Basty bet
Иманды болу – барша мұсылманның міндеті
Имандылық араб тіліндегі нану, сену деген мағынадағы иман сөзінен шыққан. Ислам дініндегі бес парыздың бірі. Оның мәнісі – Алланың жалғыз екеніне, одан басқа алланың жоқтығына сену. Әдетте, ол дін жолынан қия баспауды, ар-ождан тазалығын, обал-сауап талаптарын сақтауды, қылдай қиянат жасамауды, қайырымдылықты, адалдықты жинақты түрде көрсететін адамгершілік ұғым атауы болып табылады.
Имандылық пен әдептілік бір-біріне балама ұғымдар емес. Бірақ олардың арасында тығыз байланыс, табиғи шарттылық бар. Өйткені екеуінің негізінде де ізгілік пен ар-ұят жатыр.
Иман дегеніміз – сенім. Имансыз сөзі – сенімі жоқ дегенді білдіреді. Шынында да, еш нәрсеге сенбейтін, яғни сыйынбайтын, ешбір шарапаттылықты, ізгілікті мойындамайтын адамнан асқан азғын, қауіпті нәрсе бола ма? Адамға керегі ішу, жеу ғана емес. Бір нәрсеге сеніп, сиынып өмір сүру оның табиғатына тән. Ол солай жаратылған. Адам ақылды, қайратты да тәжірибелі, сонымен қатар әлсіз, уайымшыл. Өйткені оны өзінің құдіретті санасы қинайды, алда не болатынын ойлауға мәжбүр етеді. Сол кезде ол өз әлсіздігін, шарасыздығын сыйынумен, сенім-иланыммен толықтырады. Сеніммен күн кешу адамға жеңіл болады. Сондықтан адамдардың сеніміне нұқсан келтіру – үлкен әдепсіздік. Адам мен адам арасында пікірталас, айтыс-тартыс болуы мүмкін, алайда оның сеніміне тиісу жарамайды.
Сенім, соған байланысты иман ұғымы діни дүниетанымнан туған. Ол, тұтастай алғанда, жанды-жансыздың пайда болу себебі, адамдардың бұл дүниелік және ол дүниелік тіршілігі, жаратқанның алдындағы, бір-бірімен қарым-қатынастағы парыздары мен міндеттері, оларды өтеу мен өтемеудің салдардары туралы тұтас бір жүйе болып табылады. Ғасырлар бойы адамзат қоғамы сол жүйенің аумағында ғұмыр кешіп келеді.
Адам сенімсіз, үмітсіз, армансыз өмір сүре алмайды. Олай болса, адамға шынайы сенім, дұрыс көзқарас қажет. Сонда адам неменеге сену керек? Адамда ождан бостандығы болуға тиіс. Осы арада бір айта кететін жайт, бізде кейде ождан мен иманды бір-бірімен шатастырушылық кездеседі. Имансыздық дегенді ұятсыздық, ождансыздық деп түсінеді. Иман жүзді деп – ізгі-ілтипатты, тура сөзді, мейірімді адамды айтады. Бұдан дін мен әдеп-инабат ұғымдарының тоғысып кеткені көрінеді. Өзіндік мәні жөнінен ождан дегеніміз – адамның өз іс-қылықтарын өзінің іштей таразылап, басқаларға қатынасы жағынан әдеп-инабат талаптарын сақтау жауапкершілігін сезінуі және өз іс-әрекеттерінің дұрыс немесе бұрыстығын қоғамдық көзқарас тұрғысынан қадағалап, тексеру болып табылады. Ал ождан бостандығына келсек, ол-адмның әдеп-инабат талаптарын басшылыққа ала отырып жасайтын іс-қимылдары.
Қорыта айтқанда, біздің жастарымызды жақсылық сенім рухында, рухани табандылықа, өмір шындығынан туындайтын үмітке тәрбиелеу – зор міндетіміз.
Әділет Толыбаев,
Мыңбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-
қаржы агенті