Basty bet

Қоғамның ізгілігі – адалдық пен бірлікте

2022 жыл ел өмірінде үлкен саяси оқиғалармен ұштасып отырғандығы көпке аян. Тәуелсіз Қазақстан қоғамына саяси реформалардың қажетті­лігін тереңнен түсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескі саяси жүйеден алшақ кетіп, Әділетті Қазақстанды құруға негізделген оң қадамдары ілгері қарай сәтімен жылжи түсуде.
Ізгілікті әріден ойлаған ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби «Қоғам ізгіленбей, оның саяси билік тұтқасы ешқашан ізгілен­бейді» деген екен. Міне, елі мен ұлты­на ізгіліктің дәнін сеппек болған Қ.Тоқаев та «тар жолда» қараң­ғыдан халқына жарық іздеп отыр. Қателігі қар астында қал­ған кешегі күннен кінә іздемей, бола­шаққа бүгіннен сәулелі жол іздеу­дің қамын жасауда. Бір адам емес, тұтас ұлт болып ойланатын, ал­ды­мызда тұрған баламасы ұлттық си­пат­қа негізделген тура жолды таң­дау мақ­сатын сергек сезінер кез келді.
Көпке ой тастаған кешегі ұлт дүл­дүлдерінің бірегейі, Абы­лай зама­нының даңқты батыры, артында саралы сөздер қалған Шақшақ Жәнібектің «Билік айтқан оңай, біліп айтқан қиын» деген мәні терең сөзі ел назары­­нан түспей, жұрт жадында қал­ған екен. Меніңше, осы бір мәртебелі сөз бүгінгі Мемлекет басшысы саясатын да дөп басып отыр десек, артық айтқандық емес шығар. Сондықтан, барша қазақ­стандықтарға бүгінгі күн­нің терең саясаткерінің бағалы баста­ма­ларынан ертеңгі күннің бекем сая­сатын көруге ұмтылғаны әсте жөн шығар.
Әрине, бұл саясаттың нақ шешімін «сайлау шешеді» десек қателесеміз, бірақ бұл науқан қазіргі таңда жаңа­шылдық пен ашық қоғам құруға апарар жалғыз тетік екені де айқын. Өйткені ол ұлт мұқтаждығын, халық қалауын, саяси жүйе қажеттілігін шешетін құрал. Сондықтан кезектен тыс президент сайлауын еліміздегі сая­си, әлеуметтік, экономикалық ахуалдарды бірізді және табанды даму стратегиясының алғышарты деп қабылдау өте орынды. Өйткені демо­кратиялық ізгіліктерге басым­дық беріліп отырған бүгінгі сая­сат – қо­ғамда плюрализм пен пікір ер­кін­дігінің және әлеуметтік әділдіктің берік іргетасын қалауды мақсат тұтып отыр.
Бұл стратегиялық қадам­дар­дың басы Қ.Тоқаев ел тізгі­нін ұстаған 2019 жылдан жүйелі түрде қолға алынған еді. Ал «Қасіретті қаңтар» барлық қолға алын­ған реформаларға саяси тұр­ғыдан қарауға басқаша мәж­бүр етті. Дегенмен Мемлекет бас­шы­сының бастамасымен артта қалған қысқа мерзімде атқарылған өрелі істер бүгінде өз нәтижелерін беруде. Ол туралы отандық және халық­аралық сарапшылар мен саясат­керлер, экономистер мен әлеу­меттанушылар өздерінің лайықты бағаларын да беріп отыр. Сол саяси және экономи­ка­лық жүйені жетілдіре түсу үшін Ата Заңымызға іргелі өзгерістер ен­гізу мақсатын­да бүкілхалықтық референдум өткізілді, сонымен қатар экономикалық даму үрдісінің мүлдем өзгеше қадамдары жүзеге асуда, оның сыртында Қазақстан халқына аса үлкен стратегиялық бағыттарды айқындаған жаңа қыркүйек Жолдауы жасалды. Енді міне, осы жылдың 20 қарашасына белгіленген маңызы зор саяси науқан да бастау алды.
