Basty bet
Мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет!
Құрметті мемлекеттік қызметшілер және қадірлі әріптестер!
Сіздерді кәсіби мереке – Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік қызмет дегеніміз – халықтың сенімін ақтау, ұлтымыздың абыройын асырып, асқақтату деген сөз. Әрбір өркениетке құлаш ұрып, оған қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер екені белгілі. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеріп, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметкер – мемлекеттің айнасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет туралы халыққа үндеу сөзінде: “Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес”,- деп ерекше атап өткені белгілі. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге мемлекет тарапынан да, халық жағынан да айрықша жауапкершілік пен маңызды міндет жүктеледі.
Ауданымыздың әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алға басуы да көп жағдайда мемлекеттік қызметшілердің жанкешті еңбегінің жемісіне байланысты. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында ғана қасиетті өңірімізбен қатар, еліміз де табысы молайып, гүлденген мемлекетке айнала алады.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отыра, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік, елімізге тыныштық тілеймін! Отанымыз – Қазақстан Республикасының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметтеріңіз жемісті болсын!
Ізгі тілекпен,
аудан әкімі Жалғас МҰРТАЗА