Basty bet

Жедел жәрдем – жанға дәрмен

Аудан тұрғындарына төрт жедел жәрдем бригадасы сапалы қызмет көрсетуде

«Жедел жәрдем» қызметіне адам жаны қысылғанда жүгінеді. Дер кезінде жасалған көмек арқылы талай пенденің тұз-дәмі таусылмай, ғұмырлар жалғанды. Адам өмірі үшін күресте медициналық жедел жәрдем стансасының алар орны бөлек. Жедел жәрдем ауыр халдегі науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, адам өмірін ажалдан арашалайды. Олар науқастарға шын жанашырлықпен қарайды, алайда, өздерінің қызмет бабындағы шектеулі ережелерін сақтауға тырысады. Сол себепті, осы шағын мақаламызда жедел жәрдем қызметінің жұмысы туралы аз-кем ақпарат беріп әңгімелегіміз келеді. Жалпы, жедел жәрдем – өмірге қауіп төндіретін жіті аурулар мен жағдайлар кезінде, сондай-ақ, жазатайым оқиға орнында және жолда денсаулыққа елеулі зиян келтірудің алдын алу үшін шұғыл нысандағы медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесі.

Адам баласының басына төнетін қауіптің саны көп. Соның бірі – аяқ астынан болатын жарақат түрлері. Жөңкіліп жатқан көлік қақтығыстарында, күнделікті тұрмыста, құрылыста, өндірісте, әйтеуір әр жерде, түрлі сипатта, түрлі дәрежеде жарақаттанып, «Жедел жәрдем» қызметі шақырылады. Міне, сондай сәтте жаныңнан табылатын дәрігер білігіне көп дүние байланысты. Ауруханаға жеткізілместен бұрын жасалған алғашқы көмектен бастап, жолда, көлік үстінде, одан клиникаға апарған кездегі жәрдемнің деңгейіне де көп нәрсе байланысты. Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының мәліметінше, 2023 жылы аудан бойынша 11 741 шақыртуға жедел жәрдем қызметі көрсетілген. Ал биыл бір айдың көлемінде 1000 мың шақырту түскен болса, бір күнде орта есеппен 37 жеті шақырту түседі, оның 12-і төртінші санат бойынша аудандық емханаға ауыстырылған. Жедел жәрдем стансасына әсіресе демалыс күндері 50-ге жуық шақырту түседі екен.
Жедел жәрдем қызметін ұйымдастыру бұйрығына сәйкес, ауданда тұрғындарға төрт бригада медициналық қызмет көрсетеді. Оның екеуі Б.Момышұлы ауылында болса, бірі Қызыларық ауылында, бірі Қоңыртөбе ауылында орналасқан. Аталған жедел жәрдем бригадалары орналасқан жеріне байланысты елді мекеннің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Қоңыртөбе жедел жәрдем бригадасы 2018 жылы шыққан автокөлікпен және Б.Момышұлы ауылындағы жедел жәрдем бригадасы 2020 жылы шыққан арнайы екі автокөлікпен қамтамасыз етілген.
Жедел жәрдем жеделдік санатына байланысты медициналық көмек көрсетеді. Яғни, жеделдіктің бірінші санаты бойынша науқастың өміріне тікелей қауіп төндіретін, шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайында шақырған жерге бригада 10 минуттың ішінде жетуі тиіс. Ал, жеделдіктің екінші санатында науқастың өміріне ықтимал қауіп төндіретін, медициналық көмекті қажет ететін жағдайы болса 15 минуттың ішінде болуы керек. Жеделдіктің үшінші санаты бойынша 30 минут ішінде қоңырау түскен мекенжайға баруы керек. Жеделдіктің төртінші санаты бойынша (ағзалар мен жүйелердің кенеттен және айқын бұзылулары жоқ, науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбестен жедел аурудан немесе созылмалы аурудың өршуінен туындаған науқастың жағдайы) 60 минут аралығында жетуі керек. Егер науқастың өміріне ештеңе қауіп төндірмесе, шақыру емханаға төртінші санатқа ауыстырылады және науқасқа жедел жәрдем бригадасы жіберіледі.
Аудандық жедел жәрдем бригадасында жалпы 33 қызметкер жұмыс істейді. Оның төртеуі диспетчер болса, төрт санитарлық тазалықшы және бір аға фельдшер. Ал төрт жедел жәрдем көлігінде 20 көлік жүргізуші ауысыммен жұмыс істейді. Барлық жедел жәрдем көліктері қажетті медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен жабдықталған.
-Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының байланыс орталығы «Көмек» шақыруды басқарудың автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған.
Бұл тәсіл қоңырауды қабылдау уақытын айтарлықтай қысқартуға және шақырудың басымдылығын және қажетті бригаданың профилін анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, қоңыраулар орталықтандырылған. Әрбір жедел жәрдем қызметін шақырған науқастың қоңырауы бақылауда болады. Егер науқастан шақырту түскен уақытта жүйе ең жақын бос бригадаларды таңдайды. Егер жақын жерде бос бригадалар жоқ болса, жақын арада босатылуы тиіс бригадаларды көрсетеді, яғни, диспетчер ең қолайлы бригаданы таңдайды және оған шақыруды тағайындайды. Бұл жүйе науқасқа немесе зардап шеккен адамға келу уақытын айтарлықтай қысқартуға және уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қоңырауды өңдеу уақыты диспетчерге түскен сәттен бастап бес минутты құрайды, бұл уақыт ішінде қоңырау шақырудың жеделдігіне қарай сұрыпталады. Жедел жәрдем шақыруларының жеделдік санаттарының тізбесі бойынша диспетчерден шақырту алған сәттен бастап науқастың орналасқан жеріне бригаданың жету уақыты – 10 минуттан 60 минутқа дейін. Жедел медициналық жәрдемнің диспетчерлік қызметі базасында қоңырауды ауысыммен жұмыс істеп жатқан диспетчер қабылдайды. «Көмек» қоңырауларды басқарудың автоматтандырылған жүйесі «қоңырауларды қабылдауды тіркеу» жүйесімен және медициналық көліктердің GPS-навигациясымен біріктірілген. Бұл пациенттің мекенжайына баратын бағытты автоматты түрде таңдауға мүмкіндік береді және келу уақытын қысқартады,- дейді аға фельдшер Гүлфайруз Смайылқызы.
Жедел жәрдем қызметі денсаулық сақтау саласының үлкен құрылымы болып саналады. Олар аудан тұрғындарының бәріне бірдей тегін алғашқы көмек көрсетеді. Өйткені алғашқы көмекке жүгінетін тұрғындар саны қазіргі таңда анағұрлым көбейген.
Жедел жәрдем қызметін де жұмыс істейтін фельдшелер бес жыл сайын біліктілігін арттыру үшін оқуға жіберіліп отырады. Ал екі жыл сайын дәрі-дәрмекті қалай қолдану керектігі туралы сабақтарға қатысады. Жылына бір рет аудандық емханаға келіп емтихан тапсырып отырады екен.
Жуалы аудандық жедел жәрдем бригадасы Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының бірінші қабатына орналасқан. Аудан тұрғындарына төрт бригада барынша медициналық көмек көрсетуде. Барлығы білікті әрі өз істерінің маманы.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close