Мұндай үлгілі тірлікті жастайынан көріп өскен балалар да кейіннен азамат болғанда үлкендерден көрген тірлігін жалғастыратыны анық.
Жасыратын несі бар, қазір аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылының іші-сыртындағы үлкен сай-салалардың аңғары күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар тастайтын орынға айналды. Әлбетте, туған ауылдың тазалығына, ең бірінші, өзіміз жауаптымыз. Күл-қоқысты да сырттан әкеліп тастап жатқан ешкім жоқ. Өкінішке орай, осындай келеңсіздіктерді біз өз қолымызбен жасап жатырмыз. Ал, одан жапа шегіп, зардабын тартатын кім? Тағы да өзіміз…
Иә, қоршаған ортаны қорғау жөнінде аға буын азаматтарының айтары көп. Жастайынан табиғаттың аясында өскен азаматтар қоршаған ортаны қорғап, оны аялауды, тиісінше, ағаш егуді өте жақсы біледі. Бұл туралы Б.Момышұлы ауылының байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Қайрат Сарыбаевтың да жас ұрпаққа айтары көп.
-Әкенің тәрбиесін көріп өстік. Үлкендердің тәлім-тәрбиесімен қатар, өсиет сөздерін де жастайымыздан құлаққа құйып өскенбіз. Сондай күндердің бірінде әкем марқұм мені жанына шақырып алып: «Балам, есіңде болсын! Ешқашан ешкімнің ала жібін аттама. Өз күшіңмен адал еңбек ет. Бастау көрсең, көзін тазала. Айналаңа алма ағаш ек, кейін жемісін өзің жейсің» деп құлағымызға құйып отырушы еді жарықтық.
Менің үйім аудандық орталық аурухананың маңындағы сайдың жағасында орналасқан. Сол үлкен сайдың жағасында төменіректе орналасқан көрші үйдің тұсында сылдырап ағып жататын бұлақтың көзі бар еді. Сол тұстағы үйге жаңадан көшіп келген отбасының мүшелеріне бұлақтың көзін үнемі тазалап тұру керектігі туралы айтқанмын. Олар менің сөзіме мән беріп, құлақ аспады ма, әйтеуір, кейіннен қарасам, жаңағы бұлақтың көзі бітелуге айналыпты. Қолыма күрек алып тазалайын десем, оған шамам келмейді. Жасым болса, сексеннен асты. Бұрынырақта жыл сайын көктемде көрші-қолаң болып күш біріктіріп, әлгі бастаудың көзін тазалап, айналасына шыбық қадап, сайдың маңына көпшілікпен құдайы тамақ таратушы едік. Қазір оған мән беріп жатқан бір адам жоқ. Өкініштісі сол…
Бұл бір емес, жүрген жерімде үнемі байқап жүремін, ауылдағы сайлардың жағалары күл-қоқысқа көміліп қалған. Бұрынырақта сайдың әр тұсынан бұрқырап шығып жататын бұлақтардың да көзі бітеліп, суалуға айналып барады. Бұл – жақсы көрініс емес. Тал-дарақтың бәрін отап тастасақ, бұлақ-бастаулардың көзін уақтылы тазаламасақ, біз ертеңгі жас ұрпаққа не қалдырамыз?! Ел боламын десек, жас ұрпақтың ертеңі мен болашағын ойласақ, осы жағын терең ойланғанымыз абзал,- дейді ұлағатты қария.
Қасиетті өңірдегі бастау-бұлақтардың көзін тазалап, табиғат пен қоршаған ортаға жанашырлық таныту туралы мәселені Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, зейнеткер қария Мейрамбек Сәулебеков те айтудан жалыққан емес. Ол кісі өткен жолы газет редакциясына әдейілеп қайырылып, осынау мәселе туралы ойымен бөліскен болатын.
-Жуалы – «Мыңбұлақ» атанған қасиетті өлке. Осында отбасыммен бірге тұрып жатқаныма 30 жылдай уақыт болды. Маған Жуалының халқы да, олардың кеңпейіл ниеті мен азаматтарының бірбеткей мінезі де қатты ұнады. Ең маңыздысы, бұл өңірдің ауасы мен суы қандай ерекше таза. Қызылорда қаласынан осында қоныс аударған алғашқы жылдары Шақпақата ауылында тұрғанмын. Ол ауылда да бірқатар кісілермен аралас-құралас болдым. Сондай күндердің бірінде ауылдың бір үлкен ақсақалмен (есімін ұмыттым) қасиетті өңірдің табиғаты туралы ұзақ әңгімелескен болатынмын.
Ол кісінің: «Жуалының табиғаты да, азаматтарының да мінез-құлқы ерекше. Бұл өңірде егін салуға да, мыңғыртып мал өсіруге де мүмкіндік мол. Бұл жер шыбық шаншысаң, шынар болып өсетін өлке. Қыста қар мол түседі. Осыған байланысты Жуалының суы да мол. Мына тұрған Мыңбұлақ өлкесінің жер астында 40 метр тереңдікте үлкен теңіз бар. Мен оны көпті көрген үлкен ақсақалдардан естігенмін» дегені әлі есімде.
Мен бұл әңгімені естігенде, оған алғашқыда қатты таңғалдым. Кейіннен дәм-тұзымыз аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан бұйырды. Қазір осында тұрып жатырмын. Мұнда да байқағаным, алғашқы жылдары мен тұратын аймақтағы сайдың бойында (қазіргі №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің айналасы) жер астынан қайнап шығып жататын бұлақтар көп болушы еді. Сол бұлақтардың суын ішсең, мұп-мұздай. Дәмі қандай керемет десеңші… Өкінішке орай, уақтылы көзін тазаламағандықтан, қазір сол бұлақтар бітеліп, суалуға айналып барады. Су көздерін таза ұстаудың экологиялық тұрғыдан маңызы зор.
Өйткені, су – барлық тіршіліктің көзі. Сулы жердің нулы болып келетіні де сондықтан болса керек. Біз болсақ, қартайып барамыз. Өскелең жас ұрпаққа айтарымыз, ең біріншіден, тіршіліктің көзі болған су көздерін таза ұстап, табиғат пен қоршаған ортаны аялау қажет. Сонда ғана деніміз сау, көңіліміз шат болады,- дейді табиғатқа жанашыр көзі ашық қария. Зейнеткер өз сөзінде, өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу ісіне де жергілікті атқарушы органдардың тарапынан көңіл бөлінсе деген тілегін жеткізді. Мұның да қоршаған ортаны қорғаудағы маңызы өте зор екенін жақсы білеміз.
Жуалы – «Мыңбұлақтар мекені», «Жұлдызы биік өлке», «Батырлар мен ақындар туған өлке» деп жұртшылық арасында бекерден-бекер дәріптелмесе керек. Осынау қасиетті өлкеден айдай әлемге әйгілі даңқты тұлағалардың да түлеп, ұшуы – топырақтың қасиеті, осынау өлкенің ауасы мен суының дуалы болғандығымен байланысты екені анық.
Ендеше, әйгілі Шыңғыс қаған ордасын тігіп, Асан қайғы тамсанған қасиетті өлкенің қайталанбас табиғатын қадірлеп, мыңдаған бұлақтарын аман сақтауға атсалысқанымыз дұрыс! Табиғатқа қамқорлық – әрбір отбасынан басталатынын да естен шығармайық!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close