Basty bet

Сұрым ауылында медициналық пункт ашылды

Күні кеше Қызыларық ауылдық округіне қарасты Сұрым ауылында бес келушіге арналып соғылған медициналық пункттің ашылу салтанаты өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында қабылданған “Ауылда денсаулық сақтауды жақсарту” пилоттық жобасының аясында тұрғындар игілігіне берілген заманауи ғимараттың құрылысын “Нұр Тұрсын” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Айта кету керек, аталған пилоттық жоба аясында өткен жылы ауданда екі медициналық нысан пайдалануға берілсе, биыл бес ауылдан медициналық нысан соғу жоспарланған.
Бүгінгі таңда ауданда бір емхана, үш фельдшерлік-акушерлік пункт, 34 медициналық пункт, 8 дәрігерлік амбулатория аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде.
Медициналық пункттің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауылдықтарды қуанышымен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
-Құрметті ауыл тұрғындары!
Бүгінгі күні ауылдарыңыздан ашылып отырған денсаулық сақтау ғимараты құтты болсын!
“Ауылда денсаулық сақтауды жақсарту” пилоттық ұлттық жобасы аясында салынған ғимарат тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін арнайы медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Бөлмелері кең, жарық әрі жылы.
Заманауи ғимарат халық игілігіне ұзақ жыл қызмет ете берсін!- деді Жалғас Әлижанұлы.
Сөз кезегін алған Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова ғимараттың ел Президентінің тікелей тапсырмасымен шалғайдағы ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғау, жақсарту, өмір сүру жасын ұзарту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында салынғанын айта келіп, ауыл тұрғындарын ғимараттың ашылуымен құттықтады.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев та ауыл тұрғындарын, медицина саласының қызметкерлерін ғимараттың ашылуымен және Рамазан айымен құттықтады.
Ал, денсаулық сақтау саласының ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев саланың тарихына аз-кем тоқталып өтті.
-Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары саладағы жағдай қандай қиын еді?! Ауылдағы қызметкерлер мектептің, әкімшіліктің бір бөлмесінде қысылып, қымтырылып жұмыс істеді. Жылу да, жарық та жоқ кездер болды.
Соңғы 10-15 жылдың көлемінде қаншама жаңа заман талабына сай ғимараттар бой көтерді. Олардың барлығы қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұл игіліктер Тәуелсіздігіміздің жемісі. Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлудегі мақсаты – мемлекет байлығы халықтың денсаулығын сақтау, нығайту, аурудың алдын алу, қызмет көрсету сапасын арттыру,- деді Сейітхан Шерелханұлы.
Қызыларық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Садиров жылдан-жылға ауылдардың жағдайы жақсарып келе жатқанын мақтанышпен жеткізіп, халықты ынтымақ-бірлікке, бір-бірін құрметтеуге және адал еңбек етуге шақырды.
“Нұр Тұрсын” ЖШС-ның өкілі аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаевқа ғимараттың символикалық кілтін салтанатты жағдайда тапсырды.
Шара соңынан ғимараттың лентасы қиылып, ауылдағы ақ жаулықты жеңгелер тәттіден шашу шашты.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close