Basty bet

Сот төрелігінің әділдігіне деген сенімділік артып келеді

Аудандық сотта сот жұмысының 2023 жылдың қорытындысы бойынша сот төрағасы Бабырхан Абуевтың төрағалығымен брифинг өтті. Брифинг барысында сот төрағасы өткен жылдың 12 айында сотқа 566 талап қою түскенін, оның ішінде 532 аяқталып, 288 іске шешім шығарылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, өткен жылы 107 азаматтық іс медиатордың қатысуымен және 12 азаматтық іс тараптардың бітімгершілікке келуіне байланысты тоқтатылғанын, 498 тұлғаға қатысты 498 әкімшілік іс қаралып, оның 78-і медиация тәртібімен аяқталғанын, есептік кезеңде 66 тұлғаға қатысты 59 қылмыстық іс қаралып, 48 тұлғаға қатысты 42 айыптау үкімдері шығарылғанын айтып өтті.
Сот төрағасы аудандық соттағы жыл бойына атқарылған жұмыстарды айта келе, сот жүйесіндегі жаңашылдықтар мен реформалар туралы да кеңінен баяндады. Яғни, 2023 жылы Парламентпен жаңа Заңдар қабылданғанын атап өтіп, онда істерді апелляциядан I сатыға қайтаруға тыйым салуына, аудандық соттар төрағаларын сайлауына, судьяларға қауіпсіздік күштерінің қысым тұтқалары алынып тасталынуына тоқталды. Сондай-ақ, әкімшілік органдар басшыларының жауапкершілігі күшейтілгенін, балалардың мүдделерін қозғайтын отбасылық даулар ювеналды соттарға жіберілетінін, мемлекеттік бажды төлеу бойынша кейінге қалдырылатынын, барлық кадр мәселесі ЖСК-ге берілгенін де жеткізді.
Брифингте сот төрағасы ҚР Жоғарғы Сотымен жұмыстағы Заң жобалары жасалғаны туралы да айтты. Мәселен, «Үздіксіз» кассацияны енгізу, тәртіптік іс қозғаудың жаңа механизмі, судьяларды бағалау көрсеткіштерін оңтайландыру, әкімшілік сот төрелігінің аясын кеңейту және әкімшілік істер бойынша экстерриториялық соттылық, әкімшілік рәсімдердің біркелкілік принципі енгізілуі, заңгерлер үшін Сот төрелігі академиясына кіру секілді жаңашылдықтарды түсіндірді. Сот жүйесіндегі тағы да бір жаңалық – ол кассациялық соттарда бірыңғай қайта қарау процедурасы енгізілетіндігін де баса айтты.
-Өткен жылы аудандық сотта көптеген жұмыстар атқарылды. Бастысы, азаматтардың құқықтары көбірек қорғалуда. Азаматтар ҚР ҚПК-ның 106-бабы бойынша арыз-шағым түсіруі көбейген. Азаматтардың тергеу органдарының іс-әрекетіне жалпы республика көлемінде шағым беру, көпшілік арасында тергеушіге, прокурорға деген сенбеушілік артқан. Керісінше, сот төрелігінің әділдігіне деген сенімділік артқан. Жалпы аудандық сотта тұрғындар өзара бітімгершілікке келіп, медиатордың да көмегіне жүгінуде. Азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдау да өткізілуде. Алдағы уақытта да азаматтардың құқықтарын қорғау жұмысы өз жалғасын таба бермек,- деген аудандық соттың төрағасы Б.Абуев брифингті қорытындылады.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close