Basty bet
Өңірдің экономикалық дамуында өсім бар
Ендігі кезекте тұтастай өңірдің күнделікті тыныс-тіршілігі мен болашағына қатысты мәселе ретінде экономикалық даму қарқыны туралы әңгімелесек дейміз. Айта кетейік, өңірдің дамуы ең алдымен сол өңірді басқарып отырған басшының ұйымдастырушылығы мен іскерлігіне тікелей байланысты екені анық. 2022 жылдың ортасынан бастап Жуалы ауданына Жалғас Мұртаза әкім болып тағайындалғалы бері өңірде біршама жұмыстар атқарылды. Өңірдің дамуына бағытталған жүйелі әрі жоспарлы жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ.
Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің және 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспарының 2022 жылдың қорытындысымен орындалуында өткен жылы ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 83 миллиард 932 миллион теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға артық орындалып отыр. Ал өнеркәсіп саласында 14 миллиард 695,1 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 55 миллиард 904,8 миллион теңгені құрап, меже 107,5 пайызға теңескен. Аудандағы өнім өндіруші кәсіпорындар «AQMOL-2025» ЖШС, «CMTC» ЖШС және «LF company» ЖШС-ның өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуларына байланысты жыл соңында өнеркәсіп өнімінің көлемі 100,2%-ға орындалды.
Ауданның тыныс-тіршілігі негізінен ауыл шаруашылығымен байланысты екенін жоғарыда айтқанымыздай, бұл ретте ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі былтыр жоспардан 18,7%-ға артық орындалған. Ауылдық округтер бойынша егілген егістік алқаптар толығымен жиналып, ауыл шаруашылығы саласының нақты индекс көлемін орындауға агроқұрылымдар арасында жоғары өнім алу барысында қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы өнімдері туралы таратып айтсақ, егістік алқабы 2021 жылмен салыстырғанда (92,2 мың гектар) 2,3 мың гектарға көтерілген (94,5 мың гектар).
Өңірдің дамуы негізінен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына байланысты екені анық. Осы орайда ауданда «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобалардың санын арттыру көрсеткіші толық орындалып, нәтижесінде 106 жоба іске асырылды. «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасымен ұсынылған жобалардан ауданда барлығы 9 жобаны жүзеге асыруға 1 млрд. 114,6 млн теңге қарастырылып, ол қаржыға үш орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, екі ауылда дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал жолдарды орташа жөндеуге 64 млн. 889 мың теңге қаржы қарастырылып, Ақбастау ауылындағы Төле би, Қойгелді көшелерінің жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған.
2022 жылы ауыл шаруашылығы саласында 15 жоба жоспарланып, оның 14-і орындалды. Ауданда одан бөлек, 29 бюджеттік инвестициялық жоба іске асырылып, осының нәтижесінде, 189 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы 29 жобаның құны 4 млрд. 756 млн теңге. Ауданда тұрғын үй саласы бойынша былтыр 1 жоба, инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу бойынша 6 жоба жүзеге асырылды.
Өңір басшылығы жас мамандарды мемлекеттік қолдау жұмыстарын да басты назарда ұстап келеді. Бұл бағытта былтыр республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін берілетін бюджеттік кредиттер 144 900,0 мың теңгені құрады.
Жалпылама айтқанда, жарқын болашаққа бет түзеген Жуалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай өсім бар. Бұл бағыттағы жұмыстарға өңір халқы бір кісінің баласындай атсалысып, ауданның дамуына мол үлесін қосып келеді. Жүйелі жұмыстардың ары қарай да жалғасатынына сенім мол.