Ең бастысы, Қ.Тоқаев супер­прези­денттік басқару жүйесі­нен арылуға барынша мүмкін­дік жасап, бүгінгі таңда «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты ұзақ ­­мерзімді формула жаңа си­патқа ие болды. Өйткені ор­талық мемлекеттік органдарды оңтайлан­дыру арқылы жергі­лікті атқарушы билік органы­ның өкілеттілігі тың серпінге бағыт­талды. Мемлекет бас­шы­сының бұл формуласын бү­гінде бүкіл халық қолдап отырған­ды­ғын ашық айтуға болады. Деген­мен, бұл саяси қадамның қоғам дамуы­на берер оң нәтижесі әлі де алда.
Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы еліміздің ішкі және сыртқы саясатын тиянақ­ты орнықтыру мен қоғамдық-саяси даму жағдайының түпкі темірқазығына айналар нағыз демократиялық үрдістің айнасы болуымен ерекшеленбек. Бұл ашық әрі жаңашыл саясаттың үлгісі болмақ. Бүгінгі күрделі әлемдік геосаяси жағдайлар тұрғы­сынан алып қарағанда, алдағы сайлау әрине, уақыт талабы, заман сұраны­сы! Өйткені егемен еліміз – қазіргі таң­да жаһан санасатын, төрткүл дү­ние есептесетін бейбіт өмір қағи­да­тын ұстанған дербес мемлекет.
Жасыратыны жоқ, Мемлекет басшысы төрткүл дүние кеңіс­тігінде қымбатшылық пен жұмыссыздық белең алып, бұл жағдай біздің де төбемізде тұрған­да оны шешудің оң қада­мын нақты­лап отыр. Ендігі мақсат – ұлт мүд­десін, мемлекет қамын ойлаған ел Президентінің бар­лық саяси және экономикалық рефор­­ма­ларының түпкі нәти­жесіне үміт артып, үлкен сеніммен қолдау. Пре­зиденттің ең басты ұстаны­мы –халық­тың билікке деген сенімін орнық­тыру. Өйт­кені ол барлық сая­си сын­дар­лы реформаларды және эко­номи­­­ка­лық игіліктерді, батыл ше­шім­дер­ді халық игілігі үшін жасап отыр. Ұлт тәуелсіздігінің тұғы­рын берік сақтай отырып, мемле­кеті­мізді өркендету – ерекше толған­дыратын өзекті мәселе.
«Жалғыз ағаш орман болмайды» деген аталы сөз бар. Бірлік пен ынты­мақты, татулық пен достық пейілді арқау еткен Ұлы дала аманатына адал болып, елін бірлікке жетелеп келе жатқан Қ.Тоқаевтың төң­і­регіне топтасып, жұрт болып сенім білдіру бүгінгі таңда аса қажет. Әрине, сайлау – тұтас ұлтқа сын. Ендігі мақсат сол сыннан сүрінбей өтіп, көк туды лайықты Ердің қолына беру! Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейханның «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек» деген ұранды сөзі барша қоғамнан сергектікті күтіп отыр. Шын мәнінде барша қазақстандықтардың бүгінгі бойын да, ойын да сілкіндіріп, тұрпаттағы тұлғаның салиқалы саясатына үн қосар кез келді.
Барша қазақ ұлтының төрінде отырып, әділ төрелігімен әйгілі болған Төле би кер замандағы қинал­ған сәттерінің бірінде «Саяқ жүрген таяқ жейді» деген екен. Міне, мынандай аса күрделі геосаяси заман табал­ды­рығында тұрған қай ұлт болсын, саяқ жүруден аулақ болып, бар жетіс­тігін тұрақты бірліктен іздеп отыр­ғаны белгілі. Біздің еліміздің де ол саясаттан сырт қалар жайы жоқ. Сондықтан да, Қазақстан үшін қараң­ғыны жарық етер сол берекелі бірлік біздің түпкі туымыз болары ақиқат.
Бағаналы бірлік жолында мұраты­мыз асыл болып, берекелі үйіміз, мере­келі күйіміз, ырыс дарып, бақ қонған киелі туған жеріміз тұтас болсын. Тәуелсіз еліміздің шаңырағы шай­қалмай, төрге шығар ана тіліміз бен көк құрақтай жайқалып өсіп келе жат­қан ұрпағымызға көңіл толар күн сәулесін төксін!

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Мәжіліс депутаты

Таңдаулы материалдар

Close