Basty bet

ӘДЕП КОДЕКСІН САҚТАУ – МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ МІНДЕТІ

Қазіргі таңда, мемлекеттік қызметшінің іс-әрекетіне, әдебі мен мінез-құлқына үлкен мән берілуде, яғни, қоғамдық бақылау күшейіп отыр. Бүгінде түрлі әлеуметтік желілер қарапайым халық өз пікірін ашық айта алатын бірден-бір құрал болып табылады. Демек, әлеуметтік желілер арқылы қоғамның өзекті мәселелерін, мемлекеттік қызметшінің тарапынан қандай ерсі қылықтар орын алып жатқанын көруге болады.
Қазіргі заманның мемлекеттік қызметшілері қоғам тарапынан қойылатын талаптарға сай болуы тиіс. Себебі, олардың басты міндеті – азаматтардың қоғамдық мүдделері үшін қызмет ету. Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші әрқашан қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметін кәсіби, жоғары дәрежеде көрсете білулері тиіс.
Әрбір қазақстандық мемлекеттік қызметші өз қызметінде мемлекеттік қызметтегі мінез-құлық қағидаларын реттейтін Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін басшылыққа алуға міндетті. Кодекске сәйкес, олар жоғары кәсіби, адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауға тиіс.
Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға, адамгершілік бағыт-бағдар беруге арналған.
Оның мақсаты – мемлекеттік қызметшінің өз жұмысының маңыздылығына сенімділігін арттыру және кодексте көрсетілген барлық қағидаларды сақтай отырып, мемлекеттік қызметтің жарқын үлгісі болғанына мақтаныш сезімін қалыптастыру. Әдеп кодексі талаптарын қатаң сақтау мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың азаюына ықпал етеді. Әдеп кодексінің нормаларын түсіндіру мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуының маңызды құрамдас бөлігі саналатындықтан ол, кәсіби әдеп пен іскерлік әдеп саласында қажетті білім деңгейін, оларды кәсіби қызметте пайдалану дағдыларын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік қызметшіге Әдеп кодексін сақтау өте маңызды. Себебі, ол тікелей адамдармен жұмыс істейді және әртүрлі әлеуметтік топтағы адамдармен қарым-қатынас жасайды. Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің сыртқы бейнесі, киім-киісі, қимыл әрекеттері, сөйлеу мәнері, ой-пікірі, жеке қасиеттерінің барлығы мәдениеттің үздік үлгісіне айналуы керек. Еліміздің ертеңі – бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің парасаты мен ар-ожданына және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, елге адал, абыройлы қызмет ету баршамыздың борышымыз.

Айнұр Ұлтарақова,
аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің
бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